Тарихтағы ең ұзақ соғыстар

Адамзат жаралғалы бері 80 миллиард жыл өтті ме, 80 миллион жыл өтті ме белгісіз. Бізге белгілісі соңғы 5 мың жылдық тарих қана. Ағаш, тас және сүйекпен  қаруланған адамзат баласы бүгінгі қырып-жойғыш технологияға дейін сан мыңдаған қанды қырғынды бастан өткізді.  Соның ең ауыры – Екінші Дүниежүзілік соғыс! Бұл соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 50-55 миллион адам қазаға ұшырап, 4 триллион доллар көлемінде шығын шықты. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарды.

Тарихта Екінші Дүниежүзілік соғысқа жете қабыл, әрі өте ұзақ уақыт жалғасқан соғыстар да болып өткен. Назарларыңызға солардың бірнешеуін ұсынамыз.

©avatanplus.com

Вьетнам cоғысы (18 жыл) 

Вьетнам соғысы – АҚШ және Кеңес Одағының тарихы мен мәдениетінде елеулі із қалдырған XX ғасырдың екінші бөлігінің ең ірі соғыстарының бірі. 

Бастапқы кезде Оңтүстік Вьетнамда азаматтық қақтығыстан басталып, көптеген жылдарға созылып, соғысқа тек қана солтүстік Вьетнам емес, Қытай мен КСРО, АҚШ пен СЕАТО ұйымы араласуға мәжбүр болды. Сол кезде Лаос пен Камбоджада болып жатқан азаматтық соғыстарымен Вьетнам соғысы шиеленісіп, осы Оңтүстік-Шығыс Азияның аймағындағы 1950-ші жылдардың соңынан 1975 жылға дейін болған әскери қақтығыстар жалпылай Екінші Үнді-Қытай соғысы атымен белгілі болды. 

Соғыс кезеңдері: 
Оңтүстік Вьетнамдағы азаматтық соғыс (1957—1964 жылдар); 
АҚШ-тың толық араласуы (1965—1973 жылдар); 
Соғыстың ақырғы кезеңі (1973—1975 жылдар). 

Соғыс салдарынан АҚШ 58 мың сарбазынан айрылды, олардың 35 мыңы 21 жасқа толмағандар болатын, 150 мыңнан астамы еліне келгесін өз-өзіне қол жұмсады. Бұл АҚШ тарихында қанды сиямен жазылған ең масқара жеңілістердің бірі болды. 

Ал Вьетнамның жағдайы бұдан да мүшкіл еді. 18 жылдық соғыс нәтижесінде олар 1 млн-ға жуық сарбазын жоғалтып, 2 млн-нан артық жергілікті тұрғыны қайтыс болды. Бұдан бөлек жаппай өлім әкелетін химиялық қаруларды қолданудың нәтижесінде 83 мың адам ампутант, 30 мың адамның көзі соқыр және 10 мыңдай адам саңырау болып қалды. Кейінгі ұрпақтарында да генетикалық өзгерістерге ұшырады.

Бұл әскери әрекеттер кейін адамзатқа жасалған ең жауыз қастандықтардың бірі ретінде аталды. 

©haikudeck.com

Пелопонесс соғысы (27 жыл) 

Анығында бұл атпен тарихта екі рет соғыс болған. Біріншісі – кіші Пелопонесс соғысы (б.з.б 460-445 ж.ж.). Екіншісі – Үлкен Пелопонесс соғысы (б.з.б. 431-404 ж.ж.). 

Үлкен Пелопенесс соғысы ежелгі Эллада (Греция) тарихындағы ең ірі соғыс ретінде тарихта қалған. Негізінде Афина мен Спарта арасындағы ұрысқа көптеген мемлекеттер, соның ішінде парсылар да араласқан. Қырғи-қабақ соғыста қанша адам шығын болғаны нақты емес, соғысты соңы Афинаның жеңіліп Спартаға қосылып кетуімен біткен. 

©kolobugaruru.wordpress.com

Алқызыл және ақ раушан гүлдер соғысы (33 жыл) 

Бұл соғыс 1455 жылдан 1487 жылға дейін жалғасқан азамат соғыстарынан тұрды. Олар: Ланкастер-Плантагенттер мен Йорктер. Бұл топтар Англиядағы билікті түбегейлі басқаруға таласты. Генрих IV-нің ақылы кеміс болды да, көңіл көтеруді ұнататын ханшайым мемлекетті құрдымға кетірді. Феодалдар арасындағы нәтижесіз соғыс, Англияның дамуын шектеді. 

