Жаттығуды қай уақытта жасаған жөн?

Жаттығуды қай уақытта жасаған жөн?
Фото: multisport.ru

Таңертең жасаған жаттығуға қарағанда түстен кейінгі жасаған жаттығудың пайдасы молырақ. Глюкоза мөлшері тез реттеліп, май көлемі азаяды. Бұл жайлы зерттеу Physiological Reports журналында жарияланды.

Адам ағзасы сағат тіліне бағынатыны белгілі. Түнде ұйықтап, күндіз тіршілік етуі – табиғи заңдылық. Дәрі-дәрмек пен дәруменді де уақытында ішуі керек. Тамақтың жөні тағы бөлек. Сол сынды жаттығуды да ағзаға пайдалы, ұтымды уақытта жасаудың маңызы зор. Ағза тіліне сәйкес сәтте жасалған кез келген жаттығу денеге пайдалы.

Сондықтан ғалымдар "жаттығуды қай уақытта жасаған дұрыс?" деген сауалға түрлі зерттеулер жүргізген. Кейбірінің қорытындысы бір-біріне мүлде қарама-қарсы. Мәселен, 2019 жылы The Journal of Clinical Endocrinology & Metabolism журналында жарияланған зерттеу таңертең жасаған жаттығудың пайдасы молырақ деген тұжырымға келсе, 2019 жылғы тағы бір зерттеуде қант диабетіне шалдыққандарға таңертеңгіге қарағанда, түскі интенсивті жаттығу көбірек пайдалы екені айтылады.

Ал Маастрихт медицина орталығының ғалымдары жүргізген зерттеуде қант диабетіне шалдыққандарға түстен кейін жасаған жаттығудың пайдасы молырақ екені айтылған.

Ғалымдар тәжірибе жасаған ер адамдарды екіге топтап, біріне таңертең, екіншісіне түстен кейін жаттығу жасатқан. Алғашқы топтағы 12 ер адам таңғы сағат 8-10-ның аралығында велотренажермен жаттығу жасаса, екінші топтағы 20 ер адам түстен кейінгі 15-18 сағат аралығында жаттығу жасаған. 12 апта өткеннен кейін ғалымдар екі топқа жіктелген азаматтардың қант құрамындағы глюкоза мөлшерін жеке-жеке өлшеген.

Нәтижесінде түстен кейін жаттығу жасағандардың ағзасы біраз жақсарған. Май көлемі азайып, глюкоза деңгейі тұрақтаған.

Осыдан ғалымдар 2 типтегі қант диабетіне шалдыққандар үшін түстен кейін жаттығу жасаған көбірек пайдалы деген ойға келген.

Дегенмен, зерттеушілер "жаттығу жасамағанға қарағанда, қай уақыт болса да жаттығу жасау бәрібір пайдалы екенін" тілге тиек етеді.  

Қ. Слямбек