- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- «Хабар» арнасында «Мезгілсіз...
«Хабар» арнасында «Мезгілсіз маxаббат»
Махаббат жасқа қарамайды. Бұл «Мезгілсіз махаббат» картинасының басты қағидасы. 7 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасында көрсетілетін комедиялық туынды егде жастағы адамдар арасындағы ғашықтық сезімді баяндайды. Телехикаяның режиссері Әнуар Матжанов. Басты рөлді М. Әуезов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері Айдос Бектемір сомдайды.
- Айдос аға, жаңа телехикая туралы айтып берсеңіз?
- Шәкәрім «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл басқа сериал болайын деп тұр. Біз жастардың махаббаттын баяндайтын талай фильмдер көрдік, ал мынау қаланың сұлу кемпіріне ғашық болып, түрлі қызықтарға тап болатын ақсақал адамның бастан өткерген оқиғалары туралы комедия. Менің кейіпкерім Демесін жұмбайынан бірнеше жыл бұрын айрылған. Екі ұлы бар. Бірі ауылда тұса, екіншісі қалада өмір сүреді. Сол Астанадағы ұлына барғанда көрші үйде тұратын Ғалия есімді келіншекпен тансып, әңгімелері мен көзқарастары ортақ екі адам бір-бірін ұнатып қалатын жағдайы бар. Қызықтың бәрі осыдан кейін басталады. Телехикаяның бүкіл сюжетін айтуға болмас, дегенмен бұл қазаққы қалжыңға, әдемі юморға құрылған ерекше дүние боларына сенемін.
- Кейіпкеріңізді қандай адам ретінде сипаттар едіңіз?
- Мінезі өте жақсы, ауылдың сыйлы ақсақалы. Жолдасы қайтқан соң, көптеген жылдар бойы жалғыз жүреді. Дегенмен адамның жаратылысы сол ғой, сезімсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан сезім өлмеуі керек. Бұл кісі басқа түскен тағдырымен өмір сүріп жатқанда, жақсы адамды кезіктіріп, оны өз әйеліне ұқсатады. Адам жаратылысының соншалықты терең сезімнен тұратынын, тек жастық албырттықпен сүйіп қалу емес, есейген шақта да махаббат болатынын түсінеді. Мұндай сезімдер шет елдік классикада да бар ғой.
- Телехикаяға қалай келдіңіз? Іріктеуден өттіңіз бе әлде арнайы шақырту алдыңыз ба?
- Бірнеше актерлер арасында іріктеу жасады. Режиссер, продюсер мен авторлардың шешімімен маған осы рөл бұйырды. Бұл комедия жанрындағы фильм болғандықтан басты образды сомдау мағанда қызық болды. Ересек адамның сезімдері, өмір сүруі әдебі басқаша болады ғой. Картинаны көрген көрермендер ақ пен қара, ыстық пен суық, жақсы күндермен қатар мұңды күндер болатынын түсінеді деп ойлаймын.
- Мұндай фильмді қоғам қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
- Қоғам деген – адамдар. Адамдар – әртүрлі тағдырлар. Сондықтан әркім өзінше қабылдайды. Біреулер жаман жағын көруі мүмкін, алайда «ауруын жасырған өледі» дейді ғой, ал мұндай тағдырлар біздің арамызда бар. Махаббат өзі қызық қой, жас кезде, орта жаста, жоқ ересек уақытта болады ма, ешкім кесіп айта алмайды. Махаббат ол сезім ғой, сондықтан жасқа қарамайтын шығар.
- Түсірілім барысындағы қызықты сәттермен бөлісе отырсаңыз...
- Кино деген қызық қой. Фильмнің түсірілімі кезінде әртүрлі жағдайларға тап боласың. Біздің картинаның көпшілік сахналары Алматы аумағында болды. Дегенмен мен Астанаға қыдырып баратын көріністерім бар. Менде сондай бір сахна болды. Спорт залда жаңағы жүгіретін жерім бар. Сонда Демесін ақсақал қаланың адамдары жүрмейді, жұмысқа барады да келіп жатады. Сондықтан әлсіз болады деп айтып қалады. Бұған намыстанған Ғалия оны спорт залға алып барады. Содан жүгіріп терлеген соң, орамалмен сүртейін деген кезде орамалы түсіп кетті. Орамалды шайнап кетпесін деп аяғыммен теуіп үлгерем дегенше құладым (күлді). Еш жерім ауырған жоқ. Осындай оқиғалар болып тұрады.