Ләйлә Сұлтанқызы «Хабар» арнасында жаңа жоба жүргізеді

Ләйлә Сұлтанқызы «Хабар» арнасында жаңа жоба жүргізеді
Фото: google.kz

17 қазаннан бастап «Хабар» телеарнасында «Тікелей эфир» жобасы жарыққа шығады. Бағдарламаның тізгінін белгілі тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы ұстайды.

«Тікелей эфир» еркін форматтағы ток-шоу. Біз түрлі тағдыр, шешімін таппай жүрген түйткіл, адамның өмір жолындағы күресін көрсетеміз. Мақсатымыз қоғам назарына ілінген ерекше оқиғаларды талқыға салу, кезек күттірмейтін мәселелердің тобықтай түйінін табу. Сондай-ақ еліміздің мәдени өміріндегі атаулы күндер, өнер саласы тақырыпқа арқау  болады» - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Шығармашылық ұжым жаңа бағдарлама қызыққа толы болады деп отыр. Олардың айтуынша көрермендер студиядан танымал тұлғалар мен әлеуметтік желілердегі жұлдыздар, қоғам қайраткерлері мен қарапайым тұрғындарды қонақ ретінде көреді. Елімізде болып жатқан шынайы оқиғалар жоба барысында зерттеліп, көмек көрсету мақсатында студияға сарапшы мамандар, жанашылар мен сыншылар шақырылады.

«Арна басшыларымен бірнеше рет кездесу барысында  мұндай бағдарламалар елімізде аз екенін түсіндік. Әрине әлеуметтік, мәдени, ойын-сауықтық бағдарламалар бар, бірақ кез келген тақырыпты қозғайтын ток-шоулар аз. Оның үстіне «Хабар» арнасында көрермендермен өтетін тікелей эфирдегі бағдарлама жоқ» - деп ойын жалғады жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы.

Айта кетейік, ток-шоу сейсенбіден жұма аралығы сағат 15.00-де эфирге шығады. Ләйләның айтуынша дәл осы уақыт бекер таңдалмаған. «Телевизияда жиырма жыл істеген болсам, көрермендер соңғы 5 жылда көбірек тани бастады. Бұл «Әйел бақытымен» байланысты ма, жоқ бақса нәрсе болар, нақты білмеймін. Әр адамның өзінің «прайм-таймы» болады. Іштей менің прайм таймым сағат 15.00 ме деген сенім бар. Басшылар тарапынан кешкі уақытқа қою ұсынысы болды. Бірақ мен сағат 15.00-ге қойсақ деген ойымды білдірдім. Оның үстіне кешкісін телехикаялар өте көп, ауыр тақырыптармен елдің мазасын алғанды жөн санамадық», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.  

Олай болса, жобаны 17 қазаннан бастап «Хабар» арнасының тікелей эфирінен және арнаның www.khabar.kz сайтынан көре аласыздар. 

А. Оралқызы