- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Соғыстан кейінгі бес-алты...
Соғыстан кейінгі бес-алты жылда түсіме үнемі соғыс кіріп жүрді
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев. Кітаптан үзінді ұсынамыз.
– Қандай заттарды алып кететін едіңіздер?
– Негізінен сағаттарды алатынбыз. Пилотканы қойып, айғайға басасың: "Урван – сағат бар ма?" деп. Бәрі әкеліп, пилоткаға салады. Сосын ішіндегі ең жақсысын таңдап алып, қалғанын лақтырып тастайсың. Сағат тез таралды. "Қарамай сермейміз" деген ойын ойнайтынбыз: біреуі сағатты алақанына салып, қысып тұрады, екіншісі де тағы бір затты не сағатты қолымен қысады, сосын екеуі айырбастайды.
– Немістерге деген көзқарас қандай болды?
– Қарсылас ретінде қарадық. Жеке бастарын жек көрушілік сезімі болған жоқ.
– Тұтқынға түскендерді атып тастаушы ма еді?
– Болған... Өз басым екеуін өлтірдім. Түнде бір ауылды басып алдық, ауылды босатқанша арамыздан төрт адам шейіт болды. Бір аулаға кірдім. Немістер қашып кетпек болып, ат жегіп жатыр екен. Мен соларды аттым. Кейін сол ат арбаға мініп, өзіміз әрі қарай жол жүрдік. Біз оларды қуып жетумен болдық, олар болса, тоқтамастан қаша берді.
– Финдіктермен соғысу қиын болды ма?
– Өте қиын болды. Немістер финдіктерге жете алмады! Финдіктердің бәрінің бойы екі метр, денелері ірі болды. Олар сөйлеспейді, бәрін үндемей жасайды. Оның үстіне жауыз еді. Сол сәтте біз осылай ойладық.
– Мадьярлар ше?
– Қорқақ халық. Оны тұтқынға түсірсең болды: "Гитлер, құрыдық!" деп айғай салады.
– Жергілікті тұрғындармен қандай қарым-қатынаста болдыңыздар?
– Өте жақсы. Егер жергілікті халыққа немістер біздікілерге жасаған қарым-қатынаспен қарайтын болсақ, Әскери сот жазаға тартатынын ескерткен. Бір рет сотталып кете жаздадым. Ауылға келіп тоқтадық. Барлаушы взводы өз қазанымен тамақтанды. Біз өз асымызды өзіміз дайындап жедік. Таңертең тұрғанда жүгіріп келе жатқан шағын, шұбар шошқаның баласын көрдік. Жігіттер оны сарайға қуып кіргізіп, ұстап алып өлтірмек болды, бірақ, қолдарынан келмеді. Шыға беріске шыққан бетім еді, Куцеконь маған: "Зекен, автомат әкел!" - деп айғай салды. Мен автоматты алдым да, оны атып тастадым. Жанында көрші бөлімнің капитаны жуынып жатыр еді. Оған назар салмадық. Ол штабқа осыны айтып қойыпты, саясат бөлімі боынша полк командирінің орынбасары мен басқа да адамдар келіп, бізді, алты адамды тұтқынға алды, шошқаны өзімізбен бірге ала кеттік. Қожайын әйел жанымызда жылап тұрды. Шошқаны аяды ма, бізді аяды ма, білмедім. Бізден жауап алып, менің атқанымды анықтады. "261-ші айыппұл ротасына барасың", - деді. Барлау полкінің бастығы, капитан Бондаренок: "Сенен қандай барлаушы шықсын?! Бұндай барлаушыны соттау керек! Неге қолға түстің?!" - деді. Маған қатты ұрысты. Бесеуін босатып жіберіп, мені жертөлеге отырғызып қойды. Осы сәтте Балатон түбіне немістер келіп, шабуылға шығу керек болды. Әрекет етіп, мәселелерді шешу керек. Қолбасшылар мені босатты. Келсем, жігіттер тамақ дайындап қойыпты, тамақты жүріп келе жатып жеуге тура келді. Жүріп келе жатып белдікті бердік.
– Соғыстан алған марапат бар ма?
– "Ерлігі үшін" медалін және І дәрежелі Отан соғысы орденін алдым.
– Майданда бит болды ма?
– Биттер бізге күн бермеді. Қыста не жазда орманда от жағып, киімдерімізді шешіп, отқа сілкілейтінбіз. Сатыр-сұтыр дыбыс шығатын.
