Әлемнің ең тар елінде адамдар қалай өмір сүреді?

Әлемнің ең тар елінде адамдар қалай өмір сүреді?

Үлкен, кіші, тіпті ергежейлі мемлекеттер бар. Олар туралы барлығы дерлік біледі немесе кем дегенде естіген. Бірақ әлемдегі ең тар ел туралы көп адам біле бермейді. Бұл қандай ел? Қай жерде орналасқан? Ғалымдардың болжауынша бұл ел шамамен 50-100 жылда жаһандық жылыну салдарынан су астында қалады.

Жақында кей елдер Жер бетінен жойылып кетуі мүмкін

Тувалу – Гавайи мен Австралияның ортасында орналасқан мұхиттағы аралдан құралған мемлекет. Ол Тынық мұхитындағы экватордан оңтүстікке қарай 26 шаршы шақырым аумақты алып жатыр және атоллдарды (сақина тәрізді маржан аралдары) және шағын аралдарды қамтиды. Аралдар бір-бірінен өте алшақ орналасқанына қарамастан, көп жылдар бойы жергілікті тұрғындар бұл жерлерді игеріп, қоныстанды. Тувалудың ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 5 метр биіктікте, ал аралдардың көпшілігі 3 метр биіктікте орналасқан. Бұл әлемдегі ең кішкентай елдердің бірі, халқының саны 12 мың адамнан аспайды.

Бұл аралдарды 1568 жылы испан саяхатшысы Альваро Менданья де Нейра ашқан. Жергілікті тілден аударғанда "Тувалу" – "Сегіз төбе" дегенді білдіреді. Бұл 8 аралға қатысты, өйткені тоғызыншы арал әлдеқайда кейінірек орналасқан.

Ұзақ уақыт бойы мемлекет Ұлыбританияның отары болды және 1978 жылы ғана тәуелсіздік алды. Қазір бұл егеменді демократиялық мемлекет, бірақ ресми түрде патшайым II Елизавета әлі де аралдардың монархы болып саналады. Тувалу халқының ең көп бөлігі шамамен 5 шаршы шақырым аумақты алып жатқан орталық Вайтупу аралында тұрады. Елдегі ең кішкентай арал Ниулакитаның ауданы 420 шаршы метрді құрайды. 

Тувалуда саяси партиялар немесе тұрақты қарулы күштер жоқ, сондықтан ел бюджетіне армияны ұстауға жұмсалатын шығындар кірмейді. Бірақ полиция бөлімшелері бар. Олар теңіз кеңістігін қадағалайды, кедендік, иммиграция және түрме бөлімшелері бар.

Елде тиімді қылмыстық сот төрелігі жүйесінің арқасында, сондай-ақ фалекапуланың ықпалына байланысты қылмыс деңгейі өте жоғары емес. Сонымен бірге, әр аралдың ақсақалдарының дәстүрлі жиналысы болады.

Тувалу 28-ден астам елмен дипломатиялық қарым-қатынаста. Ал, Фунафутиде өз елшілігі бар жалғыз ел – Тайвань. Бірақ Тувалудың өз дипломатиялық миссиясы тек Фиджиде орналасқан.

Елдегі жалғыз әуежай Фунафутиде орналасқан. Оның үстіне Тувалуға ұшақтар көршілес Фиджи мен Кирибати аралдарынан ғана ұшса да, оның халықаралық мәртебесі бар. Шын мәнінде, әуежай шағын ғимарат және бір ұшу-қону жолағынан тұрады.

Тувалу астанасы – Фунафути бөлек аралда орналасқан және 5000 адам тұрады. Мұндағы өнеркәсіптік кәсіпорындардан сабын және тоқыма фабрикасы ғана бар. Ең ірі ғимараттар – үкімет үйі, әуежай, ұлттық банк, полиция бөлімшесі, қонақүй және супермаркет. Сондай-ақ қолөнер орталығы мен кітап дүкені бар.

Елде таулар мен жазықтардың болмауына байланысты азаматтардың күн сайын таза жағажайларда демалуға мүмкіндігі бар. Аралдан құралған мемлекетте тұрудың да кемшілігі бар. Онда су тасқыны сияқты катаклизмдер жиі кездеседі.

Тувалу - кедейлік, аштық және үлкен әлеуметтік проблемалары жоқ әлемдегі ең кедей елдердің бірі.

Мемлекеттің негізгі кірістері балық аулау лицензияларын сатудан, Тувалу туын желбірететін кемелерді тіркеуден, ұлттық домендерін сатудан, сондай-ақ басқа мемлекеттердің көмегінен түседі. Сонымен қатар, жергілікті халықтың 15%-ға жуығы шетелде, негізінен, кемелерде теңізші болып жұмыс істейді. Олардың жүзеге асырып жатқан ақша аударымдарын да елдің кіріс көзі деуге болады. Бірақ туризм Тувалуға іс жүзінде ештеңе әкелмейді, өйткені аралдардағы инфрақұрылым нашар дамыған.

Тувалудың өз ұлттық футбол командасы бар, бірақ ол ФИФА-ға кірмеген, бірақ тек Океания футбол конфедерациясының қауымдастық мүшесі. Жергілікті команданың қатысуымен өткен алғашқы халықаралық матч 1979 жылы өтті. Тувалу Таити аралының құрамасынан 0:18 есебімен жеңіліп қалды. Ал 2007 жылы Тувалу құрамасы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына қатысты.

Сондай-ақ елде өзінің Ұлттық Олимпиада комитеті бар. Ол 2004 жылы құрылды және 2007 жылы ХОК ресми түрде мойындады. 2008 жылы Тувалу құрамасы алғаш рет Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, алайда спортшылар бірде-бір медаль жеңіп алған жоқ. Бірақ Тувалу спортшылары қысқы Олимпиада ойындарына ешқашан қатысқан емес.

