Жаңа жыл–2016. Жұлдызжорамал: Арыстан

Жаңа жыл–2016. Жұлдызжорамал: Арыстан
Фото: 2016-god.com

Егер арыстандар көпшіліктің көзайымына айналмаса, олар үшін өмірдің мәні қалмайтындай. Олар өз-өзін әрдайым жоғары бағалап, айналасындағыларға өздерінің қандай күшті екендіктерін көрсеткісі келеді. Сонымен бірге бұл адамдар барлығын өз дегеніне көндіріп, бағындыра алады. Бұлармен тез тіл табысып кету оңай. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Олар өздеріне қатысты айтылған сыни пікірлерді дұрыс қабылдамайды. Сондықтан арыстандар өздерін жақсы көретін жандармен ғана араласқанды ұнатады.

Келер жылдан не күтеді?

Сіз бұл жылдың басында жаңа жобаларыңыз бен бастамаларыңызға көп күш жұмсайсыз. Алайда нәтижесіз жұмыстан абай болғаныңыз жөн. Мешін жылында көптеген белесті бағындыруға мүмкіндік болады. Бұған дейін жіберген қателіктеріңізді дұрыстап, қиын істерді де қолға ала аласыз. Ең бастысы өз мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмау үшін ерінбей еңбек етіңіз. Өзіңіздің ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Ол сізге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Мақсатқа жету жолында сіздерге ешкім аяқтан шалып, кедергі жасай алмайды. Бірақ арада түсініспеушілік болмау үшін, бәрімен де дұрыс қарым-қатынас жасай біліңіз.

Махаббат

Жоғарыда айтып өткендей сізді бұл жылы біршама жұмыс күтіп тұр. Дегенмен сіз өзіңіздің екінші жартыңызды жолықтыруыңыз әбден мүмкін. Себебі мешін жылы сіз үшін жемісті де жеңісті жыл.

Жылдың ортасында сүйгеніңізбен ренжісіп қалуыңыз ықтимал. Бірақ бәрін ой елегінен өткізіп, ақылға салып, дұрыс шешім қабылдаңыз. Сезімге келгенде сізге нәзіктік пен сыпайылық және өз-өзіңізге деген сенімділік керек. Ал сүйгенін кездестірмеген арыстандар белсенді ізденісте жүреді. Олар көрсеқызарлықты қойып, үйленіп, үй болудың қамын ойлайды.

Арыстандардың ең басты кемшілігі — қай кезде де бірінші болғысы келетіндігінде. Ал ол арадағы махаббатқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті екеуара бір келісімге келіңіз.

Ақша мәселесі

Бұл сіз үшін ақша жинауға да, жұмсауға да керемет жыл. Ешқандай қаржылай қиындықтарға кез болмайсыз. Сондықтан осы жылы өз кәсібіңізді бастап, шығыс пен кірісті бірдей бақылауға алғаныңыз жөн. Сонымен қатар, қайырымдылық істерімен айналысыңыз. Сонда әр бастамаңыз оңға басады.

Денсаулық

Барлық жұлдызжорамал белгілерінің ішінде ең мықтысы - арыстандардың денсаулығы. Бірақ бір ескеретін мәселе бар. Олар өз күш-қуатын дұрыс қолдана алмайтын кездер болады. Өйткені арыстандар жан-тәнімен сүйетін іспен шұғылданғанда тамақ ішуді, тіпті ұйықтауды да ұмытып кетеді. Ал мұндай тәртіп кезінде денсаулыққа нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан арыстандарға бірінші байлық денсаулық екенін естен шығармау керек. 

Ж. Исакаев