– Ең қорқынышты эпизод қандай болған еді?
– Көп еді... Қазір есіме де түсіре алмаймын... Соғыстан кейін бес-алты жыл бойы түсіме үнемі соғыс кіретін. Соңғы он жылда бір рет болсын түсімде көрмедім, кетті...
– Сіз үшін соғыс өміріңіздегі ең маңызды оқиға ма, әлде соғыстан кейін маңызды оқиға болды ма?
– Соғыста үлкен достық болды, адамдар бір-біріне қатты сенді, бұл сенім одан кейін ешқашан болмаған, болмайтын да шығар. Сол кезде біз бір-бірімізді қатты аядық, қатты жақсы көрдік. Барлау взводындағы жігіттер сондай керемет еді. Оларды сондай сезіммен еске аламын... Бір-біріне деген сыйластық – ұлы іс. Ұлтымыз туралы айтпайтынбыз, тіпті, қай ұлттан екенімізді де сұрамадық. Сен – өз адамымызсың, болды. Қатарымызда украиналық Куцеконь, Ратушняк болды. Олар бізден екі, үш жас үлкен еді. Денелі жігіттер. Біз оларға жиі көмектестік. Мен кішкентай болғандықтан, білдірмей тікенекті сымдағы өткелді кесіп тастай алатын едім. Олар меннен мықты екендерін түсінетін, бірақ, көмек қолын созу үшін қастарынан табылуым керек. Бұл жазылмаған заң болатын, бұны бізге ешкім үйретпеді. Тапсырмадан қайтып келе жатқанда біз тамақтанып, 100 граммнан ұрттадық, кім-кімге көмектескенін, кім қалай әрекет еткенін еске түсірдік. Бұндай достық қазір еш жерде жоқ, болуы да екіталай.
– Соғысып жүргенде қандай сезімде болдыңыздар, қорқыныш па, өршелену ме?
– Шабуыл жасар алдында әлдебір қорқыныш туады. Тірі қалам ба, жоқ па деп қорқасың. Шабуыл жасаған кезде бәрін ұмытасың, жүгіресің, атасың, ештеңе ойламайсың. Тек соғысып біткеннен кейін бәрінің қалай өткенін ойлап отырғанда, бәрін қалай жасағаныңа өзің де жауап бере алмай қаласың. Осындай сезім болады.
– Адамдардан айырылғанда қандай күйде болдыңыздар?
– Свири өзенінің жағасынан өз адамдарымыздың өліп жатқанын алғаш рет көргенде, білесің бе, аяғым дірілдеп кетті. Сосын шабуылды үдеткенде екінші эшелонда болдық. Жолдан жау мәйіттерін көрдік. Оларды машина басып өткен еді – бас, кеуде, аяқтар мыжылып жатты. Бұл көрініс көңілімізді көтерді.
Ал взводтағы адамдардан айырылғанда қатты қайғырдық. Әсіресе Карелинде... Орманда келе жатыр едік... Сарбаздар минаға түсіп, оқтың астында қалды. Ағаш түбінен шұңқыр қазамыз. Жарты метрден кейін су шығады. Мәйітті плащ-шатырға орап, шұңқырға, суға салдық. Топырақ салып, кетіп қалатынбыз, ол туралы ешқандай естелік болмайтын. Қанша адамды солай қалдырдық... Ешкім үндемейді, ешкім сөйлемейді, әркім өзінше қайғырады. Бұл өте ауыр еді. Бірте-бірте адамдарды жоғалтқанда осынша қайғырмауға көндіктік, бәрібір де біреу қаза тапқанда бізге оңай болмайтын.
– Темекі шектіңіз бе?
– 42 жыл шегіп келдім, ал ішімдікті аз ішетінмін. Панасыз өстім, тәтті жегем жоқ, майданда бір досым арақты ұнатып ішетін. Мен оған арақ берем, ол маған қант береді, осылай ауыстыратынбыз.
– Наным-сенім болды ма?
– Иә. Құдайға сендік. Жанымызбен.
– Тапсырмаға шығудан бас тартуға болатын ба еді?
– Жоқ. Бұл Отанды сатып кету болып есептелді. Бұны айтпақ түгілі, ойлауға да болмайтын.
– Демалыс сәттерінде немен айналыстыңыздар?
– Бізде демалыс болған жоқ.
Жалғасы бар
Р. Роза