Алтынға бергісіз күміс

Алтынға бергісіз күміс
Фото: Данияр Майлыбаев, vesti.kz

91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Василий Левит Риодағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз финалда ресейлік боксшы Евгений Тищенкоға есе жіберді. Бірақ есе жіберді деуге келмейді... 

Василий Левит жекпе-жекті ширақ бастады. Бойшаң қарсыласына қарсы бұғып қалмай, бірінші нөмірмен жұдырықтасуға ұмтылды. Төрешілер бірінші раундтың қорытындысы бойынша басымдықты отандасымызға берді. Қазақстандық боксшы екінші раундта да ұстанған жүйесінен танған жоқ. Ресейлік боксшыны шабылда тықсыра түсті. Дегенмен төрешілер бұл раундта жеңісті қарсыласының уысына ұстатты. Шешуші раундта да Василий Левит аянып қалған жоқ.  Отандасымыздың жойқын соққыларынан ресейлік боксшы аздап жарақат алып та қалды. Өкініштісі сол, шаршы алаңда ширақ қимылдап, белсенді жұдырықтасқан жекпе-жекте отандасымыз жеңіске жете алмады. Төрешілер 3:0 (29-28, 29-28, 29-28) есебімен ресейлікті жеңімпаз ретінде таныды.

Төрешілер шешіміне теледидарға телмірген қазақстандық жанкүйерлердің разы болмағаны айдан анық. Ал боксты көріп отырған залдағы көрермендер тіпті наразылығын білдіріп, айқайға басты. Марапаттау сәтінде де залдағылар "Қазақстан, Қазақстан!" - деп ұрандатты. Бұл - Василийдің жарқын жеңісінің бір көрінісі. Себебі ресейлік Евгений Тищенко шыққан тұғыр отандасымызға ғана лайықты еді. Ал бұл тұста Василийдің өзі жігітке тән мінез танытып, залдың тынышталуын сұрады.

Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Лебзяк шәкіртінің жеңіске лайықты жұдырықтасқанын айтты. Ол бірінші және екінші раундта Евгенийдің жеңіске жеткеніне шүбә келтірмеді.

- Мақсатымыз - қарсыласты өзімізге жақындатпай жұдырықтасу болды. Біз алғашқы екі раундта ұттық деп ойлаймын. Үшінші раундта ұтылған күннің өзінде, Василийдің соққылары қорғаныстан қайтты. Біз басымдықты бермеу үшін Евгенийге айқайладық. Ол жоспарымызды ойдағыдай орындап, чемпион атанды, - деді. Ал залдағы наразы ысқырығына байланысты "көрермендер арасында қазақтар көп болды" деп қысқа қайырды.

Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жек әлеуметтік желілер мен сайттарда қызу талқыланып жатқаны сөзсіз. Ал ресейлік боксшының өзі жекпе-жек соңынан өз ойын білдірді. Тіпті марапаттау сәтінде де жарқын қуана алған жоқ. 

- Мен жекпе-жектің қалай өткенін білмеймін. Өзімнің жеңісіме қуаныштымын. Егер Василий Левитке төрешілер әділетсіздік танытса, боксшы мен командасы, жанкүйерлері үшін өкінішті екені рас. Бірақ төрешілер жеңісті маған бергендіктен, оның себебі жоқ емес. Жеңіске лайықты жұдырықтасқаным. Дегенмен кездесуді екінші тұрғыдан білмеймін. Мен шаршы алаңда болдым, сондықтан да бағалай алмаймын, - деді. 

Василий Левит барша қазақстандық жанкүйерлер секілді, өзінің жеңісіне сенімді болғанын жасыра алған жоқ. Бірақ шаршы алаңдағы жеңілісі үшін ресейлік боксшының кінәсі жоғын баса айтып, мәрттік танытты. 

- Шынымды айтсам, жеңдім деп ойладым. Жаттықтырушыларымның да жекпе-жегіме көңілі толды. Жоспарды жақсы орындап шықтым. Бірақ бәрі ойдағыдай болмай қалды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендердің барлығы құрметке лайық. Сондықтан ресейлік боксшыға да кінә арта алмаймыз. Оның кінәсі жоқ, - деді отандасымыз жарыс соңынан тілшілерге берген сұқбатында. 

Бұл жекпе-жек туралы AIBA президенті Чинг-Куо Ву да өз пікірін білдірді. Оның айтуы бойынша, төрешілер шешімді кәсіби тұрғыда жасаған.

- Төрешілер шешімін еш бүкпесіз кәсіби тұрғыда бағаланды деп есептеймін. Құттықтаймын Ресейді, - деген. 

Олай болса, төмендегі видеодан Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жекті қайта қарап, бағасын бере отырыңыздар. 

Василий Левит 91 келіге дейінгі салмақта Олимпиада ойындарына барған тұңғыш қазақстандық боксшы. 28 жастағы отандасымыз Қостанай облысы, Федоровка ауылының тумасы. Осыған дейін әуесқой бокста талай ірі жетістіктерге қол жеткізді. Екі дүркін Азия чемпионы (2009, 2015), екі рет ел біріншілігінде (2009, 2011) топ жарған.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы ел құрамасының қоржынына үшінші күміс медальды салды. Осыған дейін Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанса, Елдос Сметов пен Жазира Жаппарқұл - күміс, Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина ГоричеваОльга Рыпакова мен Александр Зайчиков қола жүлдегер атанған болатын. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 15-орында келеді.

Ө. Сансызбай