- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Алған жарың жақсы...
Алған жарың жақсы болса
Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп тамашалап, жүре қоймай отырғанда, үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя беріктеу ғана адам екен, Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап былай депті:
Жараңдар, бұл сөзімнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар?
Құданың құдіретіне қарап тұрсам,
Жапалақ үйрек алған бір ісі бар.
Сонда әйел Қазыбектің сөзін түсініп қалып:
Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар,
Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар.
Жапалақ ілген құсын місе тұтпай,
Әлде де қоңыр қаздан дәмесі бар, – депті.
Сонда Қазыбек әйелге риза болып:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Атың жаман болса,
Шыбын жанның азабы емес пе!
Қатын жаман болса,
Бұл жалғанның тозағы емес пе!
Туған балаң жақсы болса,
Тән мен жанның шырағы емес пе!
Мінген атың жақсы болса –
Бұл дүниенің пырағы емес пе!
Алған жарың жақсы болса,
Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе! – депті.
«Қазақтың шешендік сөздері» кітабынан
Н. Айдархан