- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2017
- Жаңа жылда дастарханға...
Жаңа жылда дастарханға мандарин қою қайдан шыққан?
Жаңа жыл дастарханын апельсин немесе мандарин жемістерінсіз елестете алмаймыз. Желтоқсан келсе осы жемістердің саудасы қызады.
Апельсин мен мандариннің Жаңа жыл дастарханынан табылуы – салтқа айналып та үлгерді. Ал қалай салтқа айналғаны туралы түрлі жорамалдар бар. Олай болса бірнешеуін айта кетейік.
Ертеректе Еуропа елдерінде ата-аналар Жаңа жыл қарсаңында балаларына ерекше шұлық сыйлап, ішіне сыйлық жасыратын болған. Көбіне хош иісті апельсин мен мандарин сыйлайды екен. Осыдан барып бұл жемістер Жаңа жылда дастарханнан табылып жүрсе керек-ті деген нұсқа бар.
ХХ ғасырда алтын түсті сыйлық жасау – сәттіліктің белгісі саналған. Ұлыбританиялық жазушы Ширли Конранның «Шілтер» атты романында да апельсин жайлы жазылады. Басты кейіпкер Кейт есімді қызға әкесі Жаңа жылда апельсин сыйлайды. Англиядағы соғыстан кейін елде апельсин, банан, балмұздақ қат болған. Әкесінің сыйлығына қызы ерекше қуанады.
Батыс елдерінде тағы бір ерекше аңыз бар. Жоғарыда айтқанымыздың барлығы осы бір аңыздың төңірегіне саяды.
Бір кедей кісі үш қызының жасауына ақша таппай қиналады. Қанша жұмыс жасаса да, ішкен-жегенінен артылмайды. Бірде әулие Николайдың (христиан дініндегі жебеушілердің бірі) мейірімі түсіп, әлгі отбасыға сый жасайды. Бармақтай алтынды үйдің мұржасынан (кей аңыздарында терезесінен) үй ішіне тастайды. Ал ол алтын пеш ішіне жайылып тұрған шұлықтың ішіне түседі. Нәтижесінде сол алтын арқылы кедей үш қызын ұзатып, арман-мақсатына жетеді. Ал шұлыққа алтын түсті сыйлық салып беру содан қалған деген де нұсқа бар. Көпшілігі алтын түстес болған соң апельсин мен мандарин сыйлайтын болған.
О. Сансызбай