Белгілі ақын, жырау, философ, әрі мемлекет қайраткері, халық арасында Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлының түрлі тақырыптардағы нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
* Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа.
* Ердің құны сөз емес есебін тапқан сабазға,
Мойнын бұрып сөз айтпас, көңілі қалған аразға.
* Мінезі жаман адамға енді қайтып жуыспа,
Тәуір көрер адаммен жалған намыс қуыспа.
* Еділ бол да, Жайық бол ешкімменен ұрыспа,
Жолдасыңа жау тисе жаныңды аяп тұрыспа.
* Бұ заманда не ғаріп – ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.
* Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса,
Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса.
* Есеніңде-тіріңде бір болыңыз бәріңіз.
* Ғылымның қандай пайдасы білместі жолға салмаса.
* Ақың болса біреуде – айыбын тап та ала бер, ерегісіп ұрыспа: сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа.
* Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін,
Санасы жоқ жамаңдар ел қадірін не білсін.
* Арғымағың жамандап – тұлпар қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап – сұңқар қайдан табарсың.
* Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар,
Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар.
* Надандықтың белгісі – тілін алмау білгеннің.
* Ойыл деген – ойың-ды,
Отын тапсаң – тойың-ды.
* Көшіп-қонып көрмеген –
Жер қадірін не білсін.
Ақылына көнбеген –
Жұрт қадірін не білсін.
* «Атадан алтау тудым», – деп асқынып жауап айтпаңыз,
«Атамның малы көп-ті» – деп атты басқа тартпаңыз.
* Ашу – дұшпан: есептесіп қуыспа, түсіп кетсең қайтесің, түбі терең қуысқа.
* Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың,
Әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың,
Жасығыңды жамандап – асыл қайдан табарсың.