Билік басқаруында үміт күттірген герцог Ричард Йорктерге қарсы айқаста қаза табады. Жүздеген ақсүйектердің өмірін жалмаған соғыста ешкім жеңіске жеткен жоқ. Осыны пайдаланған Тюдорлар әулеті тақты иеленіп, Англияны 117 жыл басқарды.

©keywordhouse.com

Гватемала соғысы (36 жыл) 

1960 жылдан 1996 жылға дейін созылған азаматтық соғысқа "коммунизмге қарсы күрес" деген ат берілген. Алғашқы жылдары соғыс нәтижесінде жылына 6-7 мың адам қайтыс болса, 80-жылдардың ортасында соғыс өрті күшейіп бір жылдың ішінде 669 рет қақтығыс орын алды. Соның нәтижесінде 1 жылда 200 мыңнан артық адам о дүниеге аттанды. Ал олардың 165 мыңдайы майялық үндістер болатын. 36 жылдық соғыс нәтижесінде 150 мыңнан артық адам дерексіз жоғалды. 

©johnnyshumate.com

Грек-парсы соғыстары (50 жыл) 

Грек-парсы соғыстары (б.з.б. 500 – 449 жылдар), Ахемен әулеті мен ежелгі грек қала-мемлекеттерінің (полистерінің) арасында болды. Соғыстың басталуына б.з.б. 500 жылы Кіші Азиядағы парсы үстемдігіне қарсы шыққан грек полистеріне Афина мен Эретрияның (Эвбей аралы) әскери кемелерінің көмек беруі себеп болды. 493 жылы қолбасшы Мардоний басқарған парсы армиясы көтерілісті басып, келесі жылы Геллеспонт арқылы Грекияны жаулап алуға аттанды. 10 жыл үзілістің ішінде Афинада демократиялық топтардың көсемі Фемистокльдің бастамасымен үлкен флот құрылды.

480 жылы парсылардың жаңа жорығын Ксеркс патша басқарды. Спарта патшасы Леонид басқарған гректер қорғаған Фермопиль тау өткелін бұзып өткен парсы әскері Беотияны, Аттиканы талан-таражға түсіріп, Афинаны талқандады. Алайда сол жылы парсы флоты Саламин аралында ауыр жеңіліске ұшырады. 479 жылы Платеяның түбінде парсылардың жаяу әскерлері талқандалып, сол кезде парсы флоты Микале мүйісінде тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл шайқастар іс жүзінде грек-парсы соғыстарының тағдырын шешті. Парсылар Грекия аумағынан кетуге мәжбүр болып, гректердің әскери қимылдарды Эгей теңізі мен Кіші Азия ауданына ауыстырылды. V-ғасырдың 70-жылдары қолбасшы Кимон басқарған гректердің біріккен армиясы бірнеше жеңіске жетіп, Фракия жағалауын, Эгей теңізіндегі бірқатар аралдар мен Византийді басып алды. 469 жылы гректер Эвримедонт өзенінің сағасында парсыларды ауыр жеңіске ұшыратты. Әскери қимылдар бірде тоқтап, бірде қайтадан жалғасып, 449 жылға дейін созылды. Кипрдегі Саламинқаласының жанында гректер ірі жеңіліске жеткен соң Персиямен Каллий (афина өкілетті уәкілінің есімімен) бітімі жасалды.

Бұл бітім бойынша Персия өздерінің Эгей теңізіндегі, Геллеспонт пен Боспордағы иеліктерінен айырылып, Кіші Азиядағы грек қала-мемлекеттерінің саяси тәуелсіздігін мойындады. Грек-парсы соғыстарындағы гректердің жеңісі Ахемен әулетінің әлсірей бастағанын көрсетті. Осы соғыстан кейін грек құлиеленушілік қоғамы гүлдену кезеңін бастан кешті. Соғыстар барысында Делосс одағын құрған Афинаның күшеюі басталды. 

©killpic.pw

100 жылдық соғыс (116 жыл) 

1328 жылы француз королі Карл IV қайтыс болды да, таққа мұрагер табылмады. Осыны пайдаланған ағылшын королі Эдуард III (1327 – 1377) өзін қайтыс болған корольдің жиені ретінде тақтың мұрагерімін деп жариялады. Бірақ француз ақсүйектері әйелдер жағынан тараған ұрпақтың Франция тағын иеленуіне тыйым салатын ежелгі дәстүрге сүйеніп, қайтыс болған корольдің алыс туысы, Валуа әулетінен шыққан Филипп IV -ны король тағына отырғызды. Эдуард III алғашында бұл шешіммен келісті. 

