- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Бауыржан...
9 мамыр. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған көркем туындылар
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қаһармандық ерлігі туралы жазылған көркем туындылар аз емес. Бүгін оқырмандарымызды даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, қарымды қаламгер туралы жазылған шығармалармен таныстыра кетуді жөн санап отырмыз.
Әзілхан Нұршайықов. «Ақиқат пен аңыз»
Бауыржан Момышұлына арналған қаһармандық рухтағы танымал шығарманың бірі – «Ақиқат пен аңыз». Авторы – Әзілхан Нұршайықов. Романның жазылу стилі де ерекше. Бүкіл оқиға автор мен кейіпкердің диалогы арқылы өрбиді. Шығармада Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы қанық байқалады. Батырдың жастық шағынан бері, Кеңес Армиясының үздік мектебінде шыңдалу кезін, Ұлы Отан соғысының отты жылдарындағы бастан кешкендерін, одан кейінгі уақыттағы ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында толық әрі қызықты баяндайды. Роман-диалог 1978, 1980, 2009 жылдары жеке кітап болып жарыққа шықты. «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы украин ("Дніпро", 1984) және чех (1985) тілдеріне де аударылып жарияланған. 1980 жылы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы үшін Әзілхан Нұршайықовқа Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Александр Бек. «Арпалыс»
Орыс жазушысы Александр Бектің таңдаулы шығармаларының бірі – «Арпалыс» деп аталады («Волоколамск тас жолы»). Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңін, 1941 жылғы Мәскеуді қорғаушылардың қаһармандық ерлігін шынайы баяндайды. Шығарманың басты кейіпкері - қазақ халқының даңқты ұлы, сол кездегі батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы. Оның ұлттық мінезі мен қаһармандық іс-әрекеті шығармада терең ашылып, көркем шешімін тапқан. Шығарма қазақ тіліне «Арпалыс» деген атпен басылып шықты (1948, 1959, 1977; Қ.Сағындықов). Ағылшын, француз, неміс, араб, италян, испан, еврей, грек, португал, финн (суоми) тілдеріне аударылып, әлемнің түпкір-түпкіріне кең танылған. Шығармада қорқақтық та, достық та, зұлымдық та, ерлік те, шарасыздық та, үміт те, күдік те кездеседі. Ұлтын сүйген батыр ұлдың өр мінезі де айқын суреттелген. Александр Бек Бауыржан Момышұлымен қалай танысқаны туралы «Тегі жоқ адам» («Человек, у которого нет фамилий») атты кітаптың бірінші бөлімінде жазған.
I бөлімде: «Танысқан кезінде ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қайта сұрадым.
– Бауыржан Момышұлы – деді ол тәптіштеп. Кәдімгі тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып:
– Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп сұрадым.
– Менің фамилиям жоқ, – деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол:
– Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсіндің бе?-деді.
Оның үнінде астарлы бір зіл бардай, кейістіктің лебі жатқандай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым».
Орыс жазушысы да батыр Бауыржан айтқан ойды түсінсе керек-ті. Соңғы сөйлемінен байқағанымыздай, батыр айтар ойды жазушының өзі де ашық жеткізбей, құпия түрде астарлап жазып қалдырған...
Бақытжан Момышұлы. «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка»
Көсемсөзші, прозашы әрі аудармашы Бақытжан Момышұлының кітаптарындағы бүгінгі күн тақырыбының көрінуі халық тарихымен өзектес. Аңызға айналған әкесі Бауыржан Момышұлы жайында «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» тәрізді циклді шығармалары әртүрлі жанрда жазылған.
Бақытжан Момышұлының «Восхождение к отцу» кітабы Бауыржан Момышұлы дүниеден озғаннан кейін 4 жылдан кейін жарыққа шықты. 100 000 данамен бүкіл одақ көлеміне таралды. Ал шықпай тұрып, түрлі талдаудан өткен. Бұл туралы батырдың келіні Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында айта кеткен.
- Бәкең (Бақытжан Момышұлы) кітабын жазып болып «Жалын» баспасына тапсырды. Алдымен жоспарға ілігуін күттік. Одан цензурадан өтті. Одан кейін КСРО Жазушылар одағының мүшелері Дмитрий Феодорович Снегин, Вениамин Ларин, Виталий Старков деген орыс жазушыларының жабық рецензияларынан өткенін естідік. Баспа олардың жазған пікірлерін бізге беріп үлгермей жатып, үйге Митя ағай Снегин звондап, Бәкеңмен сөйлесіп:
- Бахыт, мен саған ренжідім. Бауыржан туралы қолжазбаны баспадан емес, алдымен сенен алуым керек еді. Осыған ренжідім. Екіншіден, қуандым. Әке туралы осылай жазу керек, балам, - дегенде Бәкең жылап жіберді. Егер ол кісінің айтқанын аудармасыз сөзбе-сөз айтсам: «Молодец, сынок! Про отцов так и надо писать». Бұл әкесінің қандыкөйлек қаруласы, сенімді досы тарапынан Бәкеңе берілген үлкен баға еді.