Елдің ұлттық валютасы – аустралиялық доллар, тувалу долларының баламасы – металл монеталар тек ішкі айналымда қолданылады. Ақшаның ыңғайлы емес формасына байланысты жергілікті тұрғындар басқа валюталарды, әсіресе аустралиялық долларды жиі пайдаланады.

Ұлттық тағамдар әртүрлі теңіз өнімдері мен тропикалық жемістерден тұрады, ал асшаяндардан, тасбақалардан, балықтардан, омарлардан және түрлі дәмдеуіштерден дәмді тағамдар дайындалады. Жергілікті шарап туристер мен осы елдің тұрғындары арасында өте танымал.

Тувалуда бірнеше қонақүй бар. Егер сіз әуежайдан трансфер сұрасаңыз, сізді күтіп алып, бөлмеңізге дейін жаяу апарады.

Бір қызығы, Тувалудағы қонақүйлердің бірі әуежайдың дәл жанында орналасқан және көптеген туристер күн сайын ұшақтардың дыбысын есітеді деп алаңдайды. Дегенмен, олардың қорқыныштары бекер, себебі, ұшақтар елде өте сирек ұшады.

Ал астанасы Фунафути көшелері 2002 жылдың ортасында ғана асфальтталды, жалпы республика бойынша асфальт жолдардың жалпы ұзындығы 8 шақырымнан аспайды.

Тувалу халқы айтарлықтай біртекті: тұрғындардың 90% -дан астамы Тувалудағы байырғы полинезия халқының өкілдері, сонымен қатар микронезиядан келгендер де бар. Ресми тілдері – тувалу және ағылшын тілдері. Аралдардағы негізгі дін – христиан, бірақ жалпы мемлекет діни сенім бостандығына кепілдік береді.

Мемлекетте 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін оқу тегін және міндетті. Әр аралдың өзінің бастауыш мектебі бар, бірақ бүгінде бір ғана орта мектеп бар. Оқуды бітіргеннен кейін, қаласаңыз, Тувалу теңіз мектебіне немесе Фунафутиде орналасқан Оңтүстік Тынық мұхиты университетіне түсе аласыз. Жалпы, халықтың сауаттылығы 99 пайызды құрайды.

Тувалу дәстүрлі қауымдық жүйені сақтап қалды. Әрбір жанұяның қоғам үшін атқарылуы тиіс міндетті міндеті болады. Мысалы, балық аулау, құрылыс немесе қорғаныс. Барлық қажетті отбасы дағдылары ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.

Тувалу халқының өмірінде би мен музыка үлкен орын алады. Бір қызығы, кейбір билер отырып орындалады. 

Тувалу тропикалық климатқа ие. Екі мезгіл жаңбыр және құрғақшылықтан тұрады. Ылғалды маусым қарашадан сәуірге дейін, ал құрғақ маусым мамырдан қазанға дейін созылады. Ауаның орташа температурасы жыл бойы өзгермейді ( +26-дан +32 ° C-қа дейін).

Топырақ құнарсыз болып саналады, сондықтан ауыл шаруашылығына іс жүзінде жарамсыз. Сонымен қатар, мұнда жабайы жануарлар кездеспейді, сондықтан ет көзі жергілікті тұрғындар өсіретін шошқалар немесе теңіз құстары болып табылады. Кәдімгі сүттің орнына олар кокос сүтімен қанағаттанады. Және, әрине, тувалықтардың рационында теңіз өнімдері көп. Жергілікті халық өте біркелкі таралмаған: алыстағы атоллдар бос.  Ал негізгі аралдағы тұрғындардың саны үнемі өсіп келеді. Осыған байланысты өмірді қамтамасыз етудің барлық жүйелеріне жүктеме артады. Бұл топырақ пен судың ластануына әкеледі. Тұрмыстық қалдықтар  қоқыс шығаратын жер болмағандықтан аралдарда жиналады.

Аралдың тағы бір проблемасы – мұнда негізгі құндылықтардың бірі болып саналатын тұщы судың жетіспеушілігі. Тувалуда тұщы суы жоқ өзендер мен көлдер болмағандықтан, тұрғындар жаңбыр суын жинап, арнайы бетон цистерналарында сақтауға мәжбүр. Бұрын адамдар құдық қазса, көп ұзамай ағынды сумен ластана бастады.

Тувалу тропикалық циклонға төтеп бере алмайды. Олардың салдары көбінесе қайғылы аяқталады. Осылайша, 1972 жылы Бебе циклонынан кейін ағаштардың 90% сынып, барлық дерлік тұрғын үйлер қирады. Бірақ, басқа елдердің көмегімен Тувалу қалпына келді.

Дегенмен, тұрғындар үшін ең үлкен қауіп – Дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуі және аралдарды су басу. 

Ғалымдардың болжауынша, мұхиттағы су деңгейі көтеріле берсе, 50-100 жылдан кейін Тувалу аралдары адамсыз қалуы мүмкін. Ал кейбір болжамдар бойынша Тувалу ерте ме, кеш пе су астында қалады. Сонда жергілікті тұрғындар көрші елдерге көшуге мәжбүр болады. Мысалы, Жаңа Зеландияға, Фиджиге, Аустралияға эвакуациялау жоспарлары қарастырылуда.

Бүгінде Тувалу баламалы энергия көздеріне көшу жоспарымен белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл табиғатты сақтау, сонымен қатар жаһандық жылынуға ықпалы жоғары дамыған елдерге үлгі болу үшін қажет.

Т. Раушанұлы