Көп ұзамай жаңа корольдің белсенді әрекеттерінен өзінің Франциядағы иеліктеріне қауіп төнетінін түсінді. 1339 жылы ағылшындар Францияға сәтсіз жорық жасады. Келесі жылы жорықтарын тағы қайталады. Бұл жолғы шабуыл сәтті аяқталып, француз флоты толық жойылды. Филипп IV бітім сұрауға мәжбүр болды. Алайда бұл бітім ұзаққа созылмады.

1346 жылы ағылшын әскерлері Нормандияға басып кірді. Олар Париж қаласына дейін келіп жетіп, Францияның солтүстік аймағына қарай шабуылға шықты. Француз әскерлері, негізінен, рыцарлардан құралған еді. Ал ағылшын әскерлерінің негізін ерікті шаруалардан құралған садақшылар құрады. 1346 ж. 26 тамызда олардың арасында үлкен шайқас болды. Шайқас барысында француз жасақтары оннан аса шабуыл ұйымдастырды. Бірақ бір орталықтан басқарылмаған, бей-берекет шабуылдар ешқандай нәтиже бермеді. Ұзын садақпен қаруланған тәртіпті ағылшын садақшылары оларды 150 м-ден артық жақындатпай, алдымен рыцарлар мінген аттарды мертіктірді. Осыдан кейін шайқасқа ағылшын атты әскерлері араласты. 1,5 мыңға жуық француз рыцарлары қазаға ұшырап, ағылшындар 3 сарбазынан ғана айырылды. Жеңіске жеткен Эдуард III аса ірі порты бар Кале қасын қоршауға алды. 

1428 жылы Франция аса ауыр жағдайда қалды. Қазан айында Орлеан қаласын ағылшындар қоршауға алды. Осындай қиын жағдайда Жанна Д’Арк бастаған жасақ пайда болды. Олар 1429 жылы мамырда Орлеанды азат етіп, Карл VII-нің таққа отыруын қамтамасыз етті. Алайда француз ақсүйектері ержүрек қызды ағылшындарға ұстап берді. Жанна Д’Арк өлгеннен кейін Францияда халық жасақтары жер-жерде құрылып, күшейе бастады. Олар 1436 жылы Париж бен оның төңірегін азат етіп, 1450 жылы Нормандияны бағындырды. 1453 жылы 19 қазанда Франциядағы ағылшындардың ең соңғы бекінісі Бордо құлады да, жүзжылдық соғыс ешқандай келісімшартсыз аяқталды.

Бұл соғыс екі ел тарихында да үлкен рөл атқарды. Еуропадағы иеліктерінен айрылған ағылшындар басқа құрлықтардан отарлар басып алуға кірісті де, көп ұзамай аса күшті теңіз державасына айналды. Ал Франция бір орталыққа бағынған мемлекет болып қалыптасты. жүзжылдық соғыс рыцарлардың дәурені өткендігін, болашақ соғыстарда шешуші рөлді оқ-дәрімен атылатын қарулармен қаруланған халық жасақтары атқаратынын көрсетіп берді. 

©pinterest.com

Рим-Карфаген соғысы (118 жыл) 

Заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырға келіп римдіктер бүкіл Италияны бағындырды. Енді бай арал – Сицилияны басып алуды жоспарлай бастады. Бірақ ол аралға көз тігіп отырған жалғыз мемлекет римдіктер емес еді. Сицилияны бағындыруды сол кездегі құдіретті патшалық саналған карфагендіктер де жоспарлап отырған болатын. Осылай екі алып королдік ортасында кескілескен соғыс 118 жыл ішінде 3 (ең ірі соғыстары) рет болып өтті. Соңғы 3 жылда арадағы соғыс өрті шарықтау шегіне жетті. Шешуші шайқасқа римдіктер "Карфаген толықтай жойылуы шарт" деген ұранмен майданға кірді. Нәтижесінде римдіктердің мерейі үстем келіп, шынында да Карфаген елі жер бетінен жойылып кетті. 

Бұлардан бөлек тарихта 300 жыл бойы шайқасқан үндістер мен испандар соғысы, 700 жылға созылған рим-парсы соғыстары болып өткен. Бірақ олар кішігірім қақтығыстардан және сол сияқты ресми түрде бітімге қол қоймағандығы себепті бұл тізімге енгізбегенді жөн көрдік.