- Негізгі бет
- Жаңа жыл 2015
- Массагеттен жаңажылдық мәзір:...
Массагеттен жаңажылдық мәзір: Тасбақа торты
Психолог мамандардың айтуынша, тасбақа күш пен сыртқы қауіп-қатерден қорғанудың символы. М.Энденің «Мо-мо» кітабында да дәл осындай рөл атқарады. Ежелгі Қытай картиналарында алып көлемді теңіз тасбақалары бейнеленген. Оларды «Ао» деп атайды. Мұнымен қатар, ұзақ ғұмырды, жұмыртқасының көптігіне байланысты ұрпақ жалғастығын, тыныш қалпымен мәңгілік махаббатты меңзейді. Осыған орай, келер жылда отбасыларыңызда махаббат оты мәңгілік тұтанып, өмірлеріңіз ғұмырлы болсын деген ниетпен тасбақа тортын жасауды жөн көрдік.
Тасбақа тортын дайындау үшін бізге:
• 6 жұмыртқа;
• 3 стақан қант;
• 1,5 стақан ұн;
• 200 грамм сары май;
• 2 стақан қаймақ;
• какао;
• қопсытқыш (разрыхлитель);
• қалауыңыз бойынша безендіретін азық-түліктер қажет.
1. Торт кремін дайындау үшін сары майды аламыз.
2. Алған сары майымызды ыдысқа салып ерітеміз.
3. Үстіне 1,5 стақан қант қосамыз.
4. Артынша барлығын миксердің көмегімен араластырамыз.
5. Дайын болған қоспаның үстіне 2 стақан қаймақ қосамыз.
6. Біртекті күйге енгенше миксердің көмегімен араластырамыз. Осылайша, тортымыздың кремі дайын болады.
7. Енді қамырын дайындауға кірісейік. Ол үшін ыдысқа 6 жұмыртқаны саламыз.
8. Жұмыртқаның үстіне 1,5 стақан қант қосып, араластырамыз.
9. Артынша 1,5 стақан ұн қосамыз.
10. Ұнның үстіне 1 ас қасық какао саламыз.
11. Шәй қасық қопсытқыш қосамыз.
12. Барлығын жақсылап араластырамыз.
13. Табаға арнайы жылтыр қағазды қоямыз. Үстіне дайын болған қоспамызды ас қасықпен құйып шығамыз.
14. 150-180 °С градуста қыздырылған пеште 7-10 минут пісіреміз.
15. Дайын болған шелпектерді ыдысқа саламыз.
16. Шелпектердің арасына крем жаға отырып, тасбақаның бейнесін келтіреміз.
17. Түрлі-түсті драже, жаңғақ және шоколад көмегімен қалауымызша безендіреміз. Тасбақа тортымыз дайын! Астарыңыз дәмді болсын!
Ас үйде болған: Жапатова Ақтоты
Қ. Бүйенбай