- Негізгі бет
- Тұлға
- Айда аты қалған...
Айда аты қалған әйелдер
Жердің табиғи серігі Айда мыңдаған кратер бар, олардың кейбіреулері адам атымен аталады. Жалпы, Айдағы 1577 кратерге белгілі ғалымдар, инженерлер мен зерттеушілердің аты берілген. Бірақ тек 26 кратеріне ғана әйел есімі қойылған.
Кратерлерге кімдердің есімі берілген?
Кратерлердің көпшілігі үлкен өнертабыстарға немесе идеяларға жол ашқан ғалымдардың, философтардың, Құдайлардың немесе мифологиялық тіршілік иелерінің атымен аталады.
Философ Платон, астроном Галилео Галилей және математик Исаак Ньютон – кратерлерге аты қойылған атақты адамдар. ХХ ғасырдың ең атақты адамдарының бірі Джон Леннонға да "Лакус Сомниорум" немесе "Армандар көлі" айналасындағы кратердің бірі "бұйырған".
Бірақ осы 1577 кратердің тек 2 пайызы ғана әйел ғалымдардың есімімен аталғандықтан, оларды анықтау үшін арнайы зерттеу қажет.
Сонымен қатар, әйелдердің атымен аталған кратерлердің барлығы дерлік Айдың Жерге көрінбейтін бетінде орналасқан.
Атауды кім таңдайды?
Астрономиялық оқиғаларға берілген атауларды бекіту құзыреті 1919 жылдан бастап Халықаралық Астрономиялық Қоғамға (ХАҚ) тиесілі. Бірақ Айдағы кейбір атаулардың шығу тегін анықтау үшін тарихқа жүгініп, Галилео Галилей Айдың бетін зерттеген 1610 жылдарға қарай бару керек.
"1651 жылы Италия астрономы Джованни Риччоли Айдағы кратерлерді алғаш ашқан ғалым", - дейді Пәкістан астрономы және Аустралия Астрономия Жарық мектебінің мұғалімі Тойиба Зафар.
"Риччоли 147 кратерге қойған адам есімдерінің тек екеуі ғана әйелдерге тиесілі. Соның бірі – Гипатия. Ол нағыз тарихи тұлға, бірақ Александрия әулиесі Екатерина өмірде болмаған болуы мүмкін", - дейді Америкалық астрономия қауымдастығының президенті Меган Донаксуэ.
Келесі ғасырларда да Ай бетінен табылған жаңа нысандарға ер ғалымдар мен тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Себебі, доктор Тойиба Зафар айтқандай, ХХ ғасырға дейін әйелдерге жүйелі түрде білім алуға тосқауыл қойылып келді.
Халықаралық астрономиялық қоғамның мәліметінше, әйел есіміне байланысты 38 кратер бар, бірақ олардың тек 26 кратері ғана тарихта өмір сүрген ғалымдар, инженерлер мен зерттеушілерге тиесілі.
Неліктен Айда әйел атындағы кратерлер аз?
ХХ ғасырда Айды зерттеуге көп көңіл бөлді. Бұл қызығушылық 1950 жылдардан 1970 жылдарға дейін созылды. Екі алпауыт мемлекет – АҚШ пен бұрынғы Кеңес Одағы арасындағы Айды игеру бәсекелесі Жер серігін зерттеуді тездетті.
"Айдағы кратерлерге атау берерде біраз тәртіпсіздіктер бар. Сондықтан 1973 жылы Халықаралық астрономиялық қоғам осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия құрды", - дейді Халықаралық Астрономия қоғамының Планетарлық жүйелер терминдері бөлімінің басшысы Рита Шульц.
Ең алдымен, тек ғылыми тұрғыдан ғана атау керек кратерлерді атауға шешім қабылданды.
"Бұрын берілген атаулар сақталды. Бірақ Айдағы кратерлерге белгілі бір адамның есімі берілуі үшін ол ғалым немесе поляр зерттеушісі болуы керек. Әйел аттарының сирек кездесетінінің тағы себебі алғашқы жылдары ХАҚ Айдағы кратерлерге ерлер есімін, ал Венерадағы кратерлерге әйелдер атын қою туралы шешім қабылдады", - дейді доктор Шульц.
