Инчхон-2014. Гуанчжоудағы нәтижені артта қалдырдық

Инчхон-2014. Гуанчжоудағы нәтижені артта қалдырдық

Инчхонда өтіп жатқан ХVII Азия ойындарында Қазақстан құрамасының жеңіп алған алтын медальдар саны 19-ға жетті.


Жеңіл атлет Ольга Сафронова 200 метр қашықтыққа жүгіруде алдына жан салмай, Азия чемпионы атанды. Оның көрсеткіші 23,02 секундты құрады. Бұл сында бақ сынаған тағы бір қазақстандық спортшы Виктория Зябкин жетінші орыннан көрінді.

800 метр қашықтыққа жүгіруде Маргарита Мұқашева алтын медаль иегері атанды. Бар күшін соңғы сәтке сақтап келген жерлесіміз мәреге 200 метрдей қалғанда құстай ұшты. Нәтижесінде осы қашықтықта екінші рет қатарынан Азия ойындарында чемпион атанды.

Грек-рим күресінен 120 келіде өнер көрсететін Нұрмахан Тінәлиев финалда оңтүстік кореялық Ким Ионг Минді 5:0 есебімен ұтып, Қазақстанға 19-шы алтын медальді сыйлады. 

Грек-рим күресінен 75 келіде Досжан Қартықов қырғыз Самат Ширдаковты ұтып, қола медаль жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында жерлестеріміз 18 алтын 23 күміс 38 қола жүлдеге ие болып, жалпы командалық есепте 5-орыннан көрінген болатын. Қазіргі таңда отандастарымыздың еншісінде 19 алтын 17 күміс 28 қола бар. Әлі алда үш күн уақыт барын ескеретін болсақ, қазақстандық спортшылардың ірі жетістігін бірге тойлайтын да боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: confederation.kz

Ө. Сансызбай