Абай Құнанбайұлы – қазақтың теңдессіз ойшыл, ағартушы, кемеңгері. Өз сөзім – өзімдікі, керек десе жазып алсын, оқысын деп кірісетін сөзінің екінші ғақлиясын жай ғана қатарластарымен әңгімелесіп отырғандай, жеңіл әзіл түрінде бастайды.
Жыртық тесікке күледінің керін келтіріп, қолдары аузына жетпей отырған кей қазақтарға өзгені кекеткенше, өз халіңді түзеп ал деген насихат білдіреді. Өздері мазақ етіп күлетін елдердің жағдайы анағұрлым жоғары екенін қаперге салып, мысалға келтіреді. Бізге ғибрат ету үшін Еуропа асып, Батыс шарламай, өзіміз күнде көріп, аралас-құралас болып жүрген көрші елдерімізді «тәжік, сарт» деп өзбектерді, ноғайларды, орыстарды алады.
Азиядан шығып, өзге континеттерге сапар шексек, осы шекаралас, жақын-жуық халықтардың өзін бауырдай көреміз. Ал жай күнде қадірін білмей, алдымен кемшілігін көріп, кәкір-шүкір әңгіме айтамыз.
Екінші қарасөзінде осы болымсыз әрекеттен арылып, бос сөзден бойды аулақтап, солардан үлгі үйренуге үндейді. «Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды» дейді. Яғни, орыстың көмегі келмей тұрып, өлген кісіні кебіндейтін матаны да, тіріге кигізетін торқаны да бірінші өзбектер жіберіп тұрғанын еске салады.
Мұнымен өзге елдердің бәрі керемет, қазақ қана артта қалып қойған дегенді меңземейді. Туған халқына жаны ашып, басыңды көтер, еңсеңді тік ұста көзіңді аш дейді.
Қара сөзде «бакалшік ноғай», «шақшы аяғың», «ешбір шаһары жауласпайды» деген тіркестер ұшырасады. Бакалшік – ұсақ саудагер деген сөз, ал шаһари – қала адамдары, шақшы – лас деген мағына береді.