Білік/білек. Ертедегі ноғайлы, қазақ жырауларының бірі Ер Шобанның тілінде:
Сыпайшылық бұ-ды деп,
Ала білек оқ салған, - деп келетін жыр жолдары бар. Мұндағы білек сөзі түсініксіз. Бұл сөз көне жырлардың өзінде өте сирек ұшырасады. Сондықтан бір жерде білек, бірде білік, тіпті енді бір жерде бұлық (дай) деп жазылып жүр. Соңғы тұлғаға қарай зерттеуші Ә.Қайдаров бұл сөзі жай оғының ағаш сабын білдіреді деп табады. Біздің байқауымызша, «Алпамыс» жырындағы:
Сырым саған түзу-ді
Садаққа салған бұлыңдай, - деген жолдардағы бұлыңдай тұлғасы қате жазылған. Өзге де осы мағыналы жолдармен салыстырсақ, бұл сөз білікдей болуы керек: арабша жазылуда дауысты дыбыстың ы-і, ұ-ү, о-ө болып оқылуы шартты, контекске қарай кез келгенін қойып оқуға болады, ал соңғы жұрнақтың –дей түрінде жазылуы да араб әрпімен жазудың емлесіне байланысты: қазақ сөздерін арабша жазғанда, дауыссыздардың қатаң-ұяң болып келуі сақтала бермеген. Қазақ эпостары ең алғаш хатқа араб жазуымен түсті, қазіргі басылымдары – сол арабша графикадан көшірілген нұсқалар. Ә.Қайдаров білік сөзінің мағынасын дұрыс тапқан тәрізді. Контекске қарағанда білік - жақ оғының сырланатын, қырланатын ағаш жағы. Қазақ тілінде білік ағаш деген тіркес бар. Ол – арбаның алдыңғы және артқы доңғалақтарын байланыстырып тұратын ағаш. Бұны Жамбыл, Шу өңірлерінде белағаш деп атайды.
Сөйтіп, білік (білек), бел тұлғалары «бір нәрсенің ортан белі, арқауы» деген ұғымға ие сөздер. Оқтың ұзын арқауы (ала білек оқ), арба доңғалақтарын байланыстырып тұратын арқау ағаш (білік ағаш/бел ағаш), үй төбесінің арқауы – бәрі де (біл, білік) білек сөздерінің қатысуымен аталады.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен