Тасөткел – оралмандар туралы жаңа картина

Тасөткел – оралмандар туралы жаңа картина
Фото: khabar.kz

Қазақтың басынан өткен талай тағдырды бір адамның образы арқылы көрсеткісі келген «Хабар» телеарнасы көрермендеріне «Тасөткел» драмасын ұсынады. Отан дейтін қасиетті ұғымды өз жанынан биік қойған жандардың өмірін суреттейтін картинаның продюсері Мұрат Бидосов, ал сценарийін жас жазушы Сержан Закерұлы жазған.

«Бұл жоба тарихи күрделі кезеңдерде қуғын-сүргінге ұшырап, қиындық көріп, туған жерінен алыстап, жат жұртқа аууға мәжбүр болған адамдардың тағдыры туралы. Нақтырақ айтсақ Кеңес өкіметінің 30-жылдардағы күрделі саясаты тұсында «Ұлтшыл», «Халық жауы» деген айыппен зардап шеккен қаншама отандастарымыз бар. Жаңа жобаның көтерген жүгінің бір саласы сол қиын-қыстау кезеңнің ақтаңдақ беттерін ашу болды. Тарихи деректерге көз жіберсек, 30-жылдардағы зобалаңнан халқымыздың тең жартысы қырылып, көбісі жат жұртқа босып кетті. Міне, дәл осы кезеңде Ауғанстанға да біраз қандастарымыз көшіп, сол жақты паналады. Сериалдағы оқиға осы кезеңді қамтиды» - дейді продюсері Мұрат Бидосов.

Оқиға желісі бойынша Ауғанстанға қашқан қазақ баласы ер жетіп, қолынан өнер тамған шебер болып өседі. Оны ауғандық генерал байқап, сенімді адамына айналады. Алайда елдегі саяси тұрақсыздық кезінде генералға қастандық жасалып, бас кейіпкер Түркияға қашуға мәжбүр болады. Түркияға өтіп, қолөнерінің арқасында тері цехын ашып, ауқатты кәсіпкерге айналады. Тағдыр жолы тым қиын болып, өзінің кім екенін, қайдан шыққанын ұмытып қалған Қасым ұзақ ізденістен кейін қазақ екенін біліп, туған жеріне оралады. «Фильмнің негізгі мақсаты тағдырдың жазуымен атажұрттан алыстап, қилы тағдыр кешкен ағайындарымыздың отанға деген ыстық ықыласын көрсету болса, енді бір жағынан халқымыздың басынан кешкен тағдырын көрсету арқылы бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін ұғындыру. «Тасөткел» деген атаудың өзі, қарап отырсаңыз, бұралаң жол басып, қиын-қиын өткелдерді бағындырған адамның тағдырын дәлме-дәл аша түсетін атау. Шын мәнінде кейіпкеріміздің басып өткен жолдары тасөткелмен пара-пар. Оқиғаның шытырмандығы, кейіпкердің бастан кешкен қиындықтары осы атауға әбден лайық болғандықтан «Тасөткел» деп атадық. Образды түрде алсақ бүкіл қазақ халқының басынан кешкен қиын өткелдерін де білдіреді» - дейді фильмнің продюсері Мұрат Бидосов.

Картинада бас кейіпкер Қасымның образын 3 кезеңде үш актер ойнады. Балалық шағы, жігіттік кезеңі, қартайған шағы. Қартайған шағын елімізге танымал, таяуда ғана «Хабар» арнасынан көрсетілген «Қария» телехикаясының басты кейіпкері, актер Бауыржан Қаптағай ойнаса, жігіттік шағын Арнұр Құдиярбек есімді жас актер сомдады. Сондай-ақ туындыға Марат Абай-Ділдә, Дархан Сүлейменов, Ғазиз Сұрапбаев, Ергенбай Әбуов сияқты актерлер, Наргиз Алтайбай есімді жас актриса шақырылған.

Айта кетейік, түсірілім жұмыстары елімізден өзге Түркияның Ыстамбұл шаһарында өткен. Көрермен аталмыш туындыны желтоқсан айында тамашалайды.

Г. Берік