ER-BATYR жобасының жаңа қонағы – Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек. Ол сұхбат барысында неге қазақстандық қоғамда қорқыныш бар, 80-жылдардағы ұрпақ несімен ерекшеленеді, неге ер адамға шынайы болу қиын деген секілді сұрақтарға жауап беріп, балаларын қандай принциптер бойынша тәрбиелеуге тырысатынын айтып берді.
Жобаның жаңа шығарылымын ER-BATYR YouTube арнасынан тамашалаңыздар. Жоба серіктесі - Tele2 ұялы байланыс операторы.
Саясат қазір ер адамға адалдық, әділеттілік, жауапкершілік, батылдық, шынайылық сияқты қасиеттер керек деп санайды.
"Ер адамға шынайы болу өте қиын. Ол көптеген мәселені шешуге, қарым-қатынасқа түсуге, кей жағдайларды жеңуге мәжбүр. Бұл орайда өзі үшін әрі басқа адамдар үшін шынайы болу үлкен батылдықты қажет етеді", - деп түсіндірді ол.
Депутаттың пікірінше, 80-жылдардағы ұрпақтың өзіндік ерекшелігі бар. Олар - өткен ғасырда, мыңжылдықта, Кеңес одағы кезінде дүниеге келген, 90-жылдар мен Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын көрген адамдар.
"Бәлкім біз біраз уақыттан кейін "жігіттер, шын мәнінде осылай болды" деп айта алатын соңғы адам шығармыз. Біз өте мықтымыз, өйткені бізде тәжірибе бар. Біз 80, 90-жылдары өмір сүруді үйрендік. "Тәжірибесі бар бір адам тәжірибесіз екі адамнан артық" деген сөз бар ғой. Біз аралық қиындыққа қарамастан аман қалған, аяққа тұрып, бәрін көрген ұрпақпыз", - дейді депутат.
Жоба қонағының айтуынша, қазір қазақстандық қоғамда пандемиядан кейінгі қорқыныш бар. Кейінгі үш жыл коронавирус пандемиясына байланысты өте қиын болған. Оған қаңтардағы оқиғалар, Украина мен әлемдегі жағдай қосылған.
"Бұл қорқыныш сұмдық нәрселерді туындатады, оның ішінде енжарлық, комплекс сезімі, агрессия бар. Сондықтан қазір қоғамда болып жатқан ең жаман нәрсе - бойымызда пандемиядан кейінгі қорқыныштың болуы. Біз бір-бірімізден, болашағымыздан, көршілерімізден, отандастарымыздан, тіпті өз балаларымыздан қорқа бастадық. Қазір осы мәселелер туралы айтып, қоғамды емдеу қажет екенін көріп отырмын", - деп атап өтті ол.
Сұхбатта көтерілген тағы бір тақырып - Қазақстандағы мектептегі білім беру мәселесі. Депутат орта білім беру саласындағы қазіргі модель арнайы лицей мен кәдімгі мектеп түлектері арасындағы білім деңгейінің үлкен алшақтығына әкеледі деп санайды.
"Бұл білімге ғана емес, мәдениетке, денсаулыққа да қатысты болады. Жаман әдетке үйір болу, ішімдік ішу, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету секілді толып жатқан мәселе қарапайым нәрсеге - орта білім беру моделіне негізделеді. Бұл - дайындық, саналы болу, функционалды сауаттылық деңгейіндегі үлкен алшақтық. Ол үлкен әлеуметтік және экономикалық алшақтық тудырады", - деді ол.
Саясаттың айтуынша, ата-ана бала тәрбиелеу кезінде оған өзінің өмірлік ұстанымдарын таңуға тырыспауы керек.
"Бала тәрбиелеуде өзімді қатты шектеуге, ақыл айтудан аулақ болуға тырысамын. Әр бала - жеке тұлға", - деді ол.
Сондай-ақ, депутат балаларына еркіндік пен жауапкершілікті сіңіруге тырысатынын айтады.
"Ешқашан балаларыма жауапкершілікті біреуге артуға рұқсат бермеймін. Олар жауапкершілік пен оның салдары барын нақты түсінуі керек. Әкесін, анасын, Үкіметті, бағдаршамды, мұғалімді, көлікті кінәлаудың ешқандай пайдасы жоқ. Біздің міндетіміз - артық нәрсені сәл алып тастау, баланың ішкі әлеуетінің жетілуіне және ашылуына мүмкіндік беру. Осылай жасай алсақ, ата-аналарға мәртебе әрі мақтаныш болады".
Жобаның Instagram-дағы ресми парақшасы – erbatyrkz.