Бұл шешім күшін жойғанымен, теңсіздік әлі де сақталып келеді. Кейінгі 30 жылда Айдағы тек 7 кратерге әйелдердің аты берілді. 1919 жылы ХАҚ құрылған кезде Ай бетіндегі нысанға әйел есімін беру үлесі 2 пайыздан аспады. Бұл көрсеткіш әлі өзгерген жоқ.
Бұл неге маңызды?
Чили астрономы доктор Марица Сото Васкес алғашқы ғаламшарды 25 жасында, ал төртіншісін 31 жасында ашқан.
"Егер әйелдер ғылыммен көбірек айналыссын десек, назар аудару маңызды факторлардың бірі. Әйелдер қай салада білім алуды шешкен кезде өзіне сәйкес модельдерді көре алуы керек. Мүмкін оларға ешкім "сен әйелсің, ғылым жасай алмайсың" деп айтпайтын шығар. Бірақ олар жас кезінен бастап адамға ауыр әсер ететін осындай келеңсіздіктерге тап болады", - дейді Марица Сото Васкес.
Жақында NASA Artemis ғарыш бағдарламасының егжей-тегжейін таныстырды. Бағдарлама бойынша агенттік 2024 жылы Айға алдымен әйел ғарышкерді, содан кейін ер ғарышкерді ұшырады.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін NASA Space Launch System (SLS) зымыраны мен Орион ғарыш кемесін пайдалануды жоспарлап отыр. Artemis бағдарламасы үш кезеңнен тұрады: бірінші, 2021 жылы ғарышкерлерсіз ғарышқа SLS-тің ғарышқа ұшуы, содан кейін 2023 жылы ғарышкерлермен бірге Айдың айналасында ұшу, үшінші кезең бойынша 2024 жылы Айға алғаш болып әйел ғарышкерді, содан кейін ер ғарышкерді ұшыру көзделген.
Айда есімі мәңгі қалған әйелдер кімдер?
Валентина Терешкова (1937 жылы туған)
Қазіргі кезде көзі тірі Айдағы кратерге есімі берілген жалғыз әйел – бұл орыс ғарышкері Валанетина Терешкова.
Терешкова 1963 жылы 26 жасында ғарышқа шыққан алғашқы әйел ретінде тарихта қалды.
"Ғарышқа ұшқанда, сіз әлемнің қаншалықты кішкентай және нәзік екенін көре аласыз", - дейді ол.
"Восток 6" деп аталатын зымыранды пайдаланып көкке ұшқан Терешкова үш күн ғарышта болып, Жерді 48 рет айналып шыққан.
Ғарыштан оралғасын Валанетина Терешкова Кеңес Одағында ғылыми елші ретінде әлемді шарлады және кейінірек саясатқа қадам басып, Ресейдің мемлекеттік парламентіне (думаға) сайланды.
Оның атындағы кратер Айдың көрінбейтін бетіндегі Mare Moscoviense құрылымының батыс бөлігінде орналасқан.
Гипатия (б.з.б 360-415 жж)
Гипатия – математик, астроном және философ, ол Александрияда біздің эрамызға дейінгі 350-370 жылдар аралығында дүниеге келген деп есептеледі, бұл кезеңде Египет Шығыс Рим империясының провинциясы болған.
Ол әйелдердің көпшілігі білім ала алмаған кезде өмірін ғылымға арнаған алғашқы әйел ретінде танылды.
Гипатияның әкесі Теон астроном және Александриядағы әйгілі кітапхананың директоры, ол қызының қаладағы ең жақсы мұғалімдерден сабақ алуына жағдай жасаған.
Оның гипотиреоз туралы ғылыми жұмыстарының көп бөлігі жоғалып кетті, бірақ көптеген авторлар өз зерттеулерінде оның есімін атауы Гипатияның өте табысты ғалым болғанын көрсетеді.
Ол "Астрономия заңы" деген кітап жазды, көптеген планеталардың кестелерін дайындады және сол кездегі астрономиялық жұмыстарға түсініктеме берді.
