КСРО жасырған апат: Гагаринге дейін ғарышқа кім ұшты?

КСРО жасырған апат: Гагаринге дейін ғарышқа кім ұшты?
Фото: felicina.ru

1961 жылы 23 наурызда Мәскеу облысындағы ғарышкерлерді ұшуға дайындау орталығында қайғылы оқиға орын алды. Арнайы кабинада 10 күн бойы салмақсыздық жағдайында болған ғарышкер Валентин Бондаренко сол жерде тұтанған өрттен ауыр жарақат алып, көз жұмды. Оның өлімі 25 жыл бойы жұртшылықтан жасырылды.

Валентин Бондаренко © uahistory.com

69 жылға созылған диктаторлық режимде көп нәрсе халықтан жасырылды. Оның ішінде 1961 жылы ғарышқа ұшуы тиіс Валентин Бондаренкомен болған апат.

Бондаренко ұшуға екі апта қалғанда арнайы кабинада сынақ кезінде абайсыздықтан шыққан өртте жарақат алып, қайтыс болды. Осыдан кейін оның орнына Гагарин ұшады. Кейбір ақпарат көздері Бондаренконың сынақ кабинасында емес, ғарышқа ұшып бара жатып, апатқа ұшырап қайтыс болғанын айтады.

Валентин Бондаренко кім?

Валентин Бондаренко 1937 жылы Украинаның Харьков қаласында дүниеге келген. Ол мектепте оқып жүргенде сол жерде ашылған аэроклубта жаттыға бастайды. Орта мектепті бітірген соң әскери-авиация училищесіне оқуға түседі.

1957 жылы оқуды бітіргеннен кейін Әскери-әуе күштерінің Балтық теңізі әскери-әуе күштері бөлімшелерінде қызмет етті. 1960 жылдардың басында ғарышкерлерді дайындау тобына кіруге өтініш береді. 1960 жылы 28 сәуірде ғарышқа ұшуға дайындау үшін жиналған бірінші топқа қосылады.

Алғаш ұшуға таңдалған топ. Ортада отырған Королевтің сол жағындағы Бондаренко / © gagarin-starjan.sulinet.hu

Бондаренко ең дарынды ұшқыштардың бірі болғандықтан, оны ғарышқа ұшуға дайындау үшін 79 үміткерден тұратын топқа қосады. Содан кейін олар бірінші ұшуға дайындалып жатқан алты адамнан тұратын топқа іріктеліп алынады. Ол 1960 жылдың наурыз айының басында Мәскеудегі әскери бөлімде "Восток" ғарыш кемесінің үлгісімен ұшуға дайындала бастайды.

Қайтыс болуы

Дайындықтың соңғы кезеңі басталады. Ұшқыштар он күн бойы ауа қысымы төмен арнайы камерадан шықпай тұруы керек еді. Камера борттағы ғарыш кемесімен синхронды түрде жабдықталған. Ғарышкерлер ол жерде 10 күн бойы салмақсыздық жағдайына бейімделуге мәжбүр еді. Бондаренко 14 наурызда арнайы камераға орналастырылады.

© 9tv.co.il

1961 жылы 23 наурызда Бондаренко арнайы камерада сынақ тапсырып, сыртқа шығуы керек еді. Ол кетер алдында медицина қызметкерлері төменгі қысымды камерада денсаулығын соңғы рет тексереді. Оның денсаулығы ұшуға жарамды деп бекітіледі. Содан кейін оған медициналық жабдықты денесінен алып тастауға болатынын айтады.

Валентин денесіне орнатылған медициналық құрал-жабдықтарды алып тастағаннан кейін жабдықтан қалған кішкентай жараларды алкогольді тампонмен сүртеді. Содан кейін қоқыс жәшігінің орнына мақтаны тамақты жылытуға пайдаланатын ыстық көмірдің үстіне байқаусызда лақтырып жібереді.

Мақта бірден тұтанып кетеді де, Валентин оны қолымен сүртіп өшірмек болады. Бірақ оттегімен қаныққан төмен қысымды ауада жалын сөнудің орнына күшейеді. Сонда да ол диспетчерге пульт арқылы өрт туралы хабарлаудың орнына өзі өртті сөндіруге тырысады.

Ғарышкер отырған арнайы камерада өрт шыққанын сырттағылар бірден байқаған. Бірақ камераның есігін  ашу мүмкін болмады. Кезекші дәрігер Михаил Новиков арнайы камерадағы ауа қысымын сыртқы ауа қысымымен теңестірмей, герметикалық есікті ашуға болмайтынын айтады. Бұл жұмыс жарты сағат уақытты алатын. Есік ақыры ашылып, Бондаренконы сыртқа алып шыққанда денесінің 80 пайызы күйіп қалған болатын.

Есін жоғалтпаған Бондаренко дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін 8 сағат бойы күрескен. Бірақ Валентинді құтқару мүмкін болмайды. Өрт салдарынан ұшқыш 24 жасында қайтыс болады.

Бондаренконың әйелі күйеуі қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл ғарышкерлерді дайындау орталығында жұмыс істеп, кейін туған қаласы Харьковке көшіп кеткен. Бондаренконың ұлы 16 жасқа дейін 100 рубль зейнетақы алады. Кейін ол да есейіп, әскери ұшқыш болды.

Қайғылы жағдайды жасыру

АҚШ пен КСРО арасында ғарышты игеру үшін қызу бәсекелестік жүріп жатқан кезде ресми Мәскеу ғарышқа ұшуға дайындалып жатқан Бондаренконың қайтыс болғанын ешкім білмеуі керек деп шешті.

