Бексұлтан Нұржекеұлы әйелдер психологиясына тереңінен қанық. Жазатын тақырыбы да көбінесе сол нәзік жандарға арналады. Әйелдер тақырыбын жазу қиынның қиыны. Жай ғана әйел затын емес, өмірден өткен өнегелі әйелдердің үлгілі іс-қылығын жазады. "Бір әйелдің құпиясы" кітабынан алынған, қанатты сөзге айналған үзінділерді қабыл алыңыз.
Өсек деген – осы күнгі фольклор, оның да өмірде өз ролі бар.
* * *
Әйел шіркіннің ылғи болмаса да, анда-санда күйеуінің сөзіне құлақ асып қойғаны дұрыс. Әйелдің әйел екенін ұмытпай жүруі де жауапкершілік.
* * *
Арызды қазақта әділдік іздегендерден гөрі қызғанған, көре алмаған, қастық ойлаған адамдар көбірек жазады.
* * *
Махаббат ұстаз да екен: құмарлы қызығы, сарғайтқан сағынышы, ауыр мұңы адамды әр саққа үйретеді.
* * *
Бәлкім, білу үшін сұрағанның айыбы жоқ шығар, бірақ маған сұрақ қою деген кей жағдайда сұғанақтық, зорлық сияқтанады. Айтуға тиістісін адамдар бір-біріне былай-ақ айтпай ма?
* * *
Он жеті жас дегеннің не екені әлі есіңізде шығар: өлең де өлең,
өзің де өлең – бәрі өлеңге айналып кеткен кез ғой.
* * *
Қызғаныш та кісісіне қарай: біреуді қырсыққа, біреуді жақсылыққа жетектейді.
* * *
Әйел ешқашан алданбайды, алданып қалғансиды.
* * *
Қылмысты нәпсі істесе, шындықты жүрек істейді.
* * *
Адам адамды өзіне ұқсастықтары үшін жақсы көреді.
* * *
Күнделікті өмірде бәріміз де бір-бір халықтың бөлшегі екенімізді ұмытып кетеміз. Қалай жүрем десем, солай жүрем; қалай сөйлесем өз еркім, менде кімнің қандай жұмысы бар, өзіме өзім қожамын деп тасыраңдап, әрқайсымыздың бітім-болмысымыздан халық, халықтың қасиеті, беделі құралатынын, бет-бейнесі аңғарылатынын ескермейміз.