Қазақстанда әскери киім қарапайым адамдар арасында өте жоғары сұранысқа ие. Сондықтан болар оны кез келген жұмысқа арнап халық арасында жаппай сатып алу үрдісі бар. Бірақ әскери киімді көшеде киіп жүргеніңіз үшін айыппұл төлейтініңізді білесіз бе? Массагет порталы осы сұрақ төңірегінде ізденіп көрді.
Өткен жылдан бастап елімізде қандай да бір жұмыста – аңшылар, құрылысшылар әскери киімді киюіне тиым салынды. Енді қарапайым адам көшеде әскери киім киіп жүрсе оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша айыппұл салынады. Әскери киімді көшеде қандай жағдайда киіп жүруге болатыны туралы Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов "Қарулы Күштерді киім-кешек және тамақтандырумен қамтамасыз ету" атты онлайн-брифингте егжей-тегжейлі айтып өтті.
Әскери киім Қарулы Күштердің 2011 жылғы 25 тамыздағы заңға сәйкес "Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген погондары бар нысанды киім (киім-кешек) және әскери қызметшілердің Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиістілігін айқындайтын жабдық" болып табылады.
Еліміздің Қарулы Күштерінде 4 әскери киім бар. Олар:әскери киім, күнделікті киім, жаттығу киімі және арнайы киім. Жыл мезгілдеріне байланысты әскери киім жаздық және қыстық болып бөлінеді.
Әскери қызметкер отставкаға шыққанан кейін әскери киімді киіп жүруге бола ма?
Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың айтунша, Қазақстан Қарулы күштерінде 25 жыл не одан да көп қызмет етіп еңбек демалысына шыққан ардагерлер қандай да бір әскери іс-шара кезінде әскери киімді киіп жүруіне болады.
Көшеде кез келген адам әскери киім киіп жүре ала ма?
"Көшеде кез келген адам әскери киім киіп жүре алады. Бірақ әскери киімде оның Қазақстан Қарулы Күштерінің белгілі бір бөліміне тиесілі екенін білдіретін қандай да бір белгі – погон, петлица, жұлдызша, эмблема, жапсырмалар болмауы керек. Егер аталған белгілердің бірі болып, оны көшеде қарапайым адам киіп жүретін болса ол заңға қайшы", - дейді Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары.
Әскери қызметін өтеп болған жауынгер өзімен бірге әскер киімін алып кете ала ма?
"Иә, әрине. Әскери қызметін өтеп болған қатардағы жауынгер Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің запастағы жауынгері болып қалады. Сондықтан ол өзімен бірге әскери киімді алып кете алады", - дейді генерал-майор Мұхамеджан Таласов.
Айта кетейік, әскери киімді көшеде киіп жүрген азамат 5 АЕК яғни, 13 890 теңге көлемінде айыппұл төлейді және оның әскери киімі тәркіленеді. Бұл заң жеке тұлғаларға қатысты. Ал заңды тұлғалар заң бұзса оларға 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.