Жүрекке суық тиюі мүмкін бе? Дәрігердің жауабы

Жүрекке суық тиюі мүмкін бе? Дәрігердің жауабы
Фото: medinfo72.ru

Күнделікті өмірде бүйрекке, қуыққа, басқа, денеге суық тиді дегенді жиі естіп жатамыз. Өкпеге де суық тиетіні бәріне белгілі. Ал жүрекке суық тиюі мүмкін бе? Жүрек суықтап қалды дегенді естідіңіз бе?

Әсіресе коронавирус пневмониясы тарап жатқан уақытта бұл сауалдың жауабы аса өзекті. Massaget.kz тілшісінің бұл сауалына А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиолог дәрігері Рашида Халимназарова жауап берді.

Дәрігердің айтуынша, жүрекке суық тиюі әбден мүмкін.

Адам ағзасына түсіп кеткен кез келген вирустық не бактериалды инфекция жүрек бұлшықетін қабындырып, жасуша мен тінді жарақаттауы мүмкін. Мұндай құбылысты миокардит дейді. Қарапайым тұмау мен суық тиюдің өзі дұрыс емделмесе, жүрекке шабуы мүмкін, - дейді Рашида Халимназарова.

Әсіресе тұмау асқынып кетсе қиын. Өкпені қабындырғаны сияқты жүректі де қабындыруы мүмкін.

Жүректің қабынуына басты екі себеп бар: бірі – инфекциялық, екіншісі – аутоиммунды процесс пен улану, радиация. Инфекциялық қабыну вирус, бактерия, саңырауқұлақ пен паразиттің ағзаға түсіп кетуінен болады. Әсіресе, Коксаки вирусы, энтеровирустар, цитомегаловирус, Эпштейн-Барр виусы және тұмау. Боррелиоз бактериясы мен зең саңырауқұлағы да жүрек қабындыруға қауқарлы.

Ал аутоиммунды асқыну ағзаның иммунды жүйесі өз-өзіне шабуыл жасап, өзіне зиян келтіргенде пайда болады. Қатерлі ісікті емдеу кезінде қолданылатын сәуле де жүректі жарақаттауы мүмкін.

Жүрекке суық тигенін анықтау оңай. Бәрі аурудың ауырлығына байланысты. Белгісі басында-ақ білінуі де, білінбеуі де мүмкін. Білінген жағдайда жүрек тұсы қатты ауырады. Жүрекке ауа жетпей қысылады, жиі соғады. Бас айналып, тері көгереді.

Жүрек қабынуды емдеудің жолы көп. Көбі станционарлы режімде емделеді. Диета, антибиотик, препараттар тағайындалады.

Қ. Слямбек