- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Асан қайғының нақыл...
Асан қайғының нақыл сөздері
Дала данышпаны ретінде танылған Асан қайғының рухани мұралары халық санасында сақталған. Бүгін ақын, жырау, философ, халық арасында Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлының түрлі тақырыптардағы нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Қилы заман болмай ма – суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?!
Әй, ха мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Жайылып жатқан жерің бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай,
Елеуреп неге сөйлейсің.
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп...
Мұны неге білмейсің?
Ашу-дұшпан: артынан түсіп кетсең қайтесің түбі бір терең қуысқа.
Көшіп-қонып көрмеген – жер қадірін не білсін, көшсе қона білмеген, қонса көше білмеген, ақылыңа көнбеген – жұрт қадірін не білсін?!
Ойыл деген – ойың-ды, отын тапсаң – тойың-ды.
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас – жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады.
Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін, санасы жоқ жамандар ел қадрін не білсін.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер.
Еділ бол да, Жайық бол – ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тис – жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас көңілі қалған аразға.
Ғылымның қандай пайдасы – білместі жолға салмаса.
Атадан алтау тудым деп – асқынып жауап айтпаңыз,
Атамның малы көп-ті деп – атты басқа тартпаңыз.
Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.
Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.
Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.
Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа.
Ақын болса біреуде, айыбын тап та ала бер: ерегісіп ұрыспа, сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға – енді қайтіп жуыспа,
Тәуір көрер адаммен – жалған намыс қуыспа.
Арғымағың жамандап – тұлпар қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.
Көлдің суын жамнадап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Өз барыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.
Адам әзіз айтар деп – көңіліңді салмағын,
Нәпсі алдаушы дұшпанның өсиетін алмағын.
Есті көрсең кем деме – бәрі тұйғын табылмас,
Жамандағанға жат болмас бірге туған қарындас.
Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.
Күнінде өзім болдым деп – кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып – достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп кеңессіз іс бастама,
Жеңемін деп біреуді өтірік сөз қостама.
Қадірін жеңге білмесе – бой жеткенмен қыз ғаріп,
Замандасы қалмаған қария болар – шы ғаріп.
Ата жұрты, бұқара өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да, қайратты туған ер ғаріп.
Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.
Шамаңша шалқып жүре бер – қабірге әзір қоймаса,
Артыңда қалар атақ жоқ – тіріде даңқың болмаса.