Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов Байзулла

Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов Байзулла
Фото: warsite.ru

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Әкіжанов Байзулла Әкіжанұлы

Мен 1923 жылы 6 ақпанда Павлодар облысының Ақсу ауданында дүниеге келгенмін. Бірақ менің құжатымда Павлодар облысының Ақтоғай ауданында туған деп жазылған. Бұл ағамның халық жауы атануымен байланысты еді. Ол Тимирязев академиясын бітірген, еңбек жолын 1932 жылы зоотехник қызметінен бастады. Кейін аудандық жер бөлімінің меңгеруішісі, аудандық атқару комитетінінің төрағасы, қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Одан соң оған Қазақстанның егін шаруашылығы бойынша Халық комиссарының орынбасары қызметі ұсынылды. Ағам келісімін берген, дегенмен бір аптадан кейін оған жала жабылып, тұтқынға алды. Ол Ресейдің Воркута қаласында абақтыда отырды. Тек 1947 жылы ғана босап шықты. Бала болдым, қорқып, аңқау болдым. Содан құжатымдағы туған жерімді өзгертіп жаздым, ал ағам туралы ешкімге жақ ашпадым.

Біздің кезімізде ұлдардың арманы – ұшқыш болу еді. Чкалов, Байдуков, Громов... Бұл есімдерді бәріміз жатқа білетінбіз. Бір күні кітапханада жүріп, ұшқыштар туралы кітап тауып алдым да оқып үйрене бастадым. 1934 жылы ұшақты ең бірінші рет көрдім, ол біздің аудан орталығына келіп қонды. Әлгі ұшаққа бәріміз жүгіріп бардық. Ұшқыш бас дәрігермен сөйлесіп тұрды, ал біз ұшақты қаумалап, оған қолымызды тигізуге таласып жүрдік. Мен бұл темір құстың сырын ұққым келіп, бәрін көргім кеп тұрды. Ұшақтың қанатына қолымды тигізгенім сол еді – желкемнен біреу нұқып жіберді. Сөйтсем, милиционер екен. Ал ұшақтың қанаты темір емес, перкальден жасалған екен.

Шынын айту керек, ол кездегі біздің халіміз мүшкіл болатын. Әкем жұмыссыз, шешем жұмыссыз, ағам мен әпкем педучилищеде оқиды, ал мен екінші ағаммен мектепке барамын. Сөйтіп біз алтауымыз үлкен ағамыздың тапқан-таянғанына қарап отырдық, ол отбасымен бөлек тұратын. Сол кезде үлкен ағам бар болғаны 1200 рубль алатын. Партияда қызмет ететіндердің бәрі осы ақшаны алады.

Мен 4-сыныпты бітірген соң, отбасымызбен Семейге көштік, бұл жерде қазақ мектебінде оқыдым, ал бұған дейін орысша оқып келгенмін. 5-сыныпқа бардым, бірінші тоқсаннан кейін мені 4-сыныпқа көшірді, ал екінші тоқсаннан кейін – үшіншіге: қазақ тілін дұрыс білмегендігімнен, қатарымнан қалып оқыдым. Есесіне, орыс тілі, әдебиет, дене шынықтыру пәндерінен үнемі бестік, ал географиядан төрттік алып жүретінмін. Бұған ренжіген мен Янков аудандық білім беру басқармасына барып шағым айттым. Ол мені қабылдап, мектеп директорынына қоңырау шалды: «Ұят емес пе? Баланың талабы бар екен, ал сен оны 3-сыныпқа қалдырыпсың, дәл қазір 5-сыныпқа көшір, биыл бұл бала 5-сыныпты бітіріп шығу керек, бүған өзің жауап бересің!» деп еді, мен 5-сыныпқа көштім.

Содан 1939 жылы мектепке Осоавиахим қорғаныс қоғамының өкілі, техник Логвиненко келді. Аэроклубқа 19 адамды жазып алып кетті. Он тоғыздың ішінде мен де бармын. Комиссиядан өтуге бардық, ұлдардың көбі балалар үйінен болатын, олар тым әлсіз еді. Комиссиядан өткендер теориялық білім жинауды бастады. Біз ұшу теориясын оқыдық, қазір аэродинамика деп аталады, ұшақтың корпусы, У-2-де тұрған М-11-дің моторымен таныстық. Сонымен қатар, Жұмысшы-шаруа қызыл әскердің жарғысын жаттатты. Ұлдарға қызық қалмады, іш пыстыратын дәрістерден шаршаған болуы керек, кезекпен кете бастады. Ал мен қалдым, алғаным кілең – төрт пен бес. Аэроклубта жүріп оқудан көз ашпадым. Таңғы 6-да тұрып, аэроклубқа келетінмін, 4 сабақ оқып, тамақтанып, мектепке баратынмын, мұнда отырып 5-6 сабақ оқып кететінмін. Кейін тәжірибеден өтетін болдық, мектепке де баруға уақытым болмайтын. Ең бірінші рет ұшаққа отырып, ұшып көргенде аэроклубтың бастығы менен жақсы ұшқыш шығатынын айтып қуантты.

1940 жылы аэроклубты бітірдім, сол жылы Бірінші Чкалов әскери авиациялық училещеден комиссия келді. Мен барлық сұрақтарға мүдірмей жауап бердім, бірақ училеще мені қабылдамады, себебі ағам «Халық жауы» атанды. Есесіне, сырттан келген комиссия маған қолдау білдірді. Әсіресе, нұсқаушы, капитан Нестеров маған сенімін білдірді, бірақ амал жоқ, менімен бірге сынақ тапсырған жігіттердің бәрі келген комиссиямен бірге кетті, ал мен қалдым да бардым.

Аэроклубтың басшысы Николай Павлович Пильщиков мені аэроклубтың өрт сөндірушісі қызметіне алды. Алатын жалақым – 150 рубль, Пильщиков мені аэроклубтың асханасынан тамақтануға рұқсат алып берді, тұратын жерім жоқ, аэроклубтың спортзалында тұрдым, спорттық төсеніштерде (мат) ұйықтайтынмын. Маған берілген екі өртсөндіргішті дайындап, сақадай сай тұратын едім. Міндетім – отқа орана бастаған ұшақты дер кезінде өшіру. Осы күймен бір жыл өмір сүрдім.

Николай Павлович Ворошиловқа мән-жайды түсіндіріп, хат жазуға көмектесті. Көктемде Ворошиловтен жауап келді: келесі жолы комиссия тексеруінде мені қабылдайтын болды. Көктемде комиссия келді, мен тағы да сынақ тапсырдым. Теориялық білімнен үшке тапсырған ем, практикалық сынақта бөлім капитаны Топтыгинмен бірге өттім. Ол менің ұшақты қалай басқаратынымды көріп, қорытынды бағаны «4» деп қойып берді. Мамыр айында Орынборға бардым, ол кезде Чкалов деп аталатын. Училищеге келгеніміз сол еді, карантин деді. Кейін бір ай жас әскер курсына барып дайындалдық. Маусым айында ант қабылдадық. Ал үш күннен кейін соғыс басталды...

Жалғасы бар...

Г. Берік