Кофенің орнын басатын табиғи энергетик

Дәмі тіл үйіретін, адамға сергектік сыйлайтын сусындардың бірі – кофе. Егер жақсылап зерттесек, кофенің пайдасы көп.

Оны белгілі бір мөлшерде тұрақты түрде ішсеңіз, қант диабеті, обыр, жүрек-қан тамырлары және Паркинсон ауруларының алдын алуға болады екен. Бұл жерде кофенің мөлшері шектен тыс болмауы маңызды. Күніне 400 мг кофеин ішетіндер мазасыз күйге түсіп, тахикардия не тремор ауруына тап болуы  мүмкін.

Кофеиннің адамды өзіне тәуелді ететін қасиеті бар. Кофе бойыңызға қуат беру үшін оның мөлшерін әркез арттырып отыру қажет. Бұл түбінде тәуелділік тудырады. Ал оны ішуден бас тартқанда адамның басы ауырып, жайсызданады. 

Бойға қуат дарытып, күш беретін кофеден басқа сусын да бар. Оның ішінде, табиғи түрі – витграсс. Бидай өскінінен жасалатын сусын дәруменге өте бай. Құрамында минерал мен қоректік заттар жеткілікті. Витграс бойға қуат беріп, қарын ашқанын басады. 

Табиғи сусын 75% сұйық хлорофиллден тұрады. Осының арқасында витграсты тұрақты тұтынатындардың иммунитеті күшті болады.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры