9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий

9 мамыр. Жеңіс күніне арналған сценарий

Тәрбие сағатының мақсаты: Ұлы Отан соғысы, оның халыққа тигізген зардаптары, жауынгерлер жайлы, Ұлы жеңістің мән-маңызы туралы мағлұмат беру; Оқушылардың тіл байлықтарын, ойлау, сурет салу қабілеттерін, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру; Отан үшін жанын қиған батырлардың ерліктеріне тағзым ете отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу; патриотизмге, елжандылыққа, батылдыққа баулу.

Көрнекіліктер: интерактивті тақтада дайындалған соғыс болған елдердің картасы, нақыл сөздер, батырлардың суреттері, бүктемелер, оқушылар салған суреттер, эсселер, өлеңдер, т.б.

Алдын ала оқушыларға топтық жұмыстар беріледі:

1-топ: Ұлы Отан соғысы, 2-топ: Қазақстаннан шыққан Ұлы Отан соғысының батырлары, 3-топ: Жергілікті жердегі соғысқа қатысушылар, 4-топ: Жеңіс күні туралы ақпарат жинайды.

Әр оқушы өз қабілетіне қарай тақырыпқа байланысты суреттер салып, эссе, өлеңдер жазады.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

Мұғалім: Қымбатты ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Биыл Ұлы Отан соғысының біз үшін жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толып отыр. Осы Ұлы мерекенің құрметіне арналған сабағымызды бастауға рұқсат етіңіздер. Барлық оқушылар осы сабаққа тыңғылықты дайындалды, қазір өз өнерлерін сіздерге паш етуге дайын.

Жүргізуші: Тұтқиылдан басталған соғыс Еуропа елдерінің барлығын дерлік шарпыды. Неміс басқыншылары жол-жөнекей кездескен елдердің бәрін қырып-жойып, өртеп, баса-көктеп келе жатты. (Интерактивті тақтадан басып алынған елдердің картасы көрсетіліп жатады). Бүкіл КСРО-ның құрамындағы елдердің халқы бірлесе күресуге жұмылдырылды. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллионнан астам адам аттанды. Біздің көптеген аталарымыз бен апаларымыз қан майданда ерлікпен қаза тапты. Аман-есен елімізге оралғандары да қаншама.

1-оқушы:

Тиді жау Отанға гүл жайнаған, 
Жан болмас аттанбаған. 
Жалындай лаулай, қаптаймыз қалмай, 
Жүрекпен тайсалмаған.  (Ә.Тәжібаев)

2-оқушы:

Жасы жеткендердің бәрі өздері сұранып, елді жаудан қорғауға майданға аттанып жатты.

Әлі есімде, біледі жұрт, біледі, 
Ел басына қатер төнген жыл еді. 
Қимастарын қан майданға ұзатып, 
Қарс айырылған аналардың жүрегі. (А.Шамкенов)

Ата-аналарға арналған сынақ: ата-аналар отан, ел жайлы өздері білетін мақал-мәтелдерді айтып, мағыналарын түсіндіреді.

3-оқушы:

Жауынгерлерге алыста қалған ата-анасы, ағайын-туыстары, сүйген жарынан келген хаттар рухани жағынан демеп, үлкен күш-қуат беріп отырды.

Кестелі ақ жібек орамал 
Алыстан жолдаған сүйген жар 
"Жауынгер жарым сен, есіңе ал" 
Деп жазған оюлап хаты бар. (А.Лекеров)

Хор: Кестелі орамал 
сөзі: А.Лекеров 
әні: М.Төлебаев 

Кестелі ақ жібек орамал 
Алыстан жолдаған сүйген жар 
"Жауынгер жарым сен, есіңе ал" 
Деп жазған оюлап хаты бар. 

Қайырмасы: 
"Жауынгер жарым сен, есіңе ал" 
Деп жазған оюлап хаты бар. 

Есіңе ал еркетай, жазғы таң 
Қол қысып құшақтап аттанған 
Қас дұшпан мейрімсіз жауыздан 
Аяма деп едің қасық қан. 

Қайырмасы: 
Қас дұшпан мейрімсіз жауыздан 
Аяма деп едің қасық қан. 

Жүргізуші:

Қан майданда күресіп жатқан әрбір жауынгерді қаһарман, нағыз ер деп айта аламыз. Өйткені олардың әрқайсысы қасық қаны қалғанша шайқасты.

Интерактивті тақтадан ерлік, батырлық жайлы мақал-мәтелдер мен Ұлы Отан соғысының батырларының суреттері көрсетіледі.

4-оқушы:

Жатқанда отан жері отқа жанып,
Тұрғанда туысқандар жауда қалып,
Жеңбесек, жойқын қайрат шығармасақ,
Жігіттің неге жүрміз атын алып? (Ж.Молдағалиев)

Оқушылар өздері салған суреттерді көрсетіп, жазған өлеңдері мен эсселерін оқиды.

5-оқушы:

Мәлік, Қасым, Бауыржан
Жеңіспен елге қайтқан күн.
Айрылған әке, бауырдан
Туысқа көңіл айтқан күн.

Бұл соғыстан қазақтар
Ерекше ер боп келген күн.
Тарихқа талай ғажаптар
Аңыз болып енген күн.

Ұшқыш Хиуаз, Талғаттар
Ұшақтардан шыққан күн.
Түбінде әлем ардақтар
Қазақты көп ел ұққан күн.

Жігітше екі қызымыз
Батыр боп атақ алған күн.
Азаткерлік ізіміз
Еуропада да қалған күн. (О.Асқар)

6-оқушы:

Көп ұзамай өкінішке орай, соғысқа кеткендерден сағынышқа толы хат емес, қаралы қайғыны хабарлайтын «қара қағаз» келе бастады.

Қара қағаз алған ана да
Келер деп ұлын күткен күн.
Атанған жетім бала да
Батысқа көзін тіккен күн. (О.Асқар)

7-оқушы:

Соғыс жұлып кетті үйінің тірегін, 
Соғыс бұзды қуанышын, реңін. 
Тұрды ана күйеуінен айырылып, 
Тұрды құшып тек қана оның күрегін. (А.Шамкенов)

Әншілер тобы: Соғыстан қайтқан солдаттар.

сөзі: С. Мәуленов 
әні: Ә.Еспаев 

Жаутаңдап қарап дала тұр, 
Көз жасын сүртіп жаңа бір. 
Хабарсыз ұлын сұрауға, 
Жолыңды тосып ана жүр. 
Қанша үйдің ұрлап адамын, 
Қанша үйде сөніп қалды оттар. 
Көрдің бе ұлын ананың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар? 

Кешікпей жарым келер деп, 
Төрінен сайлап орынды. 
Батысқа қарап елеңдеп, 
Ару жүр тосып жолыңды. 
Көтерді бәрін ауырдың, 
Азамат болып арды ақтар. 
Көрдің бе жарын арудың, 
Соғыстан қайтқан солдаттар? 

Кетерде солдат жарының, 
Ішінде қалған ана жыл. 
«Көкемді айтпай танырмын», – 
Деп бір сәби бала жүр. 
Қайрылмай қалай кетесің, 
Хабарсыз қалай ол тоқтар? 
Көрдің бе оның көкесін, 
Соғыстан қайтқан солдаттар?  

Жүргізуші:

1418 азапты күн мен түнге созылған соғыс біз үшін Ұлы Жеңіспен аяқталды.

«Жеңіс күні» (Давид Тухманов пен Владимир Харитонов) әні тыңдалады. Интерактивті тақтадан Рейхстагқа ту тігіліп жатқан сәтті бейнелейтін мектептің мұражайынан алынған деректі фильм көрсетіледі.

8-оқушы:

Фашистің күнін батырған
Сұрапыл соғыс біткен күн.
Рейхстагқа Рахымжан
Жеңістің туын тіккен күн.

Дүниежүзілік соғысты
Бейбітшілік жеңген күн.
Ондай соғыс жер үсті
Болмасына енді сенген күн.

Көрінбейді медальдан
Батырлардың кеудесі.
Жолықсын тек енді алдан
Соғыстың тарих көрмесі. (О.Асқар)

Жүргізуші:

Соғыс аяқталып, жеңіске аман-есен жеткен солдаттар ауылға орала бастады. Ал келмей, ерлікпен қаза тапқандарға үкімет тарапынан да, туған-туыстары да іздеу жариялап, іздестіре бастады.

9-оқушы:

Батырларға әр қалада
Ескерткіштер орнады.
Орындалды ел жаңара
Ардагерлер арманы. (О.Асқар)

Жүргізуші:

Содан бері міне, 70 жыл өтіпті. Бұл бір кісінің ғұмыры. Өкінішке орай, біздің елімізді қорғаған ардагерлер саны күн санап азайып бара жатыр. Мәңгі алаудың жанына жиналатын ардагерлер жылдан-жылға азайып келе жатқандарына мұңаяды.

10-оқушы:

Соққанда жылына бір Жеңіс күні 
Жаныңың жазылғандай кеңістігі,
Қарт солдат өз полкінің туын ұстап,
Білдірмей жалғыз аяқ кемістігін.
Алаңға шығушы еді таңғы шақта,
Полктас бауырларын сан құшақтап.
Сүйісіп, амандасып болғаннан соң,
Қасқайып тұрушы еді алғы сапта.
Соңынан тізілетін жауынгерлер,
Отанның әр тұсынан келген ерлер,
Жарқырап өңірінде ордендері,
Бір кезде алып берген елге бедел.
Бір кезде алып берген елге Жеңіс,
Сабаздар бірте-бірте келмей тегіс,
Жыл санап сирек тартып бара жатты,
Сарқылып сабасынан бейне теңіз. (Ғ.Қайырбеков)

