Батырхан Шүкенов орындаған әндердің тарихы

Батырхан Шүкенов орындаған әндердің тарихы

Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген танымал әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Биыл аман болса, 59 жасқа келер еді.

Жастайынан музыкамен айналысқан. Әнге деген махаббаты әр туындыға кірпияз, мұқият болуды үйретті. Оның үстіне, өткен ғасырдың 80-90 жылдары, одан бертінгі кезең – ән өнеріне мұнтаздай таза, ұқыпты қарайтын шақ. Әрбір әннің туу, өмірге келу тарихы бар. Батырхан Шүкеновтің әндері де сондай еді.

Ендеше Батырхан Шүкенов орындап, өзі жазған әндерінің тарихына бір көз жүгіртіп көрейік.

Джулия

Бұл ән – Батырхан Шүкеновтің бақжұлдызы мен бақытына айналған ән. Шүкеновтің басына бақыт боп қонған ән деп айтуымыз бекер емес. Өйткені Алматыда өнер жолын бастаған жас әншіге Мәскеудің төріне жол салып берген де осы – Джулия. 

Әнде махаббат әпсанасы айтылғанымен, "Джулия" (Julia) есімі – ойдан шыққан персонаж, өмірдегі кейіпкері жоқ. Әнге бұлай ат қоюдың себебі қарапайым. КСРО тараған жылдары, Батырхан Шүкеновтің өзі айтқандай, шетелдік мода мен еуропалық мәдениетке деген қызығушылық басым болды. Тіпті шетелдік есім мен адам атына да тәнті болушылар көп болса керек. Содан Байғали Серкебаев пен Владимир Миклошич, Батырхан Шүкенов – үшеуі Джулия есіміне іштей ғашық болып, әрбір адамның өмірінде бір-бір ғашық бар, ал ол дәл Джулиядай болар деген ниетпен осындай тамаша әнді жазып шығады. 1989 жылы.

Дәл сол жылы Алматыға мәскеулік әртістер келеді. Ішінде Филипп Киркоров та бар. Мәтіні жеңіл, музыкасы есте қаларлық, оранжировкасы қанық бұл әнді тыңдап, тәнті болған көрінеді. Кейін Мәскеуге барғаннан кейін, Алла Пугачеваға тыңдатып, Примадоннаның өзі концертіне А-Студио тобын шақырады. Қазақстанда құрылған топ 1990 жылы Рождество кешіна қатысып, "Джулияны" шырқайды.

Міне, содан бастап Батырхан Шүкеновтің де, алматылық А-Студио тобының да жұлдызды сәті басталады.

Айтпақшы, Батыржан Шүкенов бұл әнді ең алғаш Орал қаласындағы педагогика институтында орындаған екен. Соның құрметіне 2017 жылы Орал қаласының алаңында әннің кейіпкері – Джулияға арнап ескерткіш қойылды.

Бұл әнді Батырхан Шүкенов өмірінің соңына дейін орындап өтті. Кез келген жігіттің жүрегінде бір Джулиясы барын осыдан-ақ білеміз.

Твои шаги

Бұл әннің тарихы трагедияға жақын. Әннің сөзін жазған – ақын Еркеш Шәкеев. Басынан өткен тағдырын арқау еткен. Ал музыкасын жазған – тегі украин ресейлік композитор Владимир Ковалев.

Еркеш ақын әннің сөзін жаза алмай біраз жүрген екен. Владимир жіберген мелодияның өзі сондай жүрекке жақын, жан жүрегіңді елжіретер туынды болғандықтан, оған сөз жазуға жауапкершілікпен қараса керек. Содан әнге не арқау етерін білмей жүрген ақынға өзінің басынан өткен, 80-жылдары болған бір оқиға есіне түседі.

...Бұл – Ғазиза есімді көркі әдемі, жан-дүниесі таза, махаббатқа ынтық қыздың тағдыры еді. Жаны жайсаң қызбен Шымкент қаласына курстасының тойына барғанда танысқан. Сол кезде-ақ ұнатып қалған екен. "Тағдырдың айдауы ма әлде тағдырға таңданыс па білмедім, бірақ сол қызды кейін өз қаламнан Көкшетаудан көріп аң-таң болдым. Сөйтсем, медициналық институттың жолдамасымен біздің қалаға келген екен. Оның бұл қалада не танысы, не тұрар жері жоқ. Содан ата-анаммен бірге біздің үйде тұрды. Өте жақсы қыз еді. Алаулап сезім пайда болды. Бірақ достарым көре алмады, білем. Қызды маған қарсы қойды. Содан не керек, бірде сырқаттанып ауылдағы ауруханаға жатып қалдым. Сонда хал-жағдайымды сұрауға келді. Сонау Алматыдан, елсіз-күйсіз жерге жалғыз өзі іздеп келгеніне қатты қуандым. Елжіреп кеттім. Ынтызар сезімім лаулап қоя берді. Елге қайтаруға қорықтым да үйге, Көкшетауға ата-анама бар дедім... Сол түні жолға автобусқа шығып бара жатып, қаңғыған бір көлік келіп қағып кетті оны... Әнде сол қыздың аянышты тағдыр ізі жатыр", - дейді Еркен Шәкеев естелігінде.

