- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тершеңдік: Жағымсыз иістен...
Тершеңдік: Жағымсыз иістен қалай арыламыз?
Терлеу – адамның табиғи реакциясы. Күн ыстықта терлеу заңды құбылыс. Адам ағзасы сол арқылы іштегі ыстықты реттейді. Дененің қызып кетпеуін алдын алады. Бірақ терден шығатын жағымсыз иіс көбіне жайсыздық әкеледі. Әсіресе, кейбір адамның терлеуі өте жағымсыз. Ендеше мұндай иіс неден шығады және одан арылудың жолы қандай – соны қарастырып көрелік.
Терлеудің бірнеше себебі бар. Ең біріншісі – дене температурасын реттеу. Екіншісі – ағзада су көбейіп кетсе, соны шығару үшін. Үшіншісі – ағзада зиянды заттар мен шлак көбейіп кетсе де, адам көп терлей береді. Төртіншісі – тері күйіп кетпеуі, ылғалдандыру үшін.
Тер неге сасық?
Егер адамның гигиенасы, тазалығы дұрыс, зат айналымы бұзылмаса, онда тердің иісі қалыпты болады. Негізінен қолтық, білек пен аяқтан шыққан тердің иісі өткір келеді. Сасық иістен қашу үшін иіссу, антиперспирант сеуіп жатады.
Сасық иістің пайда болуына – бактерия себеп. Бактерия сулы, ылғалы жерді жақсы көреді. Күн ыстықта тез көбейеді. Сасық иісті шығаратын да – дәл осы бактерия.
Иісті қалай кетіреміз?
Жағымсыз иісті кетіру үшін ең алдымен иістендіргіш, хош иіс бергіш сеуіп көріңіз. Ол пайдасыз болса, дәрігерге қаралуға тура келеді. Өйткені жағымсыз иіс адам ағзасының зат алмасу процестері бұзылған кезде пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде дерматологтың көмегі қажет.
Одан басқа, гормон бөлінісі бұзылу, асқазан мен ішек жолы жұмысының нашарлауы, етеккір келу сынды жағдайлар да иістің пайда болуына әкелуі мүмкін. Ондайда эндокринолог, гинеколог, невропатолог және гастроэнтерологқа қаралған жөн.
Дәрігерге барар алдында тердің иісіне мән берген дұрыс. Егер терден ацетон не хлордың иісі сынды жағымсыз иіс шықса, онда бауыр мен дәрет жүйесінде ақау бар деген сөз. Уксусқа ұқсас иіс шықса, туберкулездің белгісі, терден тәтті дәм шықса, қант диабетінің белгісі болуы мүмкін. Ал тышқан иіс – зат алмасуының бұзылғанын көрсетеді.
Мұндай иісті дезодорантпен жасыра алмайсың. Антиперспирант терді өлтіре алмайды. Сондықтан дәрігерге қаралғаннан басқа амал жоқ.
Қ. Слямбек