Жаңа жылға арналған маникюр

Жаңа жылға арналған маникюр
Фото: nailart-design.com

Жаңа жылғы отырысқа киім таңдаған секілді маникюрді де алдын ала ойластырып қою керек. Оның киім үлгіңізбен үйлесім табуымен қатар жаңа жылдық көңіл күй сыйлағаны жақсы. 2018 жыл – ит жылы болғандықтан, маникюр сары-қоңыр гаммада жасалғаны дұрыс. Оған шоколад, қыша, сүт, құм, крем түстес реңктер жатады. Сонымен қатар, жаңа жылдың және мерекенің түсіне айналған алтын түс те танымалдылығын жоғалтар емес. Жаңа жылға арналған маникюрге бірнеше идея ұсынамыз.

Алтын маникюр

2018 жылдың басты түстерінің бірі – алтын. Ол қарапайым киім үлгісіне де салтанаттылық сыйлайтын нағыз мереке түсі. Маникюрге кез келген қаптама түрін таңдауға болады: жылтыр, жұқалтыр бөліктері, қарапайым сұйық лак. Алтын түспен барлық тырнақты бояуға немесе кей саусақтарыңызды айқындауға болады. Алтын түс қара, қою қызыл, қызыл және қоңыр түстермен жақсы үйлесім табады. Мұндай маникюр бір түсті киім үлгісіне сай келеді. Киім үлгіңізге алтын түсті әшекей қоссаңыз болады, бірақ алтын түсті маникюрмен алтын түсті киім киюдің қажеті жоқ. 

Қызыл маникюр

Қызыл түсті маникюр – мәңгілік классика. Қызыл түстің кез келген реңкін таңдауға болады, алайда лак күңгірт немесе бәсеңдетілген болғаны жақсы. Қызыл маникюр түсі мен пішініне қарамастан, кез келген киіммен үйлесім табады. Маникюрде аз мөлшерде тастар мен жапсырмалы моншақтар қолдануға болады. Қызыл түсті маникюр қысқа немесе орташа ұзындықтағы тынақтарға жарасады. Ал өте ұзын тырнақтарда қызыл түс ұяттау көрінетінін ескеріңіз.

Қара маникюр

Негізі қара түс тырнақта тек өзі әдемі көрінеді, алайда жаңа жылға жабыңқы түр сыйлайтындықтан, оған  жылтырақтар, тастар және басқа да декоративті безендіру қолданған жөн. Мұндай маникюрдің артықшылығына оның барлық киімге үйлесуін және кез келген ұзындықтағы тырнаққа жарасуын жатқызады. 

Градиентті маникюр

Жаңа жылғы маникюрге арналған тағы бір сәнді шешім – градиентті қаптама немесе омбре техникасы. Мұндай маникюр бір түстен екіншісіне бірсарынмен ауысады. Жаңа жылда мұндай маникюрдің сары және қызғылт-сары гаммада болғаны жақсы. Градиентті маникюр суреті жоқ біртүсті кез келген киімге келеді.

Жылтыр маникюр

Тырнақтарға мерекелік түр сыйлаудың ең қарапайым әдісі – оны ұсақ жылтырмен бояу. Ол үшін қарапайым жылтыры бар түссіз лактың өзі жарайды. Сонымен қатар, тек бір тырнағыңызды жылтырмен айқындауға болады немесе барлық тырнақ ұшын жылтырмен бояп шығыңыз.   

«Тоқылған» маникюр

Көлемді 3D тоқыма маникюр – өте ұзын кешкі көйлектермен үйлесім таппағанмен, мерекені үйде отбасымен қарсы алуға керемет идея. Мұндай маникюрге мерекелік түр сыйлау үшін оны жаңа жыл тақырыбында өрнектеуге болады. 

А. Жапатова