Қырық жыл, қырық қатар жиналысқан
Сағынып, бір-біріне түу алыстан.
Туған жер аспанында айқұш-ұйқыш
Жол қалып, қарт бүркіттер зулап ұшқан.
Кездесіп тоғызыншы май мейрамында,
Алысқан ғарасаттың майданында.
Еске алып, ескі жорық асуларын,
Қанатын қараушы еді жайған туға.
Ал бүгін... Өзге полк солдаттары
Қатарға тұрып жатыр аңдап бәрі...
Олар да түгел емес, сиреп кеткен
Кешегі бір-бір үйдің шаңырақтары.
Жалғыз тұр жалғыз аяқ мына солдат,
Төмендеп, көтерілмей туы аспандап,
Жалғыз тұр...
Әлі келген бір адам жоқ,
Жаңғырып дуылдайды тулап жан-жақ.
Сағаттар зырылдайды, ағады уақыт,
Өмірдің баянсызын баяндатып,
Байлайды бір орында қарт солдатты,
Әлі де қайран үміт алаңдатып. (Ғ.Қайырбеков)

11-оқушы:

Сондықтан осындай жалғыз қалған қарттардың үйлеріне барып, әрбір мерекелерде құттықтап, олардың әңгімесін тыңдап, көңілін көтеру біздің перзенттік әрі азаматтық парызымыз. Әрі олардың басынан кешкен әңгімелерін тыңдап, жинақтап кітап етіп, келесі ұрпаққа қалдыруымыз керек.

Хор: Бейбітшілік сақталады 
әні: Әбілахат Еспаевтікі 
сөзі: Нұтфолла Шәкеновтікі 

Әлем сүйген салтымыз бар, 
Бейбітшілік – ел ұраны. 
Өмір сүйген халқымыз бар, 
Бейбіт елдің біз ұланы. 

Қайырмасы: 
Халықтар өмірді қорғайды, 
Әділет ұранын қолдайды. 
Шырқаңдар, кел достар, әр елде, 
Бейбіт күн жасасын әлемде! 

Қайырмасы. 

Қорғау үшін өмір көркін – 
Бүгіннен де ертең нұрлы. 
Болдырмаймыз соғыс өртін, 
Достар берік сапқа тұрды. 

Қайырмасы. 

Ел ұраны мәңгі анық, 
Әр жүректе жатталады. 
Қолға алса барлық халық, 
Бейбітшілік сақталады. 

Жүргізуші:

Болдырмауға соғысты
Тойлаймыз біз жеңісті.
Қалалар келіп қалпына
Құлпыра түсті жер үсті. (О.Асқар)

12-оқушы:

Біздің батыр ата-апаларымыздың дәстүрін қазіргі ұрпақ жалғастырып келеді. Олар әскердегі сарбаздардан басқа «Ұлан», «Б.Момышұлы» атындағы оқу орындарында әскери теориялық білім алып, жаттығуларда дағдыларын шыңдайды. Осындай әскерлеріміз бен жас жауынгерлеріміз барда халқымыз тыныштығына алаңдамай, бейқам ұйықтайды.

Хор: Солдаттар, қалғып кетпеңдер

әні: Өмірбек Байбілдаев 
сөзі: Ақұштап Бақтыгереева 

Көңілдей тұнық көк аспан, 
Бақыты жанған әр үйдің. 
Күлкісі балғын жарасқан, 
Ұйқысы тыныш сәбидің. 

Қайырмасы: 
Әлі де туған жер үстін, 
Кезіп жүр ағаш балдақтар. 
Әкеден қалған жеңістің, 
Сақтаңдар туын, солдаттар. 

Үн қосып жайсаң өмірге, 
Бұлбұлдар бақта ән салса да. 
Жазылмай жүрген көңілде, 
Жара бар әлі қаншама. 

Қайырмасы. 

Қыздардың үміт, тағдыры, 
Оранған гүлге көк белдер. 
Сендерге сенген барлығы, 
Солдаттар, қалғып кетпеңдер. 

Қайырмасы.  

13-оқушы:

Жасасын Жеңіс!
Бақытты елім, күле бер!
Тәуелсіз болып болашағыңда жүре бер!
Болмасын соғыс!
Болмасын соғыс!
Болмасын!
Осы тілекпен барша халайық түрегел!

Барлығы:

БОЛМАСЫН СОҒЫС, БОЛМАСЫН!!!

Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар, міне, Жеңістің 70 жылдығына арналған ашық сабағымыз аяқталды. Атсалысқандарыңыз үшін барлығыңызға, әсіресе оқушыларға көп-көп рахмет!

Әрине бұл шара тек бір сабақпен аяқталмайды. Бұл тақырыпты барлық сабақтарда, басқа да тәрбие сағаттарында жалғастыра береміз. Себебі ұрпағы үшін мерт болған халық қаһармандарын еске алу, құрмет тұту біздің парызымыз.

Ата-аналардың сөздері.

Мұғалім: Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалмайды.

Қазір боздақтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жариялаймыз. (Бәрі орындарынан 1 минутке үнсіз тұрып, еске алады).

Сурет: retrobazar.com

Ф. Абилова