Достық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Мұны жырға қоспаған, тақырыбына арқау етпеген ақын-жазушы кемде-кем. Тіпті, жоқ десек те болады. Соның бірі – ұлы Абай.
Абай - ірі гуманист ақын. Сондықтан ол адам адамды сүйе білуі керек деген идеяны берік ұстады. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абайдың көп өлеңдерінде адам баласы біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып тартылып жатады. «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» деген өлеңінде:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.
Абайдың түсінігінше, ең қызық өмір - татулық, достық. Күн сайын жаулықтың отына май тамызып тұтатушы қоғамның жуан ортасында отырса да, Абай өле-өлгенше достықты жырлаумен болды.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан - бәрі тұл
Доссыз ауыз тұшымас, - деді.
Бұл өлең - ұлы ақынның достықты жыр еткен барлық өлеңдерінің кілті.
****
Адам баласына адам баласының бәрі - дос. Не үшін десең: дүниеде жүргенде туысың, өсуің, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, барар жерің бәрі бірдей... Біріңе бірің қонақ, қонақ соры екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің...
****
Жаман дос - көлеңке: басыңды күн шалса - қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса - іздеп таба алмайсың.
****
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен - сыйлас.
****
Достық – достық шақырады.
****
Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде бірі жетілсе бағанағы досына бітімі жоқ дұшпаны сол болатұғыны қалай?
****
Кей құрбы бүгін - тату, ертең - қату,
Тілеуі, жақындығы - бәрі сату.
****
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең - істің бәрі бос.
****
Жас күнде кімді көрсең - бәрі дос.
****
Жақсы дос - білген сырын сыртқа жаймас.
****
Жау қожандап бұртиып,
Дос құбылып әуре етер.
****
Жауға - мылтық, досқа - ынтық.
****
Досқа - жаз, жауға - аяз.