Қалқанша бездің қабынғанын білдіретін белгі

Қалқанша бездің қабынғанын білдіретін белгі
Фото: medaboutme.ru

Қалқанша бездің қабынуы – жиі кездесетін аурудың бірі. Бірақ көбі бұған мән бермейді, байқамайды. Содан бездің қалай асқынып кеткенін өзіміз де білмей қаламыз.

Ендеше қалқанша бездің қабынғанын не білдіреді?

Дәрігерлердің айтуынша, қалқанша бездің қабынғанын білдіретін белгілер көп. Терінің құрғауы, тез арықтау немесе жылдам салмақ жинау, іш өту мен жүректің қағуы, көп терлеу сияқты айқын белгілері бар.

Бірақ қалқанша бездің қабынғанын білдіретін, кең таралған бір белгі бар. Ол – алқымның ісуі (зоб). Қалқанша безі қабынған адамның тамақ тұсы домбығып, ісініп тұрады. Жұтқыншақтың маңайы ауырсынып, жұтыну қиындауы мүмкін. Содан көкірек тұсы қысылуы, дем тарылуы мүмкін. Бас айналып, тамақ қырылдауы да ықтимал.

Алқым ісінсе, қалқанша бездің жұмысы нашарғанын білдіреді. Қалай десек те, мойын тұс сыздаған жағдайда дәрігерге қаралған жөн.

Қалқанша безі – ағзадағы кішкентай органдардың бірі болғанымен, ағзадағы зат алмасу процесіне қажет гормондарды бөлетін маңызды без.

Қалқанша безі екі түрлі гормон бөліп шығарады. Оның бірі – трийодтиронин (Т3), екіншісі – тироксин деп аталады. Ағзаға аса қажетті йод микроэлементі осы гормондарда болады. Жалпы адам қанында 95% тироксин мен мен 5% трийодтиронин гормондары жүреді.

Қалқанша безінің басқа бездерден айырмашылығы – ол өз гормондарын жинап, қорын түзе алады. Әрі бұл безден бөлінетін гормондар ағзадағы метаболизмдік (зат алмасу) үрдістерге және организмнің өсуі мен жүрек-тамыр реакцияларына кең әсер етеді. Егер ағзада қажетті йод мөлшері жетіспесе, қалқанша безінің қызметі бұзылып, қандағы "йодты" гормондардың азаю салдарынан адам жемсау (зоб – қалқанша бездің ұлғаюы) ауруына шалдығады.

Қ. Слямбек