- Негізгі бет
- 9 мамыр 2014
- 9 мамыр. Бауыржан...
9 мамыр. Бауыржан Момышұлына арналған өлеңдер
9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында қазақтың маңдайына біткен батыр, қаламгер, арда азамат Бауыржан Момышұлына арналған өлеңдер топтастырылды.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ
Бауыржан
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып,
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн даусын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар.
Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.
Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған ел жаратыпты оны ірірек.
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.
Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға...
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.
«Батырым - Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш,ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.
Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе – жаубүйректей етер жәукем,
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукен!
1948 жыл
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
Бауыржан Момышұлына
Аға,
Саған, білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды?
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,
Неге көңіл, білмеймін, аңтарылды?!
Ақ тұлпарым бар еді саған деген
Алып ұшпай ол неге қаңтарылды?!
Сен зәру емессің ғой құрметке,
(Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен...)
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.
Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұнкарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсам-дағы басынан томағасын.
Қылышымды суырып қынабынан,
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау...
Жетімдердің кегі мен жесірлердің
Суарып ем суалған бұлағына.
Қайрап едім зауалдың шарығына,
Қақтап едім қан майдан жалынына.
Қынабына оны да жасырдым мен,
Керек болып жүрер деп халығыма.
Қынабына сап қойдым үмітпенен,
Оның несін жасырам бүгін сенен.
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,
Назарына ешкімнің ілікпеген.
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Ешкімнің назарына ілікпеген,
Саған бір сый тартам деп үміттенем.
Жүрегімнің тапсырған аманатын
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.
Қандай сый тартсам екен, аға саған,
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!)
Ешбір сый таба алмасам, аға саған
Аппақ тонын — атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
СӘБИТ МҰҚАНОВ
*** *** ***
«Советтің саналы ер еркегі» деп,
«Жігіттің қыз қызығар көркемі» деп,
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде
Тарапты барлық елге ертегі боп.
Барсам да қай континент, қай аралға,
Заманнан аз хабары бар адамда
Білмейтін Бауыржанды жан көргем жок,
Мен бұған қуанам да, таңданам да.
Айтайын ең алдымен қуанышты:
Қазақта ұл туғанмен талай күшті,
Жер жүзін тамсандырып Бауыржандай
Есімі қайсысының хатқа түсті?
Ауылдың қалды көбі аумағында...
Бауыржан «Катюшадай» лаулады да,
Өртеді фашистерді, сондықтан да
Таниды досы түгіл жау жағы да.
Батыста, жүрген ғылым тереңінде,
Ақылын, өжеттігін, өнерін де
Жыр етіп, Бауыржанның батырлығын
Таниды, бір-ақ шындық көлемінде.
Ежелден ертегішіл Шығыс - кәрі,
Шындықтан шыға шырқап, кетеді әрі:
Көреді қаһармандай тау көтерген,
Немесе, жер тітірткен Әзірет-Әлі.
Білсе егер екенімді менің қазақ:
«Сендерде ұл бар ғой, - деп, - сондай ғажап?»
Шуласып қамағанда қалың адам,
Жарылмай қуаныштан тұрам аз-ақ!
Айтайын танданудың енді жайын:
Ұшқанын атақ-даңкы көрген сайын.
Келтірем көз алдыма Бауыржанды,
Кәдімгі жақсы адамды - қарапайым.
Білемін бұл жігітті ерте күннен:
Қаттыны нелер керім еріте білген.
Шықты бұл қылыш болып майрылмайтын,
Советтік Армияның мартенінен.
Шықты да жалаң қағып тұрды сапқа...
Отандық ұлы соғыс қызған шақта,
Ақылы, қимылымен, қайратымен,
Өзіне ие болды берген атқа.
Сол үшін Отан мен халқы сүйіп,
Атаса кететұғын денесі иіп,
Тарихқа кірді бұл да дәл Зоядай,
Немесе секілденіп - Мересьев.
Фашисті бұл батырлар қырып-жойды,
Азамат болды істері абыройлы.
Құрметпен, сондықтан да, Бауыржанға
Жатырмыз алпыс жаста жасап тойды.
Шашуым осы-ақ болды тойға дайын.
Ел сүйген ерді мен де аймалайын!
Бауыржан, ата-анаңа алғыс айтып,
Советтен сені өсірген айналайын!
ҒАЛИ ОРМАНОВ
Батырдың тұлғасы
(Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына)
Бұлың-бұлың белеңде,
Бұлдыраған көк орман
Бұлтты аспан төбеңде
Көкжиекке оралған.
Көз алдымда тұрғандай
Хош айтып, қол алғаның.
Батыр көрдім тұлғаңнан
Парлаған ел арманын.
Қысы, жазы жасарған
Қарағайдай мүсінді,
Халқың үшін жасаған,
Көрдім батыр сұсыңды.
Қолыңды алдым құрметпен
Тік қарауға бата алмай,
Жаның қиып күзеткен
Көріндің кең жапандай.
Соны талмай қорғауға
Қала бердің сен тұрып.
Мен аттандым толғауға
Кеудемді ойға толтырып.
Көкейімде сақталар,
Сәулем, сол бір тұрысың.
Ағаң айтып мақтанар
Сендей батыр інісін.
Қуат тұтып қараңды,
Қуанышпен қайтармын.
Мақтан қыл деп балаңды
Туған елге де айтармын.
ҚАЛИЖАН БЕКҚОЖИН
Томаға киген тау бүркіт
(Бауыржан Момышұлына)
Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып
Саңқылдап ұшқын мұз-қарда.
Сабалап сонда қанатын,
Қиқулайтын дауылда;
Шүйілсе бұғып қалатын
Аң да, құс та, тауың да.
Енді маңы тып-тыныш
Жоқ дауыл да, тықыр да.
Отыр тарлан сұсты құс
Топшысын бүгіп тұғырда.
Мүмкін қалған із бар ма
Құзғында қарлы қияның? –
Қарайды қыран құздарға
Қиялар тербеп қиялын...
Жалғасы бар...
Өлеңдерді топтастырған: Шерхан Талапұлы
Сурет: shbm11.narod.ru, Vk.com, massaget.kz, i-news.kz, kk.wikipedia.org
Н. Айдархан