Шетелдік университеттерге оқуға түсерде олар сіздің атыңызға жазылған кепілдеме хатты керек етеді. Кепілдеме хатты студент емес, оқытушы (жұмыс беруші) жазады.
Біз талапкерлерге мынандай кеңес береміз:
• Егер шетелдік университет кепілдеме хатты сіздің тек бір ғана оқытушыңыздан талап етсе, онда сізді студент ретінде жақсы білетін адамды таңдауды ұсынамыз: сіздің конференцияларға қатысуыңыз, мақаларыңыздың жарық көруі, зерттеу жұмыстарыңызды толық білетін адам болғаны жөн.
• Егер оқытушыдан бөлек, жұмыс берушіден хатты сұраса, онда бірден басшылыққа барғаныңыз дұрыс. Өзіңіздің бастығыңыздан оқу орнына сізді кәсіби тұрғыдан ұсынуын, компаниядағы жұмыс тәжірибеңіз бен жетілдірген дағдыларыңызды атауды сұраңыз.
Жазатын адамды таңдау барысында оның бұған қаншалықты қызығушылығы бар әрі уақыт бөле алатынына сенімді болыңыз. Кепілдеме хаттың да жазылуы үшін түйіндемеңізді, жетістіктеріңіз бен өзіңіз туралы ақпаратты ұсыныңыз.
Кепілдеме хаттың авторын таңдарда мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:
- Ол адаммен араңызда кикілжің болмады ма?
- Сіз туралы пікірі қандай?
- Сіздің өміріңіздің түрлі бағытымен таныс па?
- Сіздің кәсіби және академиялық қызығушылықтарыңыздан хабары бар ма?
- Бұндай құжаттарды қаншалықты жақсы біледі?
- Кепілдеме хатты уақытылы жаза ма?
Кепілдеме хаттың ағылшын тілінде болуы шарт. Ағылшын тілі халықаралық тіл қатарына жататындақтан қай университет болмасын шетелдік студенттен құжаттардың осы шет тілінде болуын талап етеді. Егер оқытушыңыз (жұмыс беруші) ағылшын тілін білмесе, университеттің заңды түрде аударылған нұсқасын қабылдайтынына сенімді болыңыз.
Кепілдеме хат құрылымы:
• пәннің сипаты (немесе жұмыс орны) мен сабақ берудің тәсілдері;
• көрсетілген пән бойынша студент бағасы;
• оқу барысындағы қызуғушылығы мен атқарған жұмысы;
• автордың студент, оның жұмысы, атқарған міндеті мен өзге оқытушы және студенттермен қарым қатынасы жайындағы өзіндік пікірі;
• егер хатты жұмыс беруші жазса, онда ол қызметкерінің жұмысы, оның мамандығына қатысы мен оған деген қызығушылығын, потенциалы жөнінде пікірін айтады.