- Негізгі бет
- 9 мамыр 2018
- 7 мамыр. Жігітіңізге...
7 мамыр. Жігітіңізге қандай сыйлық жасайсыз?
Көптен күтіп жүрген 7 мамыр мерекесіне де аз уақыт қалды. Әкеңізге, үйдегі бауырларыңызға, досыңызға, жігітіңізге қандай сыйлық береріңізді білмей, біраз ойланған боларсыз? Себебі, біз 8 наурызда әлдебір тосынсый күтетініміз секілді, жігіттер қауымы да өз тарапынан ерекше көңілді, айрықша сыйлықты тосады. Бағалы сыйлық жасай алмасаңыз да, сіздің жылы сөзіңіз, ыстық ықыласыңыз жігітіңіздің жүрегінен орын алуы әбден мүмкін. Осы орайда қыздар қауымына «Жігітіңізге қандай сыйлық жасайсыз?» деген сұрақты қойып, әртүрлі жауап алған болатынбыз. Ендеше сол жауаптарды бізбен бірге оқып, өзіңізге де идея ала отырыңыз.
Әсел Асанова: 7 мамырда жігітіме көлік кілтіне тағатын салпыншақ және тасбих сыйлаймын. Оны арнайы тапсырыс беріп, табиғи тастардан жасаттым, екі әшекейде де екеуміздің атымыз жазылады. Маған есімдер жазылған сыйлықтар ұнайды, бірақ жігітім басқа әшекейлерді тақпайды, бұл сыйлықты көлігіне іліп қояды. Оның жанында тағы бір өз қолыммен жасаған сыйлығым болады. Жігітім әскери адам болғандықтан А3 форматты қағазға әскери камуфляж бейнесінде боялған сурет шығарып, осы қағаздан жейде жасаймын да, ішіне хат салып беремін. Оған менің өз қолыммен жасаған сыйлығым ұнайды деп ойлаймын.
Таңсұлу Үсенова: Негізінде сыйлық беру де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жалпы ұл балаларға сыйлық табу аздап қиынға соғады. Мен жеке басым кітап сыйлаймын. Рухани жағынан да, тіл байлығы жағынан да қажетті құнды сыйлық болады деген ойдамын.
Жанерке Тұрсынбаева: Сыйлық таңдауға, оны сыйлауға аса көп көңіл бөлемін. Тіпті кейде құрбыларыммен ақылдасамын. Алайда көбінесе өзіне қажет бұйымдарды немесе үнемі қолданатын, қажетіне жарайтын дүниелерді сыйлаймын. Мысалы, әмиян, галстук, жейде, құлаққап, телефон қуаттаушы, иіссу, сағат, фотоаппарат, белдік – көп қой. Әр жылда әртүрлі сыйлық жасаймын.
Ұлболсын Сағындық: Жігітімнің туған күні 6 мамырда. Жігіттер мерекесімен тұспа-тұс келген соң, бір ғана сыйлық жасаймын. Бірақ арзан дүние сыйлағым келмейді. Бұл күндерді әр жылда әртүрлі өткіземіз. Туған күнімен міндетті түрде құттықтаймын. Өткен жылы, киноға, одан демалыс паркіне барып бір күнді демалысқа арнағанбыз. Осы жылы тауға шығу жоспарда бар.
Сәуле Сапарбек: Кітап, жейде, күміс сақина, қойын дәптер (блокнот), былғары белдік, көзілдірік, спорттық сөмке, спорттық аяқ киім сыйлаймын. Жігітім футбол ойнағанды жақсы көреді. Суретке түскенді де жақсы көреді. Осы жолы фотосессия жасайтын арнайы мамандарға жүгініп, жақсы естеліктер сыйласам деп отырмын. Ол үшін арнайы орын, әдемі интерьер барлығын қарастыру керек. Жалпы, жігітімнің қызығатын дүниесі өте көп. Атқа отырғанды да жақсы көреді. Бір жолғы мерекесінде атпен серуендеуге алып барғанмын. Парашюттан секіруге алып барайын десем, биіктіктен өзім қорқамын, сондықтан аяқ тартып жүрмін. Алда жігітімді қуанту үшін барып қалуымыз мүмкін.
Жылына бір келетін бұл мерекеде сүйіктіңізді, жақын азаматтарды қуанту да, мұңайту да нәзік жандылардың қолында. Сонымен қатар есте қаларлықтай өткізу үшін де көп дүние қажет емес. Есіңізде болсын, ең бастысы – сіздің шынайы көңіліңіз бен түзу ниетіңіз, жүректен шыққан жылы сөзіңіз.
Н. Үсенова