- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Ай көрдім, аман...
Ай көрдім, аман көрдім...
Ұлтымызда жылдың әр айы аяқталып, жаңа ай туғанда "Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа" деп өткен айдан аман шыққанына тәуба қылып, жаңа туғанынан үміт күтетін ырым бар.
Бұл сөзді жаңа туған айды көргенде айтады. Айдың алғашқы жеті тәулігін "бір жаңасы – жеті жаңасы" деп санамалап, сегізінші тәулігінен бастап "бірінші ширегі" дейді. Бұл жеті-тоғыз тәулікке созылады.
Одан кейін толған ай, яғни, айдың толық көрініп, бұлтсыз күндердің сүттей жарық болатын кездері өтеді. Бір жетіден кейін ай кеми бастайды. Бұл – айдың соңғы ширегі. Айдың кеш туатын осындай шағын халқымыз "айдың қорғалауы" дейді. "Ай қараңғы, таң жарық", "айдың қараңғысы" дегендер де – осы айдың таусылар кезі.
Ал айдың өларасы – ескі айдың бітіп, жаңа айдың көрініп үлгермеген шағы.
Жаңа туған ай шалқасынан жатса, "өзіне жайлы, халыққа жайсыз", ал егер тіке тұрса, "халыққа жайлы, өзіне жайсыз" деп болжам етеді. Яғни, айдың ашық не жауын-шашынды, боранды болу-болмауын болжайды.
Қ. Слямбек