Ол туған қаласы Харьковтағы зиратқа жерленген. Құлпытасқа "Ұшқыштың достарынан" деген жазу жазылған. 1986 жылы Бондаренконың қайтыс болғаны туралы жария болған кезде құлпытастағы жазуға "КСРО ғарышкерлерінен" деген сөз қосылды.

© pikabu.ru

КСРО Бондаренконың қайғылы қазасын жасырып қана қоймай, оның есімін ғарышқа қатысты жерлерден өшіріп тастайды. Оған тиесілі түрлі құжаттар, тіпті Бондаренко және оның командасымен бірге түсірілген фотосуреттер жойылады.

Бондаренко қайтыс болғаннан кейін  КСРО рейсті уақытында кешіктірмеу үшін бірден Гагаринді дайындауға кіріседі. Осылайша 1961 жылы 12 сәуірде Гагарин ғарышқа ұшты.

1961 жылы 17 маусымда Валентин Бондаренконы "Үкіметтік тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін" Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттау туралы шешім қабылданды. Орден оның Мәскеудегі ғарышкерлер қалашығында тұратын әйеліне табыс етілді.

Құпияны ашу

1986 жылы "Известия" газетінде Валентин Бондаренконың қайғылы қазасы туралы мақала жарияланды. Мақала авторы – белгілі журналист және жазушы Ярослав Голиванов. Осылайша, Валентин Бондаренконың қайтыс болғаны туралы ақпарат араға 25 жылға жуық уақыт өткенде белгілі болды. Оған дейін КСРО-да Валентин Бондаренко деген ғарышкер бар екенін, оның сынақ кезінде қайтыс болғанын ешкім білмеген.

© socialphy.com

Кейінірек Яровлав Голиванов шығармаларының бірінде "Известия" газетінде Бондаренконың өлімі туралы мақала жариялау оңай болмағанын жазған.

"Валентин Бондаренконың өлімі ширек ғасыр бойы құпия болып келді. Тек 1986 жылдың көктемінде ғана "Известия" газеті Саяси бюро мүшелерінің қолдауымен түрлі цензураны жеңіп, апат туралы мақала жариялады", - деп жазды ол.

Голиванов  мақаласында Бондаренкомен болған апат туралы толық мәлімет берді.

Бондаренконың қайғылы қазасы туралы КСРО халқы 1986 жылы білгенімен, батыстық ақпарат құралдары бұл туралы 1980 жылдардың басында жаза бастады. Бірақ сол кезде КСРО бұл дұрыс емес ақпарат екенін және Валентин Бондаренко есімді ұшқыштың ғарышқа алғашқы ұшуды жасау үшін таңдалған үміткерлер арасында жоқ екенін айтты.

Бірақ Айды қолмен жабуға болмайтыны сияқты, Валентин Бондаренко туралы да шындықтың беті ашылады. Бір жағынан диктаторлық режимнің күні аяқталып келеді, екінші жағынан дәлелді жоққа шығару мүмкін емес, сондықтан ресми Мәскеу бұл жолы оқиғаны жоққа шығара алмайды.

Бондаренко бірінші үміткер болды ма?

Кейбір ресейлік сарапшылар Бондаренконың ғарышқа ұшуға таңдалған бірінші үміткер емес екенін, бірақ оның қайғылы өлімі Гагаринді апаттан құтқарғанын жазады.

Бондаренко қайтыс болғаннан кейін ғарышты зерттеумен айналысатын кеңес инженерлері мен ғалымдары ғарыш кемелеріндегі арнайы камераны одан әрі жетілдіру және ондағы атмосфераның құрамы мен қысымын өзгерту үшін жұмыс істейді. Дәл осы жұмыс кейіннен Гагариннің сәтті ұшуына және оңай қонуына себеп болды.

© rbth.com

Кейбір адамдар Бондаренконың ғарышқа алғашқы ұшуға таңдалған үміткер екенін айтады. Олардың айтуынша, егер Бондаренко жалпы топта қатардағы ғарышкер болса, оның өлімі мұншалықты құпия болмас еді. Валентин нөмірі бірінші ғарышкер болғандықтан, ол туралы және оның қайғылы қазасы туралы барлық ақпарат пен оқиға жұртшылықтан құпия сақталды.

1991 жылы Айдағы кратерлердің бірі Бондаренко деп аталды. 2013 жылы Харьковте Бондаренко оқыған мектепке оның есімі берілді.

Бондаренко туралы қауесеттер

Бондаренкомен болған апаттың құпиясы уақытында көптеген қауесеттердің тууына әкелді. Мысалы, соны бірі – Бондаренконың ғарышқа Гагариннен бұрын ұшқаны. Ол сынақ кезінде арнайы кабинада болмаған, бірақ ұшу сәтсіздігінен кейін ғарыш кемесі жарылып, қайтыс болған.

© rbth.com

Бұл қауесеттерге сенетіндер Бондаренконы ғарышқа алғаш ұшқан адам деп санайды. Олар сот барысында Бондаренконың өлімі қатты құпия ретінде сақталмаған деп есептейді. Сондай-ақ, Бондаренконың ғарышқа ұшу кезінде апатқа ұшырағаны және бұл оқиғаның АҚШ-пен ғарышты игерудегі қатаң бәсекелестігінен жасырылғаны айтылады.

Бондаренко апаттан кейін суреттерден алынып тасталды / © boingboing.net

Қалай десек те, ғарышқа ұшатын үміткерлер қатарында Валентин Бондаренконың да болғаны, апат пен оның өлімі құпия сақталғаны рас. Әдетте жұртшылықтан жасырын ұсталатын оқиғалардың артында аса маңызды істер жастатын жағдайлар бар. Сондықтан Бондаренкоға қатысты түрлі пікірлердің, болжамдар мен қауесеттердің қай-қайсысы да ақиқат болып шығуы мүмкін.

Т. Раушанұлы