Алматыда Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгеріне қошемет көрсетілді

Биыл Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 76 жыл толды. Елімізде осы қан майдан соғысқа қатысқан 665 ардагер бар. Солардың бірі, Мәскеуді қорғауда ерекше ерлік көрсеткен, әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері – Жонқабаев Қайырлы Уатайұлы.

Бүгін Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік"  өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Қыдырұлы Әміреевтің басшылығымен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ардагерді “Жеңіс күнімен” құттықтап, арнайы іс-шара ұйымдастырылды. 


Аталмыш жиынға Панфиловтың жиен немересі Алуа Байқадамова келіп ардагерді құттықтаса, "Нұр Отан"  партиясының өкілі Әліби Несіпбаев партия атынан алғыс хат пен сыйлық тапсырды.

Ұлттық  ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Ал өңірлік қолбасшылық  Ардагерлер кеңесінің  өкілдері ардагерге қошемет көрсетті.

Алдағы 10 қыркүйекте 100 жасын қарсы алғалы отырған Қайырлы Уатайұлы көпшілік қауымға рахметін жаудырды.


“Еліміз Президетіне рахмет, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Жақсылықов Руслан Фатихұлына рахмет. Пандемиядан аман болыңыздар. Қазақстанның қорғаны мығым болсын. Елімізді қорғайтын жауынгерлер көп көп болсын”, - деді ардагер.

Жиналған қауымғаа Қайырлы Жоңқабаев соғыстағы естеліктерімен бөлісті. 

“Мен соғысқа 20 жасымда аттандым. Біз жау әскерін Мәскеуге 30 шақырым қалғанда тоқтаттық. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басында қайта қарсы шабуылға шықтық. Содан фашист армиясын Мәскеуден 150 шақырым қашаықтыққа апарып тастадық. Біздің жеңіске жетуге деген рухымыз күшті болды”, - дейді ардагер.


Қайырлы Жоңқабаев Республикамызда қазір тыныштық екеніне қуанатынын айтты.

“Қазақстанда қазір тыныштық. Бейбітшіліктің қадірін бағалай алуымыз керек. Елімізде әрқашан тыныштық, береке-бірлік болсын” - деді соғыс ардагері.

Осыдан соң Ұлттық  ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді орындап, көптің ықыласына бөленді. 

Қайырлы Жоңқабаев құрамында болған 316 атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматыда құрылды. Құрамындағы жауынгерлер оңтүстік өңір азаматтарынан алынды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құрамында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Дивизияны Панфилов басқарды. Соғыстағы ерлігі үшін дивизия кейіннен 8 атқыштар гвардиясы атағын алды. "Қызыл ту", "Ленин" ордендерімен марапатталды. Бұл дивизияның құрамынан 36 жауынгер “Кеңес Одағының Батыры” атағын алды. Оның ішінде әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы “1990 жылы), Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров сынды батырларымыз бар. 

Іс-шара соңында жиналған қауым естелік үшін суретке түсті.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған,   Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан.    1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды. 

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған.   1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді. 

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін “Қызыл Жұлдыз”, және ІІ дәрежелі “Отан соғысының” орденімен, “Ерлігі үшін”, “Мәскеуді қорғағаны үшін” медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.