- Негізгі бет
- Арнайы жобалар
- "Сәлем, Елорда!" II...
"Сәлем, Елорда!" II республикалық өнер шеруі Алматыдан бастау алады
18 маусымда Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында "Сәлем, Елорда!" II республикалық өнер шеруін өткізу" тақырыбында онлайн баспасөз-конференциясы өтті.
Спикерлер ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының" директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары Ғазиза Ғабдрахымова, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова болды.
Биыл "Сәлем, Елорда!" II республикалық өнер шеруі "Жамбыл Жабаевтің 175 жылдығына" орай Алматы қаласы мен Алматы облысында 22-24 маусымда өтеді. Сондай-ақ өнер шеруі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов алдағы мерекелік іс-шараларға тоқталып өтті.
"Жыл бойы өткізілетін "Домбыра" күні, "Астана" күні, "Тұңғыш Президент" күні, "Тәуелсіздік" күніне арналған іс-шаралар жоспарланған. Елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантин талаптарын сақтап биыл "Астана" күні аталып өтуі жоспарланып жатыр", - деді Нұрғиса Дәуешов.
Сондай-ақ "Жамбыл Жабаевтың 80 жылдығына" орай еліміз бойынша республикалық, әлеуметтік және танымдық 80-нен астам іс-шара өтеді деп жоспарланған. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрінің айтуынша, Жамбыл Жабаевты насихаттау мақсатында ақын өміріне арналған фильм түсіру, шығармаларын жинақ етіп шығару, мерейтойлық пошта маркаларын шығару көзделген.
Биыл мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған "Өнерпаз болсам" фестивалі де өтеді.
"Өнерпаз болсам" фестивалі негізінен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналады. Солардың өнерін, талантын бағалау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Фестиваль күз айына жоспарланған. Алда толық ақпарат беретін боламыз", - деді Нұрғиса Дәуешов.
Президент "заманауи ұрпақ кітап оқуы қажет" деген болатын. Осыған орай министрлік өңірлердегі кітапханарда кітапхана мен оқырманды байланыстыратын заманауи тәсілдерді қарастырып жатыр.
"20-30 жыл бұрынғы балаларға арналған шығармалар оларды ынтландыра қоймайды. Осыған орай балалар әдебиетін қолдау мақсатында балалар қаламгерлерінің шығармаларын шығару саны арттырылды. Бұл кітаптар еліміздің кітапханаларына тегін таратылады", - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министр.
"Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының" директоры Жеңіс Сейдуллаұлы "Сәлем, Елорда!" II республикалық өнер шеруі "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының офлайн форматында өтетінін айтты.
"Бұл өнер шеруі республикамыздың Шығыс, батыс, оңтүстік және солтүстік – 4 бұрышын қамтиды. Жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдыған орай өтетін елордадағы гала-концертпен аяқталады", - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Сәлем, Елорда!" республикалық өнер фестивалі былтыр 20 қарашада бастау алды. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған онлайн форматтағы фестиваль Нұр-Сұлтан қаласына арналды.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өнері мен мәдениеті күндері үлгісіндегі телевизиялық форматта ұйымдастырылған бұл фестиваль өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеді.
Фестивальге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпараттық қолдау көрсетіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдары концерттердің түсірілімдерін ұйымдастырды.
Т. Раушанұлы