Әлем елдері вакцина алу үшін халықты қалай ынталандырып жатыр?

Әлем елдері вакцина алу үшін халықты қалай ынталандырып жатыр?

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина алып, лотореядан жолы болған адамдар 5 миллион доллар, ал Мәскеуде  автокөлік ұта алады. Әлем елдері халықты коронавирусқа қарсы вакцина алу үшін қалай ынталандырып жатқаны туралы тоқталамыз.

АҚШ

Президент Джо Байден 4 шілдеге дейін халықтың 70 пайызына вакцинаның кем дегенде бір дозасын алуға бағытталған бағдарламаны жариялады. Егер бұл мақсат орындалса, Аnheuser-Busch компаниясы 21 жастан асқан әрбір америкалыққа бір порция сыра әперуге уәде берді.

Нью-Йоркте вакцина алғандар лотореядан 5 миллион, Огайода 1 миллион, Мэрилендте 40 000-400 000 доллар ұта алады.

Ақ үй вакцинацияланған адамдарды ынталандыру үшін спорттық іс-шараларға тегін билеттер, сыйлық карталары, қолма-қол ақша және ақылы демалыстар ұсынады.

Ресей

Автокөлік. 14 маусым мен 11 шілде аралығында Мәскеуде коронавирус вакцинасының алғашқы дозасын алғандар арасында 20 Renault Logan автокөлігі ойнатылады. Бұл туралы Мәскеудің Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Владимир Платонов мәлімдеді. Көліктер аптасына бір рет жолы болғыш жанға бұйырады, оның нәтижесі "Москва 24" телеарнасында жарияланады.

Мәскеу-Сити стадионына тегін билет. "16 маусымнан бастап Мәскеу қаласындағы вакцинация орталығында күн сайын 200 тегін билет шығарылады", - деп хабарлады Panorama360 стадионының баспасөз қызметі.

Шоколадты эскимо. Мәскеу әмбебап дүкеніндегі вакцинация орталығында вакцинаның әр дозасымен егілгендерге шоколадты эскимо балмұздағы беріледі.

Жеңілдіктер. Мәскеуде қарттар үшін "Миллион жеңіс" бағдарламасы басталды. Алғашқы вакцинациядан кейін оларға 1000 ұпайлық сыйлық картасы (рубль) беріледі. Сыйлық картасы өнімді немесе қызметтерді төлеу үшін қолданылады.

Мәскеу облысында коронавирусқа қарсы егілгендер үй жеңіп ала алады. Науқанға қатысудың негізгі шарты: вакцинаның алғашқы дозасын 15-25 маусым аралығында облыстың денсаулық сақтау министрлігінің вакцинация пункттерінде алу керек. Жеңімпаз 27 маусымда жеребе арқылы анықталып, оған үш бөлмелі пәтер сыйға тартылады.

Воронеж облысының Семилук ауданында вакцинацияланған тұрғындар арасында LADA Granta автокөлігі ойнатылады. Жеңімпаз 1 қыркүйекте белгілі болады.

Уфада 14 мамыр мен 20 маусым аралығында вакцинация алған адамдарға арналған бір бөлмелі пәтер және 10 заманауи смартфон сыйлық ретінде ұсынылады. Жеңімпаз 23 маусымда белгілі болады.

Хабаровскте Пасха алдында егілген егде жастағы адамдарға он жұмыртқа берілді.

Сербия

31 мамырға дейін коронавирус вакцинасының кем дегенде бір дозасын қабылдаған сербтер мемлекеттен 3000 серб динары (30 доллар) алады.

Моңғолия

Моңғолияда 5 мамырдан бастап толық вакцинация алғандар 50 000 тугрик (18 доллар) алады.

Польша

Елде 1 шілдеден бастап вакцина салғызған азаматтар арасында лоторея ойнатылады. Вакцинация бағдарламасының әрбір 2000-шы қатысушысы 500 злота (130 доллар) алады. Аптасына 50 000 злота (13 000 доллар) және айына 100 000 злота (26 000 доллар) ойнатылады. Финалда екі адам 1 миллион злота (261 000 доллар) ұта алады. Лотореяға ваучерлер, электромоторлар және гибридті автомобильдер де қосылады.

Тайланд

Тайландтың солтүстігінде коронавирусқа қарсы вакцинацияланған адамдар сиыр ұта алады. Маусым айынан бастап алты ай ішінде бір жолы болған адам апта сайын сиыр иесіне айналады.

Т. Раушанұлы