Ал Батырхан Шүкенов әннің тарихы мен тағдырын түсініп, жүрекке жеткізіп орындады.

Отан-Ана

Батырхан Шүкеновті қазақ аудиториясына танытқан әні – осы «Отан-Ана». Патриоттық рухты оятар, қазақы болмысты еске салар туынды. Әннің сөзін жазған – ақын Тұманбай Молдағалиев.

Ал әнін жазған – сазгер Қуат Шілдебаев. Ән өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында дүниеге келген. Қуат Шілдебаев естелік сөздерінің бірінде: "Түнгі сағат 2-нің шамасы. Ішімнен туған еліме, жеріме, Отаныма арнап жақсы ән шығаруды мақсат еттім. Бұл ән жүректі тербеп, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті оятуы керек деп шештім. Бір нотадан кейін басқа ноталар жалғасып, күйсандықта ойнай жөнелдім. Әуен ойнаған сайын өзіме ұнап барады. Бір алып күш мені осы әуенді ойнай беруге итермелегендей болды", - деп еске алады.

Әнді жазып аяқтаған соң, таңды күтіп, күн шыққаннан кейін сазгер бірден Тұманбай Молдағалиевтің жұмысына жол тартады. Мелодиясын тыңдатып, әннің мәтінін жазып беруді өтінеді. Көп өтпей мәтін де дайын болады.

Бұл әнді Батырхан Шүкенев 2000 жылдары "А-Студио" тобынан кеткеннен кейін қолға түсірген. Қуат Шілдебаевпен дос болған. Ән Мәскеуде жүріп елі мен жерін сағынған Шүкеновтің жан-дүниесін тебірентіп жіберсе керек.

Мұндай ән 50 жылда бір рет өмірге келеді! Бұл әнде алапат қуат бар. Мәскеуде жүріп талай орындадым. Қазақ тілін түсінбеген жұрттың өзі үнсіз тыңдайды. Әннің әулиесі бар деген осы. Сөзін түсінбесе де, сезіммен түйсінеді. "Отан-Ана" плакатқа жазып ұрандататын ән емес, елі мен жерін сүйген жанның жүрегінен жарып шыққан әні, - деген екен бір сөзінде Батырхан Шүкенов.

Аманат

Бұл ән – "Отан Ана" мен "Сағым дүние" әндерінің заңды жалғасы. Трилогиясы десе болады. Оны да жазған – композитор Қуат Шілдебаев. Батырхан Шүкеновтің келешек ұрпаққа сенім артқан, аманаттаған әні.

"Қуат Шілдебаев қазақ фольклоры мен этнографиясын білетін, жаны терең адам. Шығармашылығын ұлттық музыкамен ұштастырып жүрген жан", - деп баға береді Батырхан Шүкеновтің өзі.

Нелюбимая

Бұл әннің сөзін де, музыкасын да жазған – Еркеш Шәкеев. "Сөзінен бұрын әні жазылды. Мәтінін жаза алмай біраз жүрдім. Шығармашылық депрессияға түстім. Жүрегіммен әр нотаны қайталап, айға қарап, жұлдыз санап жатқан кездерім де болды", - дейді ақын.

Содан бір Алматы қаласына келгеннен кейін досы, сазгер Тілес Қажығалиевпен үйдегі студияда отырып, әннің мәтінін де, сөзін де екшеп біткен екен. "Тілестің аранжировкасы тамаша шықты. Оны Байғали Серкебаев өңдеп, клавишке салды. Мен гитарамен соло жаздым. Ән иструменалды аспаппен жазылды. "Нелюбимая" сөзі қайта-қайта орала берді тіліме. Қайырмасына осы сөзді қойдық", - деп еске алады Еркеш Көкенұлы.

Мұны "А-Студио" тобы Песня-95 телефестивалінде орындап, нағыз фуррор туғызған екен.

"Байғали Серкебаевтың аранжировкасы мен Батырдың орындауындағы ән тамаша шықты. Премьерасы сәтті өтті. Тіпті әнді тыңдап алып, енемнің әйеліме хабарласып, "араларың не, суып бара ма?" деп уайымдағаны бар", - деп еске алады ол.

Сөз арасында ақын осы әннің арқасында мен Алматы қаласына көшіп келдім дегенді де тілге тиек етеді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді