Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды балаларды қорғау күнімен құттықтады.
"1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі", - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Міне, 68 жылдан бері жаздың алғашқы күнін көптеген мемлекеттерде Халықаралық балаларды қорғау күнімен бастайды. Бұл күн демалыс күніне сәйкес келмей қалса да нағыз мерекеге айналады. Демелыс орындары, кинозалдар мен театрлар балалармен толып кетеді. Барлық жақсы нәрселер тек, соларға ғана арналады.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.
Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл – қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.
Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.
Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.