ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Жосын. Бұл сөз де сирек кездеседі. «Алпамыс» жырында Тайшық хан дуана болып келген қызына:
Берейін саған осыны,
Айуан тілін аңғарар
Сөзінің жота жосыны, –
дейді. Мұндағы жота жосын деген сөздер «сөзінің жөні» дегенді аңғартады. Жосын/йосун сөзі көне түркі тілдерінде «тәртіп, әдет» дегенді білдірген. Қазақ тілінде жосын сөзінің жосық түрі активтеу, ол «жөн, бағыт, жоба» деген мағыналарда жұмсалады. Жөн-жосық болып қосарланып та келеді. Мұның жосын варианты көне жырларда, өткен ғасырларда жасаған кейбір ақын-жыраулардың тілінде оқта-текте ғана ұшырасады. Ал қырғыз тілінде көбінесе жосун түрі қолданылады, мағынасы – «рет, тәртіп, жөн, жосық». Осыдан туған жосуундуу («тәртіпсіз, көргенсіз») деген сөз қырғыздың қазіргі тілінде қолданыста.
Жосын сөзін академик Ә. Марғұлан жора-жосын түрінде өзінің қазақ тілінде жазған еңбектерінде «халық дәстүрі, салты» мағынасында пайдаланады. Сөйтіп, жосын сөзі – жорық сөзінің варианты болып, «жөн, рет, тәртіп» және «әдет-ғұрып, салт» мағыналарында қолданылатын сирек сөздердің бірі.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.