Жаңа жыл – отбасылық мереке

Жаңа жыл – отбасылық мереке
Фото: BabyBen.ru

Жаңа жыл – 31 желтоқсан күні әлем халықтары асыға күтетін мереке. Аталған мереке әр елде әртүрлі тойланғанымен мақсат бір, мүдде бір. Өйткені жаңа жыл – отбасылық мереке.

Жаңа жыл қазақ халқының түсінігінде қардың көбесі сөгіліп, бәйшешек бүр жарып, көктем келген кезде немесе наурыз айында келеді. Бұл халықтың өз ғұрпына сай қалыптасқан дәстүрі. Ал желтоқсан айының соңында келетін бүкіләлемдік жаңа жыл мерекесінің ерекшесі барша халық жаппай тойлауында. Күнтізбенің тағы бір жылды артта қалдыруы, жылдың аяқталуы, келесі жаңа күннің басталуы, қаңтардың бірінен келетін мерекені жаңа жыл деп атаймыз.

Алыс-жақындағы ағайынның басын бір арнаға тоғыстырып, бір шаңырақ астында дастархандас болу, мерекені қуанышпен қарсы алу, еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін тойлайтын бұл мерекенің ерекшелігі сол, адамға жылулық сыйлай білуінде. Тұмарлы тілектер, жылы лебіздер осы күні шын жүректен өздері-ақ төгіледі.

Жаңа жыл кешінде жанұяыңыздың қасында болуға тырысыңыз. Өйткені ол табыстырушы, достыққа шақырушы, сезімге бастаушы мереке. Ең үлкен ерекшелігі сый жасауында. Жаңа жылдың кереметі де сыйлықта. Аяз атаға хат жазып сабылып жататын, армандарын солардан тілеп алданып жүретін сәбидің көңілін сіз-ақ табыңыз. Қолыңыздан келгенше көп сый жасаңыз. Мерекелік көңілдің көтеріңкі болуы сіздің қолыңызда.

Жаңа жылдың астарынан ешқандай да жамандық іздеудің қажеті жоқ. Тек түсінік дұрыс болғаны абзал. Ол отбасылық мереке ретінде тойланып, адамдар арасында, туыстар арасында үзілген ара-жік қалпына келсе, сүйіспеншілік артып жатса, оның несі айып?! Тек мерекенің фанаттық өкілі болмай, қарапайым үй ішіндегі мерекелік күй деп қабылдаған жөн.

Жаңа жыл құтты болсын! Отбасы-ошақ қасында қарсы алып жатқан жаңа жылдарыңыз жақсылық әкелсін!

М. Ақан