Көнеден келе жатқан, қазір көп айтылатын сөздердің бірі – "аламан" сөзі. Бәйге мен жарыстың бәрін, әлемдік чемпионаттарды да аламанға балайтын болдық. Ендеше бұл сөздің түп тамыры, нақ мағынасы не, соны қарастырып көрейік.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде "Аламан" сөзіне 2 мағына берілген:
1. Көпшілік, бұқара. 2. Әскер, қарулы топ.
Батырлар жырында бұл сөз жиі кездеседі. Әскери топ, әскери әрекет деген мағынаға саяды. Аламан атауы әскер мағынасын білдірумен бірге, әскери даярлығы жоқ, тек қажеттіліктен соғысқа аттанған, араласқан әскери топты да аламан, әскер, қол деп атаған. Бұл – шабуылға шығатын барлық әскери күштің ортақ атауы.
Түрколог Э.Севортян "Аламан сөзі көне жазба ескерткіштерде кездеспейді, кейін пайда болған" деген пікір айтады. Ал Т.Байжановтың пікірінше, аламан сөзі әскери топ деген мағынаны білдіреді, бірақ бүгінгі күнде әскери термин мағынасын жоғалтқан. Жаңа мағынаға ие болған.
Басқа түркі тілдерінде аламан сөзінің екі мағынасы бар. Бірі – көпшілік, екіншісі – талау, тонау, шабу мақсатында жиналған адамдар.
Аламан, аламанчы сөздері түркімен, әзербайжан, шағатай тілдерінде "тонау, талау, тонаушы, алаушы отряд" деген мағыналарды береді. М.Қашқаридің сөздігінде мұны "шабылдау мақсатымен жиналған топ" мағынасында берілген.
Ал этимолог ғалым А.Махмутовтың жазуынша, аламан сөзі қос түбірден құралған. Ала+ман. Ала – ала, қол, әскер. Ман – адам.
Қазіргі тілімізде ала көз, ала ауыз болу сынды тіркестер бар. Бұларға да "келіспеушілік, қастық, дұшпандық ету" мағыналарын бергенде ала сөзінің семантикасы негіз болған.
Қазақ тіліндегі аламан бәйге сөз тіркесі аттың жүз шақырымға дейін шабатын бәйгесі. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны.
Қорытындылай келе, тіліміздегі аламан сөзі қазіргі уақытта көнерген сөз болып, ертедегі мағынасында емес, көпшілік, халық, жұртшылық дегенді білдіретін мәнде қолданылады.