Қазіргі қолданысымызда еңіреу, еңірету сөздері «қатты жылау, егіле жылау» деген мағынада келеді. Ал ескі жырларда, өткендегі ақын-жыраулар тілінде бұл сөздердің «жылау» мәніне мүлде жанаспайтын қолданыстары к(ездеседі. Мысалы, «Қозы Көрпеште»:
Көктайды қарыштатып мен еңіретіп,
Сарала сай кез оқты еңіретті...
Бақа айғырға қамшысын еңіретермін... деген жолдар бар. Бұлардағы еңірету сөзі «зулату, ызғыту» мағынасында қолданылған. Бұл мәндегі еңірету, еңіреу сөздері аңырау, аңырату сөздерінің фонетикалық варианты сияқты. Аңыратып ән салды, ат аңырап келеді дегендер жоғарғы еңірету дегенмен бірдей мағынада келіп тұр. Мысалы «Ер Қосай» жырында:
Алтын ат аңырап келеді,
Баланың исін алады, - деген жолдар бар. Аңырау, аңырату сөзінің бұл күнгі мағынасы «зар ұру, зарлау, күңірену, қатты ағындату, ызғыту, үнді тамылжыту».
Ал еңіреген ер тіркесіндегі еңіреу сөзінде «егіле жылау, зар илеу» мағынасы да, «құйқылжыту, қатты ағындау, ызғыту» мәні де байқалмайды. Бұл, сірә, еңіреу сөзінің – «зар илеу, зар ұру» мағнасынан ауысып, «күңірену, ел үшін, біреу үшін қам жеу» деген ұғымда көбінесе еңіреген ер тіркесіндегі қалыптасқан сөз болу керек. Мұны ел қорғау тақырыбына жырланған эпостар тілінен, Махамбет сияқты ел қамын сөз еткен ақындар тілінен кездестіреміз:
Еңіреп жүрген ерлерді,
Ерендер қашан ескеред. («Алпамыс»).
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім. (Махамбет).