Гипатия Александрия епископымен тіл табыса алмады. Нәтижесінде діншілдер оны өлтірді.
Екі мың жылдай уақыт өткен соң, Гипатия әйелдер құқығының символына айналды және феминистік қозғалыстарға шабыт берді.
Ал XVII ғасырдағы астроном Риччоли 1651 жылы оның атымен Айдағы бір кратерді атады, бірақ ХАҚ Гипатия атауын бұл кратерден алып, Айдағы "Тыныштық теңізінің" оңтүстік-батыс бөлігіндегі кішкентай кратерге оның есімін қайта берді.
Антония Каетана де Пайва Перейра Мори (1866-1952жж)
Антония Мори – өз заманындағы ең жақсы америкалық астрономдардың бірі болды. Ол Гарвард университетінің обсерваториясының сол кездегі "Гарвард компьютерлері" деп аталған әйел астрономдар тобына енген.
Мори "спектрлі екілік" деп аталатын жұлдызды жұпты зерттеген, олар бір-біріне өте жақын болғандықтан Жерден қарағанда аспапсыз көзге көрінбейді.
Ол жұлдыздар шығаратын электромагниттік толқындардың мөлшерін өлшеуге мүмкіндік беретін жүйені құрды және бұл жүйені ХАҚ әлі күнге дейін қолданады.
Мори 86 жасында қайтыс болды. ХАҚ оның есімін "Армандар көлінің" солтүстік-шығысында орналасқан кратерге берді.
Калпана Чавла (1962 – 2003 жж)
Калпана Чавла – ғарышқа ұшқан тұңғыш үнді әйелі.
"Арманнан жетістікке жетелейтін жол бар. Егер сізде оны басқаратын миссия болса, батыл қадаммен сол жолмен жүру керек", - дейді Калпана.
Чавла Үндістанда туған. Ол жас кезінен ғарышқа ұшуды жақсы көрген. Сондықтан оның әулеті Чавланы үш жасынан бастап "қиял" дегенді білдіретін Калпана есімімен атай бастаған.
Чавла Пенджаб инженерлік факультетінің аэроғарыштық инженерия бөліміне түсіп, оны бітірген алғашқы әйел. 1982 жылы аспирантураға түсу үшін Америка құрама штаттарына сапар шекті, онда ғарыш инженериясы бойынша екі магистратура мен докторантураны аяқтағаннан кейін НАСА-ға қосылды.
Ол ғарышкер және инженер ретінде алғашқы ұшуын 1997 жылы "Колумбия" ғарыш кемесімен жүзеге асырды.
2003 жылы "Колумбия" ғарыш кемесі ғарыштан Жерге оралып келе жатып жанып кетті. Экипаждың жеті мүшесі қайтыс болды. Олардың арасында Чавла да бар еді.
Оның атындағы кратер Айдың көрінбейтін бетінде орналасқан.
Энни Джин Изли (1933 – 2011жж)
Энни Джин Изли – 2021 жылы 1 ақпанда Айдағы кратерге есімі берілген әйел.
Изли NASA-да компьютер инженері болып жұмыс істеген алғашқы афроамерикалықтардың бірі. Изли АҚШ-тың оңтүстігінде Құқықтар мен бостандықтар қозғалысы басталғанға дейін дүниеге келген. Бұл жылдар ақ-қаралар бөлек мектеп пен университетке барып, бөлек тұруға мәжбүр болған кез еді.
Анасы оны үнемі көбірек мақсат етуге шақырды. Ол қара нәсілді балалардың мектептерде жақсы оқымайтынын білетін, сондықтан қызының өз бетімен жұмыс істеуін қалаған.
Изли 34 жыл бойы NASA-да компьютер кодтарын жазып, зымыран қозғалтқышы технологиясында жұмыс істеп, болашақ ғарыш аппараттарының технологиялық негізін салуға көмектесті.
Ғұмыр бойы ол әйелдер мен студенттерді ғылымға, технологияға, инжинерияға және математикаға баулу кезінде НАСА-дағы әйелдерді кемсітуге қарсы күресті.
Оның есімі Айдың көрінбейтін бетіндегі кішкентай кратерге берілген.
Т. Раушанұлы