- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Анахронизм деген не?...
Анахронизм деген не?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін, 25 маусым күні, қазақстандық баспасөзде ресми сұхбаты жарияланды. Онда мемлекет басшысы мәдениет пен елдің саяси-әлеуметтік мәселелеріне тоқталып, әр салаға қатысты ой-тұжырымдарын бөлісті.
Сөз арасында қазақ тілінің тарихи сабақтастығы жайында сөз қозғап, оны көтерудің, заманауи тілге айналдырудың жолдары жайында баяндаған. Мәселен, мемлекеттік тілді көтеру жайында "біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби білігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс" деп пікір білдірген. Мұндағы анахронизм ұғымы көпшілікке түсініксіз болуы мүмкін. Өйткені ғылымда ғана қолданылатын терминологияның мағынасы әр жерде әртүрлі.
Жалпы, анахронизм – өнер мен мәдениетте, әдебиетте қолданылатын ұғым. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде анахронизмге "белгілі бір дәуірде болған оқиғаларды қателесіп немесе шартты түрде басқа бір дәуірге телу" деген анықтама берілген. Гректің аnachonismos сөзінен шыққан (ana – кері, артқа, қарама-қарсы, chronos – уақыт).
Әдебиет терминдерінің сөздігінде: "Анахронизм – әдеби шығармада өткен дәуірді бейнелегенде одан кейінгі уақытта болған оқиғаны, кейін пайда болған заттарды немесе әдеби шығармада кейінгі кездерге тән сипат-белгілерді байқамай не әдейі бір мақсатпен келтіру" деп анықтама берілген.
Анахронизм орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуіріне, классицизмге тән дүниелерде (өнер мен мәдениет) жиі кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, анахронизм дегеніміз – өткен дәуірдің белгілерін жаңа заманда қолдану.
Ал ауыспалы мағынада артта қалушылық, ескінің қалдығы, жаңа заман дүниетанымына сай келмейтін, өткен заманның көзқарасымен жүретін, көнерген көзқарас сынды мағыналарда қолданылатын. Ал жоғары келтірілген үзіндеде президент қазақ тілін білмейтін, сөйлесе алмайтын мемлекеттік қызметкерлерге "артта қалған, дүниетанымы ескі" деген түсінікпен қарау керегін меңзеп отыр. Яғни, қазақ тілі заманауи, мода тілге айналуы тиіс те, ал оны білмейтіндер заманнан қалған, ескішіл деген түсінік қалыптасуы қажет дегенді ұсынған.