Жаңа жыл кешіне арналған ерекше тілектер

Жаңа жыл кешіне арналған ерекше тілектер
Фото: google.com

Құрметті достар (туыстар, әріптестер)! Сіздерді асыға күткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Келген жыл барлықтарыңызға бақыт пен береке ала келсін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін.

2018 жыл әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ алып келсін! Жаңа жыл жаңа табыс, жаңа бақыт, жаңа бағыт әкелсін. Жүзіңіңізден күлкі, нұр кетпесін. Өкпе-назды ескі жылға қалдырып, жаңа жылдың табалдырығына жақсы көңіл күймен аяқ басыңыз.

* * *

Келіп жеткен 2018 жыл құтты болсын. Қазақша жыл санау бойынша тауық жылын шығарып салсақ, ит жылын қарсы алып жатырмыз. Бұл үй жануарының ең жақсы қасиеттері осы адамдарға үлгі болып, әр ортаға көп қуаныш алып келсін. Қазақ жеті қазынаның қатарына қосқан ит жануарының жылы - достықтың, адалдықтың, мейірімділіктің жылы болғай. Қасқырға қарсы тұрар қазақы төбеттердей қазақ жігіттері де байрақты бәсекелерде қарсылас қалдырмасын.

* * *

Жаңа жыл құтты болсын! Қазаққа қуаныш сыйлайтын жыл болғай. Уа, Жаратқан қазақты қорғап, қолдап жүргейсің. Халықты түрлі бәле-жаладан, алауыздықтан, көрші ел басшыларының қаңқу әңгімесінен, апатты шахтадан сақта. Ел іргесі, болашақтың тізгінін ұстар ел жасы, елдің Елбасы аман болсын!

* * *

Жаңа жылда құшағыңыз қуанышқа толсын. Бастаған әр ісіңіз өрге дөңгелеп, сәттілік серік болсын. Еңбектің жемісін, ұл-қыздың жеңісін көруді нәсіп етсін. Бал тілді балапандардың қызығына тоймай, өміріңіздің ең қызықты кезеңдерін осы жылы өткізіңіз.

* * *

Сізді жаңа 2018 жылдың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылда жағымды жаңалықтар мен толайым табыстарға қол жеткізіңіз. Жұмысыңызда нәтижелі, ортаңызда абыройлы болыңыз! Жаңа жыл сізді жаңа жаңалықтармен қуантсын!

* * *

Жаңа жыл өміріңізге көп өзгеріс әкелсін. Алға мақсат қоя біліңіз, сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төгіңіз. Ал 2018 жыл сол еңбектің куәгері болып, сіздің беделіңізді арттыра берсін! Сыр айтар дос көп болсын. Жаныңыздағы жанашыр жандардың саны арта берсін. Жақсы қасиетті көбейтіп, бойыңыздағы керітартар жамандарынан арылуға тырысыңыз. Жарқын болашақтың іргесін бүгіннен қалай беріңіз. Арайлап атқан жаңа жылдың таңы өмірдің жаңа сыйларын сыйласын.

* * *

Жаңа жыл құтты болсын! Отбасыңыздағы адам саны көбейе берсін! Шырша деп шырылдайтын, салют деп сандалтатын бал тілді балдырғандарыңыздың саны арта берсін! Отбасыңыз айрандай ұйып, тату-тәтті ғұмыр кешіңіз.

А. Қажиев