Ғалымдар кофенің бауырға тигізетін пайдасын анықтады

  Ғалымдар кофенің бауырға тигізетін пайдасын анықтады

Бауыр – бұл денеміздегі маңызды ағзалардың бірі. Ол ас қорытуға көмектеседі, өмірлік маңызды заттарды синтездейді және токсиндерді шығарады. Бауыр қызметінің бұзылуы әлемде ең кең таралған проблемалардың бірі. Жақында ғалымдар кофенің бауыр ауруларынан сақтайтынын анықтады. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Бауыр не үшін ауырады?

Саутгемптон университеті мен Эдинбургтегі Корольдік медициналық зерттеу институтының зерттеушілері 494 585 науқастың бауырын 11 жылға жуық зерттеген. Нәтижесінде олар  3600-ден астам адам созылмалы түрде бауыры  ауырғанын,  301 адам бауыр ауруынан қаза тапқанын тіркеген.

Талдау дене салмағының индексі, алкогольді ішімдік ішу және темекі шегу сияқты факторларды ескере отырып, кез келген мөлшерде кофе ішкендердің бауырдың созылмалы ауруы немесе майлы бауыр ауруының даму қаупі 20 пайызға төмен болғанын анықтады. Кофе ішетіндердің мұндай аурулардан өлу қаупі 49 пайызға төмен деді ғалымдар.

Ерітілетін кофе, десафты және ұнтақталған кофе бауырға жағымды әсер етеді екен.

"Ұлыбританиядағы ауқымды зерттеу кофе ішудің бауырдың созылмалы ауруларынан сақтайтынын көрсетті", - дейді авторлардың бірі профессор Пол Родерик.

Сонымен бірге ғалымдар адамдар бауыр ауруларынан тек кофе арқылы ғана құтыла алмайтынын айтады. Олар алкогольді азайтып, салмақты қалыпты ұстауға кеңес береді.

Айта кетейік, бауыр ауруының белгілері мен оның түрлері туралы "Бауыр не үшін ауырады?" мақаламызда жазған болатынбыз.

Т. Раушанұлы