Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті (видео)

Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті (видео)
Фото: vest.kz, Данияр Майлыбаев

200 метрге брасс әдісімен жүзуде қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды. Отандасымыз аталған қашықтықты 2:07,46 минутта жүзіп өтті.

21 жастағы қазақстандық жүзуші отандастарымызға үлкен қуаныш сыйлады. Нағыз сенсация жасады. Суда жүзу спорты бойынша тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. 

Күміс медаль АҚШ елінің спортшысы Джош Преноға (2.07,53 минут), қола ресейлік спортшы Антон Чупковқа (2:07,70 минут) бұйырды. 

Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзу сынына да қатысып, сегізінші орын алған еді. 

Айта кетейік, Олимпиаданың бесінші күні Қазақстан құрамасы үшін аса сәтті өтті. Осыған дейін ауыр атлеттер Ниджат Рахимов чемпион атанса, Жазира Жаппарқұл күміс жүлдені жеңіп алған еді.

Ө. Сансызбай