Тұрар Қазанғаповтың үздік суреттері

Тұрар Қазанғаповтың үздік суреттері
Фото: Yernar Almabek

"Фотосурет – бұл өткенге жол ашатын есік және болашаққа көз салатын мүмкіндік" деген екен белгілі АҚШ фотографы Салли Манн. Фотосурет өнері пайда болып, Жозеф Нисефор Ньепс пен Доминик Франсуа Жан Араго алғашқы суретті көрерменге ұсынғалы бері ІІ ғасырға жуық уақыт өтті. Содан бері сурет өнері де жыл өткен сайын технологиямен бірге дамып, жетіліп келеді. Бүгін Массагет порталы оқырман қауымға фотографтар әулетінен шыққан, Франция, Жапония, Қытай сынды бірнеше елде көрмесі өткен еліміздің белгілі фотографы Тұрар Қазанғаповтың суреттерін ұсынады.

Массагет порталындағы Ottegi подкастының үшінші қонағы – Тұрар Қазанғапов болды. Бұл подкасты тыңдау үшін мына сілтемеге өтіңіз. 

"Найзағайлы күмбез" 2016 жыл, Түркістан қаласында түсірілген

"Бұл суретті 2016 жылы Оңтүстік Қазақстанда экспедицияда жүргенде түсірдім. Арыстан баб кесенесінің маңайында жүргенде күн күркіреп, бұзыла бастады. Жанымыздағы әріптестер, басқа да адамдар "найзағай ойнап жатыр" деп, мовзелей маңынан кете бастады. Ал, мен керісінше табиғаттың бұл құбылысына шығармашылық тұрғысынан қарап, қауіпті болса да, өз жұмысыма кірістім. Сол айналада ескі кесенеге қайта өңдеу жұмысы жүріп жатыр екен. Оның күмбезін жерге түсіріп қойыпты. Найзағайға қатысты өте көп сурет түсірдім. Бірақ осы сурет әсерлі шықты деп ойлаймын.

Жалпы, сурет те өнер ғой. Оның cәтті не сәтсіз шығатыны сол кездегі уақытқа, оқиғаға және көңіл-күйге байланысты. Менің туындыларымның қаншалықты сәтті шыққанын көрермен қауым өзі бағалай жатар. Бірақ, сурет бір оқиғаны, қимылды ұстап қалатын, таспалайтын өнер түрі. Сондықтан, уақыт өте келе суреттеріме қарасам сол кездегі оқиғалар, тәтті естеліктер есіңе қайтадан түсіп, жүрегіңе ыстық сезім ұялайды", - дейді сурет авторы.

"Головкин" АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 2017 жылы түсірілген

"Бұл суретті Головкиннің жекпе-жегінде, Лас-Вегас қаласында түсірдім. GGG сынды үздік боксшыларды суретке түсіру оңай емес. Оған ең жақын жерде атақты агенттіктің фотографтары тұрады. Маған бұл кезде 200 метр жерден орын бұйырды. Жақындауға тағы болмайды. Күзетшілер қатаң бақылап тұрады. Жекпе-жек бітіп, күзетшінің назары басқа жаққа ауды дегенде, қасынан зып беріп өтіп, рингке шықтым. Ол жерде полицейлер де қаптап жүр екен. Жылдам-жылдам оңтайлы сәтті пайдаланып қалуға тырыстым да, "Геннадий" деп айқайладым. Ол маған қараған кезде "шырт" еткіздім.

Негізі рингтің жанындағы фотографтар қызыл бейдж тағады, ал бізде жасыл бейдж еді. Мұны байқаған полицейлер мені ол жерден шығарып жіберді. Бірақ осы аз ғана уақыт ішінде бірнеше сурет түсіріп үлгердім. Бұл туынды осындай жанкештілікпен келген сурет еді", - дейді Тұрар Қазанғапов.

"Ат, бала және ымырт" суреті фотографтың туған ауылында 2015 жылы түсірілген

"Бұл туынды ауылымда түсірілген. Ат жаратып жүрген әке мен бала. Біріншіден, ауылым болғасын ба, бұл сурет маған ыстық. Екіншіден, Париж Қытай, Жапон елдеріндегі көрмелерде көрсетілген суреттердің бірі", - дейді фотограф.

"Димаш" 2019 жылы АҚШ, Нью-Йорк қаласында түсірілген

"Димашты Нью-Йорк қаласындағы жеке концертінде түсірдім. Бұл суреттегі жарық, қимыл және тағы басқалар Димаштың әлемге әйгілі адам екенін көрсетіп тұрғандай", – дейді автор.

"Гинзадағы гейшалар" деп аталын сурет 2016 жылы Жапонияда түсірілген

"2016 жылы Елбасымен бірге Жапонияға бардық. Түнгі қаланың кереметтерін көруге серуендеп шықтым. Жаңбырлы күн еді. Мен ол жерде кино әлеміне түсіп кеткендей сезімде болдым. Қонақүйден дәулетті адамдар шығып жатыр екен. Оны өз дәстүрлеріне сай иіліп, гейшалар шығарып салып жатыр. Қонақтар көліктің есігін жауып кетіп бара жатса да, гейшалар иіліп тұрған күйнен танбады. Осы көрініс маған киноны еске салды. Бұл сәтті фотоаппаратыма таспалап алдым", - дейді фотограф.

"Абу-Даби" туындысы Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы түсірілген. Автор тұманды қаланың түнгі кереметін дронмен аралап жүріп, ертегідей қалаға түсіп кеткендей күй кешкен

"Елорда... тұманды түн болатын. Түнгі қаланы серуендейін деп шештім.  Дронмен астанамызды аралап жүріп қатты таң қалдым. Бейне бір "Мың бір түн" ертегісіндегі сиқырлы қалаға түсіп кеткендей күй кештім. Бұл суретке қарап тұрсаң, жарығы ойнап, қозғалатын секілді әсер қалдырады", - дейді Тұрар Қазанғапов.

Ottegi Podcast. Тұрар Қазанғап: Үздік фотограф жоқ, үздік фото бар

Айта кетейік, Тұрар Қазанғапов фотограф. Ол пейзаж, қызықты оқиғалар мен адамдарды суретке түсіреді. Кейінгі жылдары деректі фотографияны зерттеп жүр. Мамандығы бойынша ТМД-ның әр түрлі елдерінде және одан тыс жерлерде болған. 2014 жылдан бастап tengrinews.kz ақпараттық порталында фототілші болып жұмыс істейді. 2016 жылдан бастап, Нұр-Сұлтандағы Photobar фотоклубының негізін қалаушы және мүшесі. 2018 жылы Баспасөз, радио, интернет журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін "Үркер" ұлттық сыйлығының "Жылдың үздік фотосы" бойынша жеңімпаз атанған. 2021 жылы "QazNet uzdigi" номинациясы бойынша "Нұр-Сұңқар" сыйлығының иегері.

Т. Раушанұлы