Баспа үш рецезенттің ішінен М.Снегиннің жазғанын кітапқа алғысөз ретінде беріпті. Соның кейбір үзінділерін келтірейін: «Сыну труднее, чем отцу». И замолчал. Промолчал и я. Было ясно без дальных слов, он имел в виду себя и своего сына Бахыта. Что-то произошло между ними ни вчера, беспокоила долго, прежде чем исторглось горьким признанием – сыну трудне...», «...У меня на столе лежит книга (рукопись) Бахыта Момыш-улы, сына Баурджана, пронзительно и точно названная им «Восхождение к отцу». В ней я нашел ответы на многие тревожившие меня вопросы. Надеюсь, найдет и читатель. Особенно молодой читатель».
Ал бұл кітап жарыққа шыққаннан кейін оқырмандар тарапынан жылы қабылданып, жоғары бағаланды. Бірақ жақсы лебіздерді естісе де, Бақытжанның әкесі туралы жазған алғашқы кітабына көңілі толмады.
- Бұл әлі әке биігіне көтерілу емес, оны түсінуге деген бірінші баспалдақ қана. Әсілі, жақын адам туралы жазу қиын, оның ішінде папам секілді биік тұлғаны көрсетуге, басқа қырынан келуге маған ерте екен. Бұған үлкен рухани дайындық керек. Әкем – күрделі образ. Оның өмір сатылары мен қалдырған мұрасы – сарқылмас қазына. Талайлар папамды өте қатал, сұсты, бірбеткей, алдына келген кісіге дөрекі мінезді етіп көрсетеді. Бұл менің жолым емес, өз соқпағымды салу керек, - деді.
Уақыт өте келе Бақытжан әкесінің мұрағатын ақтарып, оның рухани әлемін – жан, тән, мәңгілік рух, кие жайлы терең философиялық ойларын тіршілік, табиғат, бақи мен пәни туралы көзқарас-пікірлерін зерделеп-зерттеді. Көзімен көріп, құлағымен естігендерінің қат-қабат астарына үңілді, жүрек сүзгісінен өткізді. Ұзақ еңбектенудің нәтижесінде бірінің артынан бірі - «Во имя отца», «Сыновья великого волка» деп аталатын екі шығарма дүниеге келді. Бұл екі кітаптың алғашқы екі кітаптан айырмашылығы – достары, сыйлас, қарым-қатынаста болған қатарластары, өкшебасарлары арқылы батыр Бауыржанның образы толығып, ашыла түседі. Бұл кітаптарды оқыған адам басқа жерде кездесе бермейтін, өзге айта алмайтын талай құнды деректерді табады.
Зейнеп Ахметова. «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты»
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жазған «Шуақты күндер» кітабы Кеңес дәуірінде жазылып, екі рет қазақша, бір рет орысша жарыққа шықты. Соңғы рет 2008 жылы «Алматыкітап» баспасынан қайта басылды. Бұл туралы автордың өзі: «бүгінгі күннің қалыбына сыйғызбаққа ұмтылмадым, бұрмалап өзгертпедім» - деген болатын. Ал «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында «Шуақты күндер» кітабы туралы:
- «Шуақты күндер» – менің күнделігімнен туындаған дүние. Ол «Келін күнделігі» деген айдармен газеттің төрт санында жарияланды. Әрине, Момышұлының шаңырағына жетерлік қиыншылықтары мен қайшылықтары толып жатыр. «Атаның баласымын» деп өзгелер иемденіп жүргенде, бел баласы Бақытжан көлеңкеде қалды. Ол көбіне нағашыларының қолында өсті. Баукеңнің баласы, келіні бар екенін елдің бірі білсе, бірі білмейтін. Күнделік жарияланғаннан кейін редакция хаттың астында қалды. Ол хаттардан газетке үзінділер де берілді. Жұртшылық атаны батыр, жазушы ретінде білгенімен, әке, қайыната, қарапайым қария ретінде көп біле бермейтін. Ел жадында ата алдына келгенді айқайлап қуып шығатын (газет-журналдардан оқығандары) адам ретінде қабылдап, қалыптасып қалған. Атамен тұрған алты жыл – мен үшін үлкен мектеп. «Шуақты күндерді» қайынатаның мектебінен өткен келіннің тәжірибесі деуге болады, - деп сипаттаған еді.
«Бабалар аманаты» - күнделік негізінде жазылған «Шуақты күндер» кітабының жалғасы. Кітапта әке, ата, қайын ата – батыр Бауыржан Момышұлының үлкен өмірінің отбасы, ыстық ұядағы тыныс-тіршілігі, қадір-қасиеті сөз болып, оның күрделі бейнесінің тағы бір жаңа қырлары көрініп, қайталанбас тұлғасы толыса түскен.
«Бабалар аманаты» кітабының сөз басында Зейнеп Ахметова кітап туралы ойын білдірген. Сонымен қатар, «Шуақты күндер» мен «Бабалар аманаты» кітаптарының өзгешіліктерін де тілге тиек еткен.
- «Бабалар аманатының» «Шуақты күндерден» үлкен бір өзгешелігі – алғашқы кітап шыққанда мен жап-жас келіншек болатынмын. Көргенімді, естігенімді жасыма, заманыма қарай пайымдап жазғанмын. Ал кейінгі кітапты ақ самайлы әже болғанда, тіршіліктің біраз белестерінен өтіп, өмірдің ащы-тұщы дәмін татып тәжірибе жинағанда, әр нәрсеге тереңірек үңіліп ой саралайтын шамаға жеткенде жазып отырмын. Тағы бір баса айтатын айырмашылық - «Шуақты күндерде» әңгіме тек қана атамен байланысты өрбісе, енді атамен қарым-қатынаста болған адамдар жайлы да сөз болады. Сонымен бірге менің туып-өскен отбасымнан да деректер айтылады.
Кітапта халқымыздың үлгі-өнеге, дәстүр-салты да молынан қамтылған. Әсіресе, өсер ұрпаққа берері көп шығарма.
Мекемтас Мырзахметов. «Бауыржан батыр»
Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерекесіне орай басылып шыққан «Бауыржан батыр» кітабын Мекемтас Мырзахметов құрастырған. Жинаққа халық батырының мұрағатында сақталып қалған, бұрын-соңды жарық көрмеген әртүрлі жанрдағы туындылары топтастырылған. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған естеліктер енген.
Жинақтың алғашқы бөлімі «Әңгіме, хат, өлең, мақал-мәтелдер» деп аталып, мұнда Бауыржан Момышұлының кітап шыққанға дейін жарияланбаған жастық шақтағы және қанды қырғын ішінде жүріп жазған өлең-толғаулары молынан қамтылған. Кітаптің екінші бөлімі - «Естеліктер» деп аталған. Мұнда батырдың қан майдан мен соғыстан кейінгі шығармашылық өмір жолы әр қырынан алынып, тұңғыш рет өз алдына жеке топтастырылып отырған естеліктер арқылы жан-жақты суреттеліп деректі мағлұматтар негізінде берілген.
Ерлігі аңызға айналып тараған қазақ елінің біртуар тұлғасы Бауыржан Момышұлының қайталанбас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде сан тарапты пікірлер айтылып, толассыз жазылып келе жатқан мақала, зерттеу кітаптар қаншама! Бірақ, қаншама рет жазылса да өз оқырманын жоғалтқан емес. Осы тұста жазушы Шерхан Мұртазаның мына бір сөздерін айта кеткен жөн шығар.
- Бауыржан Момышұлы туралы айтушылар көп. Жазып жүргендері де жетеді. Бірақ көбінесе көңілге қона қоймайды. Көбік. Қоспа. Осылар әйтеуір өз атын шығарып қалуға әуес пе, білмеймін. Тіпті, «жанына ілесіп жүріп едік», «қолына су құйып едік» деп кісімсіп жүргендері қаншама?! Батыр туралы жазу үшін батыр мінез керек. Бітімнің туыстығы керек. Олай емес екен, біртуар қаһарманды аласартып аласың. Жөнсіз лепірме, беталды лағыма. Түйсікпен қара. Түсініп сөйле. Тектінің тереңіне батып, шық...» («Ақ жол» газеті. 29.09.2010 жыл).
2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, туған жерінде аталып өтті. Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді.
2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың «Көгілдір» залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценарийін жазған - Елшат Ескендір.
Фильм Бауыржан Момышұлының 1941 жылы 22 желтоқсанда Мәскеу түбінде фашист басқыншыларына мықты тойтарыс берген Панфилов дивизиясының ерліктер туралы баяндайтын кітаптары мен материалдары негізінде түсірілген.
Иә, халқының біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы жазылған көркем туындылар жетерлік. Жас ұрпақ ертеректе жазылған, жаңадан жарыққа шыққан тың туындылар арқылы батыр бейнесін танып келеді. Жазушы Тахауи Ахтанов айтпақшы, «Қалай дегенде де Бауыржан Момышұлының ел ұғымында толымды, жинақы, тұтас бейнесі қалыптасқан. Бұл – соғыс қаһарманы ғана емес, сонымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі».
Мақалаға Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты», Мекемтас Мырзахметовтың «Бауыржан батыр» кітаптарынан және ғаламтордан ақпараттар алынды
О. Сансызбай