9 мамыр. Елім деп өткен есіл ерлер

9 мамыр. Елім деп өткен есіл ерлер
Фото: www.ostrovlubvi.com

Құрметті де, ардақты Ұлы Отан соғысының ардагерлері!

Қазіргі жас ұрпақтардың атынан сіздерге хат жазып отырмын. Біз қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз, осының бәрі сіздердің арқаларыңызда! Бүгінгі тыныш заманда өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақтардың атынан сіздерге алғысымды білдіремін. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында осындай тәуелсіз, тыныш елде өмір сүріп жатырмыз.

Бомба... Жарылыс... Атыс... Қан... Көз жасы... Өлім... Жауыздық... Қорқыныш... Осы сөздерді айтқанда денең түршігеді. Себебі бұлар соғыс көріністері. Соғыстың адамзат баласына әкелген қайғы-қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін соғысқа қатысқан әр адам – батыр, өйткені олар өлімнен қорыққан жоқ.

Жылдар бойы ардақты ата-аналарыңызды, сүйген жарларыңызды, дүниеге жаңа ғана келген ұрпақтарыңызды қалдырып, қан майданға, яғни, сұрапыл соғысқа аттандыңыздар. Қара түнекпен өткен бірнеше жылдың ішінде миллиондаған адамның жүрегінде қорқыныш, үрей сезімі пайда болды. Соғыс әр отбасының басына қайғы-қасірет алып келді. Тіпті, кішкентай кінәсіз бүлдіршіндердің де өміріне зауалын тигізбей қойған жоқ. Қаншама ата-ана балаларынан, қыз-келіншектер сүйгендерінен айрылса, сәбилер жетімдіктің дәмін ерте кезінен-ақ татты. Бұл ащы болса да шындық. Бейбіт өмір кешіп келе жатқан халықтың бір-ақ күнде ойраны шықты. Қаншама аға-апаларымыз бейбіт болашақты орнату үшін тәуекелге бел буып, соғыс алаңына шықта. Олар туған жері, елі, келешек ұрпағы үшін өз өмірлерін қиюға да барды. Майдан кешіп, қайсарлықтарымен, жігерліктерімен жауға қарсы шапты, кеудесін оққа төсеп, жеңіске ұмтыла берді.

Өмір үшін күрес жолында ешбір қиындықтан тайсалмастан жауға қарсы шығып, «Елім», «Жерім», «Отаным» деген ұрандарды жүректе мәңгі сақтап, еліңіздің патриоты екендеріңізді дәлелдеңіздер. Сіздерді әрбір ата–ана ақ батасын беріп, ел сенімін ақтайды деп, ел қорғауға аттандырды емес пе? Сіздер сол сенімді ақтап, ел намысын қорғай білдіңіздер, ардақты ардагерлер! Иә, көп жылдар бойы аңсаған армандар ақиқатқа айналды. Жеңіс туы желбіреп, барша жұрт бейбіт өмірге қадам басты. «Жеңіс» барша адамның жүрегінде жылы сезім, болашаққа деген сенім ұялатты. Соғыссыз күн кешіп келе жатқанымызға биыл 70 жыл толды. Өкінішке орай, көп адамдар кемтар болып, көптеген балалар туғанынан жетімдіктің ащы дәмін татты. Құдайға шүкір, біз еліміздің жас ұландары соғыс зардабын тартқан жоқпыз. Бұның бәрі батыр да, батыл аға-апаларымыздың еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерінің, көрсеткен қаһармандықтарының арқасы. Біз бейбіт өмірдің куәгерлері болғанымызға өте қатты қуанамыз. Елімізді көркейтуге, әрі қарай дамытуға уәде береміз. Мен енді ешқашан соғыс болмауын қалаймын. 

Сіздерге бейбіт өмір үшін перзенттік жүрегіммен мың да бір алғыс айтып, басымды иемін. Сіздер тіккен жеңіс туын желбіретіп Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Еліміз әлемнің мақтанышына айналды. Нұрсұлтан атамыз басқарған қазақ елі аты аңызға айналған «Мәңгілік ел» болмақшы.

Елбасымыз «Біз жеңімпаздар ұрпағымен мақтанамыз. Бүгінгі Отан қорғаушылары, біздер үшін олардың соғыс жылдарында көрсеткен жан қиярлық ерлігі – Отанға қызмет ету ісінде мәңгілік өнеге» деп айтып кеткеніндей, сіздердің ерліктеріңіз жүрегімізге алтын әріптермен жазылып, біз үшін үлгі-өнеге болып қала береді. Біз, сіздердің, яғни, жігер оты бойда лаулаған хас батырлардың ұрпағы болғандықтан, еліміздің көркейіп, өрлеуіне барымызды саламыз. Сіздердің Отанға деген шексіз сүйіспеншілік және ер намысы мен ел намысы үшін жасаған істеріңіз өшпес ерлік, өлмес мұра болып қала бермек.

Қожахметов Нұрбол
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Новобаженова ауылы
А.Ибраев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 7«А» сынып оқушысы

